...Көрнекті де көшелі жазушы Сәбит Досановтың әзірге соңғы кітабы – «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?». Сексеннің сеңгіріне бет қойған абзал да ардақты ағамыздың Құдай берген бұл ғұмырында әлі де талай-талай тың да соны шығармалар береріне кәміл сенімдіміз.
Сәбит аға өндіріп жазатын, шаршап-шалдығуды білмейтін, керісінше, жыл өткен сайын өрлеп-өршелене, жалындап-жана түсетін жазушы-жан. Жанқияр еңбектің адамы. Жүз жылдан астам уақытты қамтитын «Жиырмасыншы ғасыр» роман-тетралогия эпопеясының бір өзінің қадір-қасиеті қандайлығын құндап көріңіздерші?..
Жазушыны өз еліне ғана емес, бұрынғы «коммунистік қызыл совет», шығыс-батыс Еуропа кеңістігіне, жалпы, әлемге жарқ еткізіп алғаш танытқан шығармасы – «Ақ аруана». Бұл повесть – жазушының өмір-дария өтіне бет алған шығармашылық ғұмырының беташар-беталысы һәм жібек жібі жыпсықсыз өрілген өрнекті желісі десек те болар-ды.
«Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» поэзия жинағы төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Ерлердің жырға қосып ғажап ісін, бәйгеге тіктім басты қазақ үшін» деп алапат аталады. Оған, бөлімнің төбесіне өзінің мәрмәрлі тастұғырына мірдей етіп қондырылған автордың мына эпиграф-сөзін қосыңыз:
Дей алмаймын дара туған данамын, Ел алдында аласамын, баламын. Қажетіне жарар болсам халқымның, Қиналмай-ақ өлімге де барамын.
Елеңдеп те алаңдап, селк етіп те селт етіп, тұла бойыңыз дуылдап та андыздап сала берері анық та ақиқат. Бұдан артық қалай айтуға болар да еді-ау?..
Бұл бөлімнің бірінші желісі – «Қанымда халқым деген жатыр ағын» – Елбасымыздың ерен ерліктеріне, адами биік парасат-пайымына арналған толағай-толайым жыр. Енді, осы желінің бірінші жыры «Қыран мен жыланнан» басталып, «Ер түріктің нәсілі», «Алты Алаштың асылы», «Бойлатпас мұхит тереңіне», «Ай мен күндей арайлы», «Алла нұры», «Сан ерлікке барған елдің қамы үшін», «Ойлайды халқын көз ілмей», «Қуат алған ғарыштағы жасыннан» деп жалғасып, үдемелеп, шарықтап та шырқап кете барады.
Сол сәтте... Аспаннан нұр құйылған жауын еді, Әлжан ана аяғы ауыр еді. Түсіне босанарда кірді аруақ, Ауылдың бәрі оған бауыр еді.
Келешек Елбасының дүниеге келерінен бұрынғы ата-анасының, әжесінің толғаныстары. Ақын-жүректің тарихи оқиғаны қалайша дөп басып бере білгендігіне таңданасыз.
Бұл жалынды жырлар өнегелі де өркенді «Теміртау хикаяттарына» ұласып, «Қуат алған ғарыштағы жасыннан, Жаратылған Әлжан, Әбіш асылдан. Алты Алаштың Нұры менен Сұлтаны, Атақ, даңқың ассын талай ғасырдан» деп шырқау пафоспен бір-ақ түйінделеді. Мұнда да «Қуат алған ғарыштан» деген қанатты да сөз-сүлей тіркестерге риза болмасыңызға әддіңіз жоқ.
Салиқалы жазушының Елбасына деген ілтипаты, сенімі, құрметі толайым, – ел басқарып келе жатқан жылдарғы жемісті де жеңісті, тұңғиық та терең болмыс-бітімін қатарластыра, келістіре жырлайды.
Бірінші бөлімнің екінші желісі – «Астана». Сарыарқаның төріне жайғасқан жаңа да жас астанамыз әр қырынан, әрқалай, толағай тебіреністе шырқалады. Түгел дерлік әрбір өлеңге сазгерлер ән арнаған.
Бұдан әрі қарата, қаламгер он жасынан бастап бүгінгі күніне дейінгі ғұмырын «Достарыма айтайыншы сырымды» деп кезек-кезегімен, рет-ретімен төгілтеді. Жазушының жан-сырына, жүрек тебіреністеріне қалтқысыз иланасыз, сенесіз.
Сәбит ағаның шырғалаңды шығармашылық жолы барысында ұқыптылығымен, алғырлығымен қатар, жадының мықтылығына тәнті боласыз. Бір сөзді бір сөзбен, бір оқиғаны бір оқиғамен, я бір тарихты бір тарихпен шатастырмайды да араластырмайды. Бар тірлігі – анау мистер Шерлок Холмстың шатырының сөрелеріндегі даққа-даққа қойылған заттардай; кез келген керегіңізді жұмулы көзбен-ақ, қолды созып жіберіп-ақ ала бересіз. Үшінші бөлім қоғами қайраткерлерден, өнер жұлдыздарынан бастап, құрбы-құрдастарға, аға-ініге, бал-бал бүлдіршіндерге дейінгі арнау-сипаттама өлең-жырлар алты желіге бөлініп, жіктеп-жіліктелген. Онда сипатталып жырланған таутұлғалармен бірге күнделікті пендеуи жандардың, жалпы саны 200-ге тартарлықтай екен. Бұған қарап, біреу-міреулер ойлап та күдіктеніп қаларлары мүмкін ғой: «Ойпырай... көп те емес пе екен-ә?» деп. Жоқ, көп емес екен. Осы жазба-жолдардың авторы – біздің өзіміз негізінен «арнау өлеңдерге» құлай бермейтін пақырмыз; көздеріміздің адырайып, төбе шаштарымыздың тікірейіп, теріміздің тыртысып қалатыны да рас. Бірақ, бұл жолы олай ете алмадық... һақ жүректен шыққан жырларды жылы қабылдадық та мойындадық.
Кім де кім кітапты – «арнау-сипаттамаларды» түгелдей оқып шығар болса, Сәбит ағаның еріккеннен я жайдан-жай ақтарылып-төгілмегендігін көрер де байқар, түсініп те түйсінген болар еді. Себебі, барлығы да шынайы, періште-көңілден шыққан – пәк, тап-таза, тұп-тұнық, мөп-мөлдір... Төртінші бөлім... ауыр да ғазапты – «Даниярға жазған хаттардан».
Адам сенгісіз жағдаятта бұ бес күн жалғаныңыздан өтіп кете барған Сәбит ағаның сүйікті ұлы Данияр – Данашымыз жайлы ата-анасымен қатар көпшілік ағайын тарапынан да қасірети аза-жырлар аз айтылып-жазылмағандай; бірақ-та, әлі де, келешекте де жалғаса беретіндей ме... Даниярға хат Үйлену тойың үстінде, Жүрегің кенет тоқтады. Өзгеше жас деп өзіңді, Ата-Анаң, Елің жоқтады. Сағынып сені зарықтым, Сен өмірден озғанда. Күңіреніп Жер-Ана, Күңгірт тартты жарық күн.
* * * Жылауменен өтетін, Күнге де төзіп келемін, Табыттай ауыр ой басқан. Түнге де төзіп келемін, Көкбөрі құсап ұлимын. Күйіктен ішім өртеніп, Тірі өлік болып жүрмін мен, – аяулы ұлып ерте өліп.
Көңіл айтып әлі де, Жұбатып жатыр халқымыз. Сені жоқтап жылай береміз, Осы біздің қалпымыз... Айналайын, құлыным! Ұл едің сен жетелі, Осылай күндер өтеді. Алладан әмір келгенде, Әкең де саған жетеді, – Анаң да саған жетеді...
Бұ құсалы да азалы жырларға түсініктеме беріп жатудың тіптен де қажеті жоқ еді-ау; сонда да, кейбір өлең жолдарына зер сала қарап, тереңінен үңілуіміз де керек екен. «Табыттай ауыр ой басқан». Құдайым-ау, шындығында да, неткен ауыр сөз еді! Табыттан ауыр не болушы еді? Басқа салған соң, адам баласы бәріне де көндігеді екен; бірақ-та, мұндай ғазапты жағдаят ешқашан да естен шықпас, ешқалай да ұмытылмас сірә... Жадымызда жаңғырығып, «қол бұлғап» та тұрар.
Иә, ардақты Сәбит ағамыз бен асыл Құралай жеңешеміз Құдай бұйыртқан бұ ғұмырларының соңына дейін орны толмас қазаны – сүйікті ұлдарын қасірети жырлай да, көз жастарын шылғай да беретін сияқты. Біздер – көпшілік болып басу айтып бағудамыз. «Қиял-ғажайыпқа толы ерен де ерек адал еңбектеріңізді ел біледі, құрметтеп, қастерлеп, бағалайды. Сол тура жолдарыңызды «Бір Алла!» деп жалғастыра беріңіздер. Соларыңыз ғана жетеді – жаны жәннат төріндегі Данашқа, – соныларыңызды ғана күтеді...», дейміз-де. Басқа, пәнданың қолынан келер не бар-ау?!. Енді, екінші бөлімге – «Жүректегі жазулар. Махаббат лирикалары» – мүмкіндігімізше кеңірек тоқталсақ. Айтып-ескерткеніміздей, бұл бөлімді – «жүректегі махаббат жазулары» – сонау «Ақ аруанадан» кейінгі автордың биік бір шығармашылық белесі» деп қабылдасақ та болар. Сәбит аға өлеңге оқта-текте ғана соғып отырады. Әйтпесе, бар зейіні де зейілі – қарасөз. Егер де, поэзиямен де шындап айналысқанында, қай-қай ақыныңыздан да кем түспесі осы бөлімдегі жырларынан анық байқалып тұрмапты ма. Жалпы, Сәбит аға «ақындықты» ұстанатын-ақ жан екен. Шабыт тұғырына бір қонақтап, шалқарланып алса, тіпті, құйылып та төгіліп сала береді.
Екінші бөлім – «Махаббат жырлары» – түгелдей, тікелей, ғұмырлық та мәңгілік ғашық-жары Құралай сұлуына арналған да бағышталған. «Шын ғашықтың сезім гүлі солмайды, Сүйгеніңмен бір болмасаң – сол қайғы».
Жиегіне алтын кірпік шөккен қыр, Сенің көзің шөлдегі көл мөп-мөлдір.
Сенің көзің Күн секілді шуақты, Сенің көзің ұлы өмірдей жұмбақты. Жанарыңа жарық дүние сыйып тұр, Қайдан алдың осыншама қуатты.
Талай көзді Қожа-Хафиз жырлаған, Омар Хайям тең келмейді бір маған.
Ғашық-жарының алтын кірпігіне «қыр шөктіреді»; ғашық-жарының көзін – «айдала-айтақырдағы мөп-мөлдір көлге» теңейді. Біз екінші теңеуді жан-тәнімізбен қабылдадық та қуандық. Иә, айдала-айтақырда көл де болмайды, болған күнде де ол мөп-мөлдір болмақ емесі белгілі. Бірақ та шынайы ғашықтық бәрін де болдыра алады екен. Қожа Хафиздер бүкіл Самарқан-Бұқараңның байлығынан ғашығының бетіндегі бір меңді артық санады емес пе! Біздің Сәбит ағамыздың ақын-жүрегі де сол биікке ұмтылған.
Сәбит Досанов өз ақындық жүрек төріне «ғашықтық-мұнарасын» тұрғызса, қазақ поэтикалық әдебиетінде де бір монолит-ескерткіштің дүниеге келгені анық та ақиқат.
Түйіп айтқанда, «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» кітабы, әсіресе, ондағы «Жүректегі жазулар. Махаббат лирикалары» топтамасы бәрі-бәрі ымдасып, жымдасып, тұтасып, жоғары концепциялы, биік пафосты, өнегелі де өрелі дүниеге айналған.
Игілік ӘЙМЕН, жазушы