• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2017

Түлкібасқа Түрікбасы атын қайтарайық

799 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Түлкібас ауданының атын Түрікбасы деп өзгерту туралы мәселе көптен бері көтеріліп жүр.

Кейінгі жылдары аудан хал­қының арасында талқыланып, түрлі пікірлер айтылып, сайып келгенде, Түрікбасы атауына басымдық беріліп жатқаны рас. Облыстағы, тіпті республика көлеміндегі зиялылар, әсіресе ақын-жазушылар мен ғалымдар, білім саласының өкілдері орталарында да жиі-жиі сөз болады. «Тәуелсіздігімізге ширек ға­сырдан асты, енді алаңдайтын не бар? Тәңіртаудың таңғажайып жері, Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрі Түлкібас күйінде қал­мауы қажет, Тү­рік­­басы атын қай­­тару керек», десе­тін­дер өте көп.

Қазіргі Түлкібас атауы туралы әр­түр­­лі аңыздар бар. Біреуі былай. Есте жоқ ескі заманда түлкі басты әулие осы төбені мекен еткен екен, содан Түлкібасы әулие атаныпты деседі. Та­ғы бірінде түркінің дінбасы осында жер­­ленгендіктен, Түрікбасы атанып, бір­­те-бірте Түлкібасы, Түлкібас болып кет­­кен дейді.

Жазба тарихта, архивтерде жазыл­ған­­дай, бұл өңірді отаршылдар жеті рет жайпап өткен. Жер мен су, елді ме­кен­дер аттары да сан рет өзгерген, құбыл­ған. Түркеш қағанаты жайлы дерек­тер көзі қытай архивтерінен табылды. Қа­­ғанат туралы тұңғыш рет диссертация қорғап, «Түркештер» деп аталатын ғылыми монография жариялаған көр­некті тарихшы ғалым Әлімғазы Дәу­летхан болатын. Ол Қытайда ту­ып-өскен. Кейін Қазақстанға келген, қы­тай тілін жетік білгендіктен, аса қи­ын тақырыпты игеріп, ғылыми ол­жа салды. Осы «Түркештер» еңбегі Түл­кібасы жаңылыс ат, Түрікбасы та­ри­хи ат екеніне айқын негіз болып та­былады.

Түркеш қағанатының негізін 629 жы­лы салған Өжелі қаған кейіннен Сақал атанған. Ол 706 жылы бақилық бо­лып, билік Сулуқ қағанның қолына өткен. Сулуқ қаған Түркеш елін 32 жыл билеген. Тұран жеріне жорық жасаған араб басқыншыларына талай рет күйрете соққы беріп, Сүзеген қаған атан­ған. Сол Сүзе­ген қаған (Сулуқ) ор­­дасы Түрік­басы төбесіне тігілген. Тү­рік­басы төбесі қос өркешті. Екі өр­­ке­­шінде де бұлақ бар. Сондықтан  жау­лар қаншама қоршаса да қорғанды, ор­даны ала алмаған. Түрік-Түркеш қа­ғандары Арыс пен Құлан өзендері қо­сылған тұстағы осы төбеге орда тік­кендіктен, Түрікбасы атанған.

Ресей отаршылдығы тұсында Түрікбасы төбесіндегі тас қор­ғандар то­­на­лып, қиратылып, құры­лысқа жұм­салып кеткен. Тарих ғылымының ко­рифейі атанған атақты академик Бартольд «Отчет от коммандировки в Среднюю Азию» (Мәскеу, «Наука» баспасы, 1986) деген еңбегінде Түл­кі­бас жеріне іссапармен келіп, қос өр­кешті төбені аралап көріп: «Түл­­кі­бас – мүлде қате атау, дұрысы – Тү­рік­басы. Бұған р-ға тілі кел­мейтін қы­тайлар да әсер еткен» деп жазған.

Тағы да бір дәлел бар. О баста күл­лі түркілерге ортақ болған тілі­міз­де­гі «баш» пен «мұрұн» сөздері жер бе­дер­леріне байланысты төбе, шо­қы, тау­ларға да қолданылған. Осы тұр­ғы­дан қарағанда да Түрк башы, Тү­рік­басы – Түрік биігі деген ұғымды біл­діреді.

Қазақ көркемсөзінің көшбас­шысы, қа­зақ көсемсөзінің қол­басшысы атан­ған халық жазушысы, ұлтының сүй­ік­ті суреткері Шерхан Мұртаза осы Түл­кі­бас атауын Түрікбасы деп өзгерту тура­лы тәуелсіздікке қол жетпей тұ­рып-ақ талай рет жазған. Айтқан. Со­лардың бірінде бүй дейді: «Түлкібас дес­е, мен түл­кінің басын көз алдыма елес­те­те алмаймын. Түрікбасы де­се, кө­ненің көне замандары көз алдыма келіп, көлбеңдей бе­реді... Дәуірлі шақта қазір Түл­­кібас деп жүрген ауданда Тү­рік ханының ордасы тұрды...».

Сонымен Түлкібас атауын Түрік­ба­сыға өзгерту бүгінгі ұрпақ­тың тари­хи парызына айналып отыр. Рухани жаң­ғыруға орайластыра аудан атын жаңғыртып, Түрікбасы төбесіне ме, Арыс пен Құлан өзенінің қосылған тұ­сына ма, Сүзеген (Сулуқ) қағанға ерек­ше ескерткіш қойылса дер едік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласында халық­тың тарихи жады хақында, бай­та­­ғымыздың қасиетті, киелі жерлері жө­­нінде жан-жақты айтылған, өлке­та­нуға өзгеше мән-мәніс беру турасында тебіреністі толғаныстар тұнып тұр. Түрікбасы атын қайта қалпына келтіру Мемлекет басшысы мақаласындағы мақсат-міндеттер талаптарына һәм сай келеді деп санаймыз.

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және халықаралық «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты

Сәрсенбек САХАБАТ, ақын, халықаралық Нәзір Төреқұлов атындағы  сыйлықтың лауреаты