«Түсі игіден түңілме» деген сөзді дана бабаларымыз тегін айтпаған. Ақжарқын, мейірбан жүзді адамның ішкі дүниесі де жарқын, жасампаздыққа құштар болатынын психолог ғалымдар да дәлелдеген. Керісінше, қабағы қату, түксиген адамдар тұйық, соған сәйкес мінезі де ауыр келеді. Мұндай адамнан мейірімнен гөрі қатігездік көп шығатынын да ғылым баяғыда-ақ айтқан.
Әрине, атамыз қазақ «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегенді де айтқан, бұл – ішкі дүниесінің қандай екеніне көз жеткізбей адамның сыртқы түріне алданба дегенге саятын нақыл.
Туысқан өзбек халқының жаңа президенті Шавхат Мирзиёевтің түсіндегі адами жылылық, жақындық ісінде де көрініс беріп, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға бейілділік бар екені көрініп тұр. Қазаққа өзбектен жақын туыс жоқ, алайда аймақтық қауіпсіздік, терроризм мен есірткі трафигіне қарсы күрес сияқты істерде стратегиялық әріптестік жалғасып жатқанымен бұрын Қазақстанның экономикалық интеграция туралы идеяларына Өзбекстан жағынан қызу қолдау бола қоймады. Сондықтан да екі елдің арасындағы белсенді қарым-қатынас біршама тосаңсып, тіпті Қазақстанда болған түрлі мәдени шараларға да Өзбекстан жағының қатысуы саябырсып қалған еді. Енді қазақ-өзбек қарым-қатынасы жаңа сападағы озық белеске шығатын сыңай танытып тұр.
Жуырда Өзбекстанға барған сапарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткізілген келіссөздер екі ел арасындағы дәстүрлі тату көршілік пен достықты одан әрі тереңдетіп, нығайта түсетініне сенім білдірді. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтардың дамуын қамтыған 10 екіжақты құжаттарға қол қойылды. Екі елдің арасындағы ынтымақтастық белсенділігінің осылай тығыз болуы «Өзбек – өз ағам» дейтін қазақ үшін табиғи жағдай. Ал Шавхат Мирзиёевтің «Мен Сізді мақтан тұтамын» дегені де ағайынды екі халықтың арасында айтылуға тиісті лайықты баға.
Алтын, күміс, вольфрам, фосфорит, уран, молибден, табиғи газ және т.б қазба байлықтарының қоры жөнінен әлемде алдыңғы орындардың бірін алатын Өзбекстанның экономикалық даму әлеуеті жоғары. Қазақстанмен ынтымақтастықты тығыз орната отырып, әлеуетін озық әдіспен пайдалана біліп, халқының әл-қуатын арттыра түссе, оған қазақстандықтар риза болғаннан басқа не айтсын.
Бұл ғаламда өзгермейтін дүние жоқ, бүгінгі таңда Өзбекстан елінің пейіл қақпасы ашылып, күпті көңілдер жадырап, жарқын істерге жол түсіп, туысқан екі халық бір-біріне қайтадан құшағын жая бастағандай болып отыр. Жаңа президент орынтаққа отырған бір жылға жетпейтін уақытта Қазақстан басшысымен алты рет кездесті. Бұл бұрын болып көрмеген, аса үлкен назар аударарлық жайт. Сауда-экономикалық қатынастар 35 пайызға артқан. Бұрын жылдап көріспейтін мемлекеттер басшылары енді жиі ұшырасып, екі ел халқының өмір сүру сапасын арттыруға лайықты шешімдер қабылданып жатыр. Соның бір мысалы деп жуырда ғана, 2009 жылы қол қойылған халықаралық автомобиль қатынасы бойынша келісімге енгізілген хаттаманың ратификациялануын айтуға болады. Осының арқасында бұрынғы алты өткізу бекетіне тағы да екі бекет қосылып, екі елдің ірі қалалары арасында автобус маршруттары ашылып, халықтың барыс-келісі артатын болды. «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деп дана қазақ айтпақшы ұзақ жылдар бойы шекараның ар жағындағы туыстарына, достарына бару қиыншылық туғызып жүргендерге енді жеңілдік болды.
Ташкентке барған сапарында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапатталғандығы да жақсы нышан. Әрине біздің Президент 1998 жылы Өзбекстанның «Айрықша еңбегі үшін» орденін алған. Бірақ ол кезде Қазақстан да өзінің «Алтын қыран» орденін И.Каримовтің кеудесіне қадаған еді. Одан бері жиырма жылға жуық уақыт өтіп, көп нәрсе өзгеріп, көп сулар ақты...
Соңғы орден Қазақстан Президентінің ортаазиялық ынтымақтастықты жандандыруға сіңіріп келе жатқан ерекше еңбегін бағалағандық екені көрініп тұр. Орден берілген жарлықта «Бауырлас екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен стратегиялық серіктестікті тереңдету, кеңейту, сонымен қатар бейбітшілік үшін әлемдік қоғамдастықты нығайтудағы ұлы еңбегі үшін» делінгені де тегін емес. Әзірге бұл орденмен 26 адам марапатталса, соның ішінде шет мемлекеттер басшылары арасынан алған жалғыз Н.Назарбаев қана. Мәселе орденде емес, жылы ілтипат пен ыстық ықыласта. Туысқан халықтар бір-бірімен жақын болып, тату көрші болғанға не жетсін? Қазақстан сыртқы саясатының жылдар бойы аңсағаны да сол ғой.