• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қазан, 2017

Шабандоз Шумахер

651 рет
көрсетілді

Италиялық іскер А.Б.Сфорц­тың бастамасымен «Формула-1» жарысынан әлем чемпионатын өткізу туралы шешім 1949 жылы қабылданды. Алғашқы чемпионат 1950 жылдың 13 мамыры күні Силь­верстоун трассасында өтіп, бұл автоспорт тарихында «Ұлы­британия гран-приі» де­ген атқа ие болды. Уақыт өте келе «Формула-1» жарысы жаңа кезең­ге көтерілді. «Феррари» коман­дасының пилоты Михаэль Шума­хер қатарынан 5 дүркін чем­пион атанып, оның командасы Конс­трукторлар Кубогын жеңіп алды. 2001-2004 жылдары Феррари болидтеріне ешкім қарсы тұра алмады.    

Осы бір италиялық команда­ның шабандозы Михаэл Шумахер 1969 жылы 3 қаңтар күні Гер­ма­ния­да дүниеге келген. Әкесі Рольф қатардағы құрылысшы бола тұра, машина жүргізетін шағын карт алаңның иесі еді. Шумахер төрт жасынан бастап осы алаңда машина жүргізіп үйренеді. Оның автожарысқа деген құмарлығы ерте оянған. «Тіпті 11-12 жасында жеңіл көлік басқару шеберлігі тәжіри­белі жүргізушілерден бір мыс­қал кем емес еді», деп жаза­ды неміс журналисі Хельмут Карел өзінің күнделігінде. 10-12 жа­сар Шумахерді доп ойнап жүр­ген жерінен кездестіріп, «бола­шақта бұл баладан тұлпар тұяқты текті шабандоз шығады» деп 1980-жылдары күллі неміс баспасөзін шулатқан да осы Хельмут Карел болатын. 

Германия заңында 14 жасқа тол­­маған ел азаматына жүр­гізу­ші куәлігі берілмейтіндіктен Шума­хер 12 жасында Люксембургке барып, сол елдің заңы бойынша емтихан тапсырып, жүргізуші куә­лі­гіне ие болды. 22 жасында «Джор­­дан» командасының құра­­мы­на алынады. Алғаш рет «Бель­­гия Гран-приіне» қаты­сып, жарыс үстінде болиді істен шы­­ғып, іріктеу кезеңін 7-ші бо­лып аяқ­тайды. Оттай лаула­ған жас жігіт­тің бойындағы ала­пат құш­тар­лықты байқаған таны­мал менед­жер Флавио Бриа­торе өз ко­ман­дасына шақырады. Сөйтіп 1992 жылы «Бенеттоне» командасы сапында өнер көрсетіп, алғаш рет жеңіске жетеді. Бұл жоғарыдағы Бельгия гран-приі болатын. 

Шабандоз Шумахер 1996 жылы «Феррари» командасына ауы­са­­ды. Осы команда сапын­да 2006 жылға дейін 7 дүркін әлем чемпионы атанып, ғаламдық рекорд­­тар кітабына енді. Шабан­доз­дың лақап аты – «Қызыл барон». Бұлай атануына себеп – Екінші дүниежүзілік соғыста неміс ұшқышы Манфреда фон Рихт­гофенді ел «Қызыл барон» деп атаған. Оның ұшағы қызыл түсті болған. Журналистер қып-қызыл «Фер­рари» болиді тізгіндеп, үстіне қып-қызыл спорттық киім киген­діктен Шумахерді де осылай атаған. 

1999 жылы шабандоз жігіт жа­рыс кезінде апатқа тап болды. Жа­ра­қатының ауырлығына бай­ланыс­ты мамандар оның спорт­қа қайта оралуы екіталай деген еді, бірақ ол қиындықты жеңіп, үлкен спортқа қайта оралды. 2006 жылы үлкен спортпен қоштас­қанымен, араға төрт жыл салып 2010 жылы қайта оралды да, «Мерседес» командасы сапында келісімшартқа отырды. Бұл оралу онша сәтті болмады. 2012 жылға дейін бір дүркін ғана үшінші орыннан көрінді. 

Шабандоздың мінез-құлқы жайлы журналист Хельмут Карел мырза: «Шумахердің бойында ешқандай қорқыныш, үрей, алаңдаушылық сезімі жоқ, оның үлкен жетістікке жетуіне бірден-бір себеп осы. Мысалы, Макаода өткен әлем чемпионаты басталар алдында ол еш қаперсіз доп қуып жүрді. Тіпті чемпион болған­да ешқандай қуанбайды, жай күнде­лікті қатардағы болып жатқан оқиға сияқты қабылдайды. Мұн­дай салқынқандылық өте сирек кез­­десетін құбылыс, оның жетіс­ті­гінің құпиясы осында», деп жазыпты. 

Атақты пилот футболды қатты ұнатады. Бос уақытында доп тебумен айналысады. 2008 жылы Швейцария футбол федерациясы оны аяқдопшы Стефан Шапюиза, теннисші Рожер Федерер, шаң­ғышы Бернхард Руссилармен бірге Еуропа футбол федерация­сына өкіл ретінде таңдауы тегін емес. Футболдан басқа теннис ойнауды және велосипедпен жүргенді, таңмен тұрып жаяу жүгіргенді күнделікті әдетіне айналдырған. 

Шумахер 2013 жылы 29 жел­тоқ­сан күні Францияның Альпі аңғары бойында орналасқан Мерибельд тау шаңғысы базасында шаңғымен сырғанап келе жатып, оқыстан құлап, басымен тасқа соғылды. Міне, содан бері ес-түссіз комада жатыр. Осы­лай 43 жасында спорттық ғұмы­рын аяқтауға мәжбүр болды. Спорт­шы қазір Швейцариядағы өз үйінде. Оның денсаулығы жайлы нақты хабар мардымсыз. Испан­иялық «Ole» журналының мәлім­деуіне қара­ғанда, Шумахер өзінің бар байлы­ғын әйеліне және жалғыз ұлы Мик пен қызы Жина-Мария үшеуі­не қылдай етіп тең бөліп беру­ге өсиетнама жасаған көрінеді. 

АҚШ-тың «Columbia Pictures» кино компаниясы Шумахердің қазіргі шалажансар күйін көр­сететін деректі фильм түсірді. Кино түсірушілер бұл істі қолға алу оңай болмағанын айтады. Ұзақ уақыт Коринна ханыммен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде аптасына 58 сағат таспа жазып алуға мүмкіндік алған. 

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»