Бүгінде еліміздің шекара шебіне жақын жатқан аймақтарына ел қондыру өзекті мәселеге айналды
Бір кездері Сарыарқаның сайын даласындағы ақселеуінің желмен желбіреген басындағы үкісінің өзі өзгеше тербеліп, сыбдыры да өзгеше үн қататындай көрінетін. Ат төбеліндей қазақтың үні құмыға шығатын сол заманда, тілі ащы бір ағамыз «Күлсең де орысша күл» дейтін. Ұлы көштің беті Арқаға ауғалы Астана кәдімгідей қазақыланды. Қостанайдан қыдырып келген туыстар қоғамдық көлікке отыра қалса жүргізуші мен кондуктордың қазақша аялдамаларды хабарлағанына разы болып, елордамыз әжептәуір қазақыланыпты, қайда барсаң да қазақша сөйлеген адамдар, біздің Қостанай әлі сол бәз баяғы қалпы, дүкені де, автобусы да, шаштаразы мен ауруханасындағылары да шүлдір-шүлдір орысша деп қынжылып жатады.
Иә, бір Қостанай емес, еліміздің созыла жатқан солтүстігі мен қарлы шыңды шығысы, Жайықтың бойындағы жайлы қоныстар да қазақылана алмай жатыр. Кезінде Столыпиннің саясатымен қарашекпендер келіп нулы да сулы жерлерді бауырларына басып, жер иесі ығысса, енді өзгелер ығыстырмай-ақ бос қалып жатыр қайран жер. Бар да суына бас қой, нуына малыңды жайып, бала-шағаңды жеткізіп, адам аяғының ізін аңсап жатқан жерлерге иелік ет. Бұл бүгінгі қазақтың келер ұрпақ алдындағы борышы. Қостанайлық Төлен Рамазанұлы атты азамат әлеуметтік желіде былай деп үн қатыпты.
«Ата-бабадан мұра болған жерге ие болу үшін әр қазақ бір бірін бауырындай көруі тиіс... Ауылға оралғанда түйгенім, «Жерді бөтенге бермейміз!» дейміз. Бөтенге (шетелдіктерге) бермес үшін қандай айла жасау керек? Тек айғайға басу жерді аман алып қалудың амалы емес екен. Еліміздің шұрайлы, құнарлы аумақтарына ауылда тұрғысы келетін қалалық бауырларымызды тартып, шетелден оралған қандастарымызды қоныстандыру үшін қарекет ету қажет. Олардың жалтақтамай, бірден өз қолдары өз ауыздарына тезірек жетуі үшін «асар салтымен» техника және агрегаттар алуына көмектесуіміз керек. Тіпті үйлер салып, сол жерде кәсіп игеріп кетуіне жағдай туғызсақ. Келген бауырларымыз ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында әрқайсысы жүздеген гектар шабындық, жайылым, егістік жер сұрасын. Жергілікті әкімдіктер жер берсін. Бүгінде ауыл қазағы қалалықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ал қала қазағы болса ауыл қазағының қорғаушысы, қамқоршысы болуы тиіс. Қазақ «Көп түкірсе – көл» дегенді бекерден емес, сол көптің шарапатының арқасында қомақты қаражат жиналғанын көргеннен кейін айтқан. Бірақ қаражат жинаудың нақты шарты болуы тиіс. Жиналған ақша әр тиынына дейін қайдан түсті, кім аударды, қанша қосты, жиналған ақшаға не алынғаны, қайда жұмсалғаны ашық, көріп отыратын жағдайда жүруі тиіс. Сонда ауылға көшіп келген азаматтар отын-суы үшін, малының жем-шөбі үшін алаңдамай ертеңгі күніне сенімді болар еді. Ауылға қоныстанушылардың қолдаушылары мен қорғаушылары, тірегі қалалықтар болар еді. Қазақ бұндайда «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» демейтін бе еді? Ауылдағы ағайынның баласы оқуға түссе, олардың жүріп-тұруы қаладағы ағайын-бауырлардың қарауында болмас па еді? Бұны мен туыстық деңгейде емес, ұлттық деңгейде айтып отырмын. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ғой. Өзгесі бос сөз, жай популизм болып қалады екен», деп қала қазақтарының елдің ертеңіне үлес қосуын, іргемізді бекітіп, шекара шебін нықтаудың маңыздылығын айтады.
Шекараға жақын жерлерге ел қондыру, тусырап жатқан құйқалы өңірдің байлығын халықтың кәдесіне жарату экономикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік әрі саяси мәні бар, елдің қауіпсіздігіне әсер ететін ауқымды мәселе. Бүгінде еш жасыратыны жоқ, бала санының азаюына байланысты мектептердің жабылуы жиіледі. Онсыз да ол аймақтарда қазақ мектептері жоқтың қасы, ал бар дегендері бала кемдігінен жабылуда. Бұл болашақта шекаралық аймақтардағы ана тіліміздің онсыз да мүшкіл халін одан сайын қиындата түседі.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»