• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2017

Қазақтың тыйымдары

6449 рет
көрсетілді

Бір замандары қазақтың қате бас­пауына халық тыйымдары өлшеусіз септігін тигізгені рас. Тіпті тұрмыс-салт тәрбиесінде заң орнына жүрді де­сек те, қателесе қоймаймыз. Үлкен-кі­ші пенделікпен теріс сөз айтып, теріс қа­рекет жасағанда артынан тыйым ұғым­дарын есіне түсіріп отыратын болған.

Тыйым сөздерді ескермеген адамның хай­уан тірліктен бас тартпайтынын, сөй­тіп, адамға тән кие мен құттан айырылып, кү­нәға батып, күнәһар болатынын айтып отырған. Тыйымды орындамаса тәрбиенің қиын болатынын тұспалмен де, төтесінен де еске салған.

Қазір сол тыйымдарды түкке тұрғы­сыз еткеннен тапқан пайдамыз шамалы. Есе­сіне, ата-ананы ардақтап, ту­ған жердің қа­сие­тін ұқпай есіргендер кө­беймесе азаймай тұр. 

Тыйым сөздер де ұлттың ұлы бай­­лы­ғы. Бабаларымыздан жеткен, даналардың ақыл-ойынан туған тұнып тұрған құн­ды­лық. Қатпар-қатпар асыл қазына, фило­софиялық байлам пайымдар.

Кей­де өзіміздің өнегемізді ысырып қойып, талғап талдамай, таразы басында текшеп алмай, өзгенің бір өресізіне өрек­піп барып жабысатынымыз бар. Одан тапқан пайдамыздан гөрі зиянымыз шашетектен. Соның бір мысалы, азат қазақтың ұлттық киім үлгілерін әлі күнге бір қа­лыпқа келтіре алмай біріміз батыстың, екіншіміз шығыстың, үшіншіміз тағы біреудің қызыл-жасылын киіп, үлкеніміз жасарсақ деп, кішіміз әдемі болсақ деп әурелікпен күн кешіп жүрміз. 

Енді жаман әдет, жат пиғылдан, теріс мінез, тексіздіктен, жөнсіз сөзден, жолы жоқ істен сақ болуға үйрететін тыйым сөздерден дәлел дәйек келтіріп көрелік. Бұл – тәрбие құралы ұрпақтан ұрпаққа жал­ғасқан, бүгінгінің оқыған кітабындай, тоқыған өрмегіндей дүние деп білеміз. 

«Бетіңді баспа, жағыңды таянба», дейді қазақ. «Бетті бастым, Қатты састым, Тұ­ра қаштым, жалма-жан», демейтін бе еді Абай? Ұяттан безіп, жасаған арсыздық ісі ашылғанда, не күнәға батып, ол жария түс­кенде пенде бетін басады. Жақты таяну да, жақсылықтың нышаны емес. Амалы құрып, айласы таусылған адам сол күйге түседі. Бұл арада жақсы ырым – әркімге бақ, теріс ырым – жат дегенді ұқтырады.

Соны есіңе сақта дегенді де алға тартады.

«Жерді сабама, жерді тепкілеме, күлді шашпа», депті бұрынғылар. Анаға теңейтін жердің киелі екенін, оны тепкілеуге болмайтынын, күлді шашу жақсылыққа апармайтынын, оның үстіне бұрқырап үстіңді шаңдататынын, тынысыңды тарылтатынын айтады.

Оттан шыққан күлмен кет», деген сөз бар емес пе?

«Құдыққа түкірме, ыдысқа түкірме, көкке қарап түкірме, көк шөпті жұлма», деген де қағида бар. Құдық суын былғасаң, елге кесел келтіресің, ыдыс-ты былғайсың, көкке түкірсең түкірігің төбеңнен түседі, көк шөпті жұлу да көрегендік еместігін еске салады. Халық арасында «көктей жұлын» деген ауыр сөз бар. 

«Мойныңа жіп салма, пышақтың жүзін жалама, таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама, ішегіңді, табаныңды тартпа»­ – бұл сөздердің де тамыры тереңде жатыр. Мойынға жіп салу арам өлімге итер­мелейді десе, пышақтың жүзі тіліңді ке­сіп кетеді, таңдайыңды тақылдатсаң, ба­сыңды шайқасаң оқыс оқиғаға тап бо­ласың, бұдан аулақ бол деген емеурінді есіңе салады. 

«Жалғыз ағашты кеспе, құстың ұясын бұзба, атқа теріс отырма, ұрлық қылма, зорлық жасама, үлкеннің бетінен алма, шашыңды, тырнағыңды өсірме» – мұның бәрі де балаларға таптырмас ақыл. Егер осыны ұл мен қыздың санасына сіңірсек, теріс қылық, жат іске олар бармайды. 

Қыз – ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың – анасы дейміз. Бұрынғы әжелер: «Қызға қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым», дегенді мәнімен, мәнеріне келтіріп айтып, соңын ер-азаматтарға тіреп қоюшы еді. Себебі әйел ерге қарайды, ер жерге қараса не болатынды майдан қыл суыр­ғандай етіп жеткізіп жататын. Мұны кемеңгерлік демей не дерсің? 

Текті ұрпақ осы тыйым сөздерді бұл­жыт­пай орындаса, оны алдыңғы ұрпақ елеп-ескеріп, бабалар тағылымы деп ойы­на орнықтырса сымдай түзу болып өсетініне біздің иманымыз кәміл. Мұн­дай аталы ұғымдарды атан түйеге жүк деп аясын тарылтпай, бұрынғыдан қалған дана ойларды жүйелеп, том-том кітап жазсақ, ұрпақ үшін тәрбие құралы болары сөзсіз. Осы жағынан келгенде, қазақтың тыйым сөздері мен сол сөздерден тамыр тартатын ордалы ойларын заман ағымына қарай таңдап алып кәдемізге жаратсақ, тіпті ұл-қыз өсіріп отырған әр ата-ананың қолындағы құралына айналса, қане. Тіпті төрткүл дүние елдерінің жақсы қағидаларымен қабыстырып, тың идеяларды туындатып, тұғырын мықтасақ құба-құп.

Біз көбіне ұлттық жәдігерлерімізді айтуға бармыз да, оны қолдануға келгенде салақтық танытатынымызды жоққа шығара алмаймыз. Мысалмен сөйлегенде де, өзімізден гөрі басқалардың ақылдыларына, не тыйым сөздеріне жүгіну жағынан жүйріктік танытамыз.

Ендеше, ұлттық құндылықтың бір саласы саналатын тыйым сөздерді де қажетке жаратып, жастардың көкейіне қондырсақ, ұтылмаймыз, ұтамыз.