• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қазан, 2017

Қазақтандағы қайта өңдеудің жайы

929 рет
көрсетілді

Мінсіз тазалық үнемі жинап-те­ріп жүретін жерде емес, адам­дарының жауапкершілігі мол қоғамда болады дейтін та­ғылымды тәмсіл бар. 

Бұл қа­ғиданы, әсіресе қала тұр­ғын­дары қаперінде ұстаса жөн бо­л­ар. Аулаға яки, көшеге шыға қал­саңыз, қоқыс қорабының қа­сында шашылып жатқан заттар көп. Бұл – жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығы не­месе салақтықтың салдарынан орын алып жатқан әдепсіз әре­кет. Иә, сіз тастаған жерден қоқысыңызды алып кететін қыз­­меткерлер бар. Дегенмен, қол созым жерге жетіп, қолы­ңыз­дағы қоқысыңызды арнайы ыдыс­қа салып кетсеңіз бір жағынан та­залық, екінші жағынан азаматтық бол­мысыңыздың көрінісі болмай ма?!

Сіз қажетсіз деп есептеген заттар­дың барлығының жалпылама аты қо­қыс болғанымен, бәрінің заты қоқыс болмауы мүмкін.  Қазіргі таң­да қоқысты іріктеуді игере алмай жат­қан мемлекеттер баршылық. Мұ­ның түрлі себебі бар, біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өңдейтін тех­нологияның жолға қойылмауы, қа­жетті ресурстардың тапшылығы, күн­делікті шығатын қалдықтар көлемінің үлкендігі, сонымен қатар адам­дар­дың қоқыстан болатын залалды, эко­логияға әкелетін қауіпті толық се­зінбеуі. Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көп­ші­лігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ой­ланбаймыз да. Пакеттерге тамақ қалдықтары, қағаз, пластик аралас са­лынып, толассыз төгіліп жатыр. Күн сайын Астана аумағынан 1200 тонна қатты қалдықтар шығарылады. Оны кәдеге жарата алып жатырмыз ба? Осы орайда ТМД төңірегінде жә­не Орталық Азияда баламасы жоқ «KazRecycleService» зауытының атқарып жатқан жұмысына назар аударған едік. Олар пластмассаны қай­­та өңдеп, қоқысты пайдалы зат­қа айналдырып, оны құрылыста, син­те­ти­­калық киімдер өндірісінде, асфальт са­луға пайдалануға жарамды етеді. 

Кешеннің құрылысы испаниялық тех­нология бойынша салынған. Қайта өңдеудің жобалық қуаты жылына 250 мың тонна қалдық өндіруге есептелген. Сұрыптаудың орта деңгейі 10 пайызға дейін қамтылса, зауыттың жалпы аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Онда бес цех орналасқан. Дәлірек айтсақ, сұрыптау, өндірістік, көліктік, жону және экомақта це­хы. Ке­шенде «Имабе Иберика» фир­ма­сының технологиясы бойынша сұ­рып­тау желісі орнатылған. Қатты тұр­мыстық қалдықтар алдын ала сұрыпталған соң арнайы процеске жі­беріледі. Одан кейін күшпен сы­ғым­далады да бірнеше қатар сыммен автоматты түрде оралады. Бү­гінде зауытта 100-ден астам адам ең­бек етеді. 

Баршаға белгілі, пластик 500 жыл­ға дейін шірімейді екен. Сол се­бепті кейбір дамыған елдерде сау­да кезінде полиэтилен пакеттерді қол­дануға шектеу қойылған. 

Айта кететін тағы бір жайт, елі­міздегі 6325 елді мекенде 4525 ар­найы қоқыс төгетін полигон бар екен. Солардың ең ірісі Алматыда ор­наласқан. Оның аумағы – 220 гектар.

Әлемнің дамыған елдері теретін қоқыс таппай жатыр деген ақпарат естиміз. Жарамсыз қоқыстан жарыған пайда көре ме дейміз де қоямыз. Мысалы, Жапонияда қоқыстың 90 пайызы қайтадан қалпына келтірілсе, өңдеуге келмейтін қалған 10 пайызын электр энергиясын алу үшін өртейді екен. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп қатаң сұрыпталады. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті па­кеттері болады.

Мәселен, көк пакет­те қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады. Егер қоқыстар аралас тасталса, сол үшін қателескен тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында келе жатқан. Францияда қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіргенде улы заттар толық ыдырап, күлге айналады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек пен газет қағазын өндіреді. Көршілес Қытайда да қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Бейжің іспетті ірі қалаларда қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Түркияның қалалары тазалығымен тамсандырады. Оны бір сапарымызда өзіміз де байқаған болатынбыз. Түркияда қоқыс тазалаушы деген мамандық беделді әрі жалақысы жоғары кәсіп екен. Қоқыс тазалаушының жалақысы орта буынды банк менеджеріне қарағанда қомақты көрінеді. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған. Мысалы, медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор.

Бүгінде «Астана Тазарту» компаниясы елордадағы контейнер алаңдарына пластикті бөліп жинауға арналған 500 контейнер орнатты. Сонымен бірге 2017 жылдың екінші тоқсанынан бастап қағазды бөліп жинауға арналған 700 контейнер орнатуды жоспарлап отыр. Жалпы қоқысты қайта өңдеу жұмысын жеңілдету үшін алдымен сұрыптау қызметіне назар аударған абзал. Бұл үшін ең алдымен қоғам санасына қоқысты бөліп төгу процессін сіңдіру керек. Сонда ғана қоқыс жинау мәдениетін қалыптастырып, артық жұмыстан арыларымыз сөзсіз. 

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»