Биыл 9 айда облыс аумағында 228 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 41 адам жантәсілім етіп, 283 адам түрлі дене жарақатын алған. Олардың арасында ішімдік ішіп алып, шамадан тыс жылдамдықпен көлік айдаушылар баршылық. Міне, осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатымен облыс орталығында автөкөліктердің жүру жылдамдығы мөлшерін анықтауға арналған үш құрылғы орнатылды. Олар жергілікті бюджет қаражатына сатып алынды. Мир-Пионер, Жамбыл-Тәштитов көшелерінің қиылысы мен Явленка тас жолы бойында қойылған қондырғылардың жұмысымен облыс әкімі Серік Біләлов танысты.
Жаңа жобаның енгізілуі жол қозғалысын жіті бақылауды да, жол полицейлерінің жұмысын да едәуір жеңілдетті. Енді қондырғының «көзіне түскен» көлік иесі айыппұл төлеуге, болмаса құжатынан айрылуға мәжбүр. Көлік суретке түсіріліп, компьютер арқылы өңделіп, жол полициясының орталығына жолданады. Онда көліктің нөмірі, иесі, жол ережесінің бұзылу себебі, айыппұл мөлшері заматта анықталады. Қондырғылар қондырылғаннан бері 780 жол жүру ережесі тіркеліп, 5 миллион теңге айыппұл салынған.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.