• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Футбол 06 Қазан, 2017

Александр Бородюк: Ойыншыларға ешқандай кінә артпаймын

351 рет
көрсетілді

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Бородюк 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өткен Румыния-Қазақстан (3:1) матчынан кейін  журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Ойын көңілімнен шыққанымен, нәтиже көңіл қуантарлық емес екені баршаңызға белгілі. Матчта жекелеген қателіктер жібергеніміз рас. Аталған кездесу қателіктерімізбен тағы да көбірек жұмыс істеуіміз керек екенін көрсетті. Бірнеше гол соғатын мүмкіндігімізді пайдалана алмадық. Бірақ, ойыншыларыма ешқандай кінә арта алмаймын. Барлығы берілген тапсырманы толық орындап шықты.

– Футбол мамандары бүгін қақпамызды Давид Лория қорғайды деп болжап жатты. Алайда, Стас Пакатиловты алаңға шығардыңыз...

– Румынияға қарсы оқу-жаттығу кезінде Покатилов өзін жақсы қырыннан көрсеткен болатын. Сөйтіп, қақпашылар бапкері бүгінгі ойынға Стасты шығаруды жөн санады. Бүгінгі ойында ол кейбір сәттерде қақпамызды голдан аман сақтап қалды. Кей сәтте қателескені рас. Десе де бапкерлер құрамы дұрыс шешім қабылды ма жоқ па, оны білмедім.

– Румыния құрамасы туралы не айтасыз? Жаңа бапкердің жұмысына қандай баға бересіз? Қазақстан мен Румынияда өткен ойында қандай өзгерісті байқадыңыз?

– Өзімнің әріптестерімді бір-бірімен салыстырғым келмейді. Бірақ, құрамаларыңыз бүгін өте жақсы ойын көрсетті. Техникасы мықты ойыншыларыңыз көп екенін байқадық...

– Байжанов, Нөсербаев, Тұңғышбаев секілді футболшыларды бүгін алаңға шығармадыңыз. Оларды Арменияға қарсы ойынға сақтап қалдыңыз ба?

– Солай десе де болады. Өйткені, алдағы ойынға Сүйімбаев пен Қуат сары қағазына байланысты қатыса алмайды. Сондай-ақ Тағыбергенді де келесі ойынға сақтап қалу үшін ауыстырдым.

– Бірінші таймнан соң Азат Нұрғалиевті алмастырғаныңызға қарағанда жарақаты ауыр сияқты ма?

– Әзірше нақты ешнәрсе айта алмаймын. Дәрігерлеріміз толық тексеріп болған соң белгілі болмақ. Бәрі жақсы болып, Азаттың Арменияға қарсы алаңға шыққанын тілеймін.

– Бүгін ойын тәжірибесі аз болған Бауыржан Тұрысбек күтпеген жерден гол соқты. Егер құраманың тәжірибелі ойыншылары жарақатына және ескерту қағаздарына байланысты саптан шықпағанда, Тұрысбектің құрамада ойнауға қаншалықты мүмкіндігі бар еді?

– Бауыржан Тұрысбекте ойын тәжірибесі аз дегенге келіспеймін. Ол соңғы ойындарда алаңда 90 минут ойнап жүр. Сондықтан оны ұлттық құрамаға шақырдым. Оның өзі де құрамаға бекер шақырмағанын бүгін голмен дәлелдеді. Матчқа екінші таймда қосылғанымен, бүгінгі ойыны көңілімнен шықты.

 

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан» –

Бухаресттен

Сурет авторы – Ілияс Омаров