• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 06 Қазан, 2017

Жекешелендіру сапасы назардан тыс қалмасын

782 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында Үкіметке мемлекеттік кәсіпорындарды жеке­ше­лендіруді жылдамдату туралы тапсырма берген, ал ақпан айында болған кеңейтілген отырыста бірде-бір трансұлттық компанияның осы іске тартылмағандығын сын тезіне алған еді. Елбасы Үкіметтің осы бағытта жүйелі жұмыс жасай алмай отырғандығын да атап өткен. 

Бүгінгі таңда Үкіметтің жаса­ған тізі­лі­міне қарағанда, 903 кәсіп­орын жеке­ше­лендіруге қойыл­ған, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ енетін 68 ірі компания мен 168 кәсіпорын бар. Бұ­лард­ан басқа 440 коммуналдық мен­шік ны­саны және 52 ұлттық холдинг­тер­ мен ком­паниялар және т.б. же­ке­ше­лендірілуге шы­ғарылып отыр. 

Қаржы министрі Б.Сұл­та­нов­тың үстіміздегі жыл­дың шілде айындағы хабарлауына қарағанда, жекешелендірудің кешенді жоспары 47 пайызға орындалған. Пре­зиденттің тапсырмасы 2018 жыл­дың аяғында толық орындала­ды деген мақ­сат­пен жергілікті ат­қарушы органдар, ұлттық хол­дингтер және компаниялармен бірлесе отырып біршама жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде 2019-2020 жылдары сатылуға тиісті 131 нысан 2017-2018 жылдарға аударылды. Сөйтіп  2017 жылы 488, ал 2018 жылы 101 нысан сатуға қойылған. Ал жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-тың 216 ак­тивін сату көзделген. Осы қор­дың 17 аса ірі компанияларын сату 2019-2020 жылдарға бел­гі­ленген. Сатудың алдын ала дайын­дық­тарын аяқтау 2018 жылы бі­ту­ге тиісті. Сон­да «Қазақстан те­мір жолы», «Са­мұрық-Энерго», «Қаз­атом­өнер­­кәсіп», «Қазпошта», «Қаз­МұнайГаз», «Тау-Кен Са­мұрық», «Эйр Астана» компаниялары си­яқ­ты аса ірі кәсіпорындардың акция­лары ІРО-ға шығарылмақ. 

Алайда осы әрекеттердің бәрі де жеке­ше­лендіру процесінің сапасын арттырмай отыр. Кон­ку­рс­тарға негізінен 1-2 үміткер ғана қатысады. Тіпті сол сатуға қой­ылған ЖШС қатысушылары да үлес ала алмайды. Қорыта айт­қанда, осы ком­мерциялық сау­даға әлеуетті үміт­кер­лер­дің қа­ты­суының жолы кесілген. Көп жағ­­дайларда жекешелендіру ақша түсіру­дің орнына басқару құқын беріп, ны­сандар біртіндеп сатып алу арқылы бү­гінгі басшыла­рына тегін беріледі. Мұн­дай жағ­дайда кәсіпорындар сырттан ке­ле­тін қаражатқа емес, өздері тапқан ақ­ша­ға сатылатыны аян. Нәтижесінде же­ке­шелендірудің төмендегідей мақсаттары іс­ке ас­пай отыр: 

– Мемлекет жекешелендірілген нысандардан нақты қаражат таба алмайды;  – Жекешелендіру нысандары өзінің да­муына мүмкіндік беретін инвестициялар мен ресурстар ала алмайды;  – Жекешелендіру процесіне азамат­тар­дың көптеп қатысуы шектеліп, нысан бүгінгі таңдағы басшыларының өзі­не тұтастай бұйырып, оларды байыту арқы­лы қоғамдағы тұрғындар арасындағы әлеу­мет­­тік алшақтықты одан әрі тереңдете тү­­седі.

 Міне, осындай іс-әрекеттер се­бебі­нен Президенттің жеке­ше­лен­діру бағы­тын­дағы ашықтық пен тиімділік турал­ы талаптары орын­далып отырған жоқ. Оның үстіне аса ірі компанияларды же­ке­шелендіру бойынша IPO/SPO шы­ғару процесі де ұзаққа со­зылып кетті. Ны­сан­ның бүгінгі күнге қа­рағанда тиімді, өнім­ді жұмыс істеуіне мүм­кіндік беретін ше­телдік әлеуетті инвесторларды тарту про­цесі де орындалмай отыр.

Бүгінгі таңда жаппай жеке­ше­лендіруге ғылыми-зерт­теу, жо­балау институттары, ме­ди­ци­налық орталықтар, ауру­ха­на­­лар және басқа да әлеуметтік ны­сандар қойылған. Осы ны­са­ндардың бәрі тех­никалық және бас­қа да жағдайларының жақ­сартылуына зәру. Сондықтан олар нақ­­ты қаражат құя алатын әлеуетті сатып алу­­шыға бе­рі­луі керек. Алайда сатудың та­­­лабы конкурсқа қатысатын үміт­керлердің осы міндеттерді ше­шуіне бағыттамаған. Ал­дағы уа­қытта Үкімет жекешелендіру мә­­се­лесінде осы проблемаларға на­зар аударуы керек. 

Екатерина НИКИТИНСКАЯ, Мәжіліс депутаты