• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2017

Бензин туралы «бестселлер»

894 рет
көрсетілді

«Бензин қымбаттап­ты. Бензин бағасы тағы қымбаттайды екен», деген жарапазан жарнамалардан жұртшылық мүлде жалықты.

 «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, қазақстандықтар күз бен көктемде бензин баға­сының неше теңгеге көтері­летінін алаңдай күту­ді әдетке айналдырды. Биыл да еліміздегі жа­нар-жа­ғар­май стансалары кран­­дарының құлағын ұс­та­ғ­андар «дәстүрлерінен» жа­ңылмады. Қыркүйек айында бензин бағасы бірден 10-11 пайызға көтеріліп шыға келді. Қазан айында көлік жүргізушілер ең көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің литрі 153 теңгеге шарықтап шықты.

Қалталары тақырланған көлік жүргізушілер бензин баға­сы­ның күрт қымбаттауының себебін білгісі келіп, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың аузына қарайды. Ал министр жалтақтап Ресейге қарайды. Оның айтуынша, еліміздегі АИ-92 бензиніне деген сұраныстың 30  пайызы Ресейден әкелінген өнім арқылы қанағаттандырыла­ды. Үстіміздегі жылғы мамыр айы­нан бері Ресейден тасыла­тын бензиннің көтерме бағасы тоннасына 517 доллардан 560 долларға дейін қымбаттаған көрі­неді. Әлемдік санкция қыс­па­ғында отырған Ресей тауар өндірушілерінің алдағы уа­қыт­та бағаны тағы қалай құ­был­­­татындығы Бозымбаевқа бей­мәлім екен.

Тәуелсіз мемлекеттің біл­дей бір министрінің жауабын екінші бір мемлекет өнімі­нің бағасына тәуелді қылып қойған қандай құдірет? Мұнай шикізатының үстінде отырған Қазақстанның мұнай өнімдері бойынша үнемі Ресейге тәуел­діліктен құтыла алмай келе жат­қандығының сыры неде? «Қазақ­стан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін әлемге танытқан егемен елімізде ширек ғасыр бойына бір мұнай өңдеу зауытының салынбауын қалай түсінуге болады? Ең бастысы, біздің елімізде бензин бағасы қашан тұрақтайды? Көпшіліктің көңілін күпті қылған осы бір ащы сұрақтарға ашық жауап іздейтін уақыт жеткен сияқты.

«Бақсам, бақа екен» дегендей, бұл тағдыршешті сұрақтардың сыры «жабайы капитализмдегі жекеменшіктің бас пайдасын өсіруге құныққан «бармақ басты, көз қысты» атты бақай есепте жатыр екен. Оған Қазақстан­дағы бензин бағасын белгілеу құры­лымының қыр-сырын зерттеу арқылы көз жеткізуге болады. Мәселен, Ресейде бензин бағасын белгілеген кезде оның құнының 50 пайызын бюджетке аударылатын акциздер мен салықтар құрайды. Ал Қазақстанда бензин бағасының 50-60 пайызы шикізат құнынан, 20-30 пайызы қайта өңдеуге және тасымалдауға жұмсалатын шығындардан, тек қалғаны ғана бюджетке түсетін акциздер мен салықтардан құралады. Яғни бензин бағасынан түсетін пайданың 80 пайыздан астамы бір қолға шоғырланған еншілес (аффилированные) компанияларға тиесілі. Өйткені шикізатты жеткізетін де, дайын өнімді алатын және тасымалдайтын да осы барлық пайдасын бір қожайынның қалтасына құятын үлесі бір еншілес компаниялар болып табылады.

Сонда осы қалталы қожайын­дар дайын мұнай өнімдерінің белгілі бір бөлігін қымбатқа шетелден тасығанша, еліміздің сұранысын қанағаттандыра­тын жоғары сапалы бензинді толық­тай Қазақстанда шығаруға неге мүдделі емес? Бұл сұрақтың жауа­бы да сол еншілес компа­ния­­лардың мүддесін көздеген көз­қараста жатқан сияқты. Мәселен, соңғы Үкімет отырысында Премьер-Министр еліміздегі бен­зин бағасын қалайда тұрақ­тандыру қажеттігін алға тартып, Энергетика министрін сұрақ­тың астына алып-ақ бақты. Қ.Бозымбаев болса, «Барлық мәселе Ресейден тасымалданатын 20 пайыз көлеміндегі бензиннің бағасына байланыс­ты. Егер оның бағасы бүгінгідей тоннасына 560 доллар болса, ішкі рыноктағы бағаны реттеуге болатын шығар. Ал оның бағасы көтерілетін болса, осы шеттен жеткізілетін 20 пайыздың өзі біздің елімізде бензиннің қымбаттауына әкелуі мүмкін», деп екіұшты жауаппен құтылды.

Бұдан шығатын түйін: егер сұра­нысты қанағат­тан­дыра­тын­дай бензин көлемі өз еліміз­де шығарылатын болса, оның бағасын реттеуге болады. Ал оның белгілі бір бөлігі импортқа тәуелді болса, ішкі рыноктағы баға­ны реттеу Үкіметтің де құзы­рына бағынбайды. Яғни жанар-жағармай стансалары крандарының құлағын ұстаған «алыпсатарлар» импортты сылтауратып, бензин бағасын үнемі көтере береді. Міне, гәп қайда...

Бензин мәселесінде импортқа тәуелділіктен құтылудың жолы қайсы? Оның жолы біреу – қол­даныстағы үш мұнай өңдеу зауытын түбегейлі жаңғырту немесе төртінші мұнай өңдеу зауытын салу. Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу туралы мәселенің көтерілгеніне жиырма жылдың жүзі болып қалды. ҮИИД бағдарламасы қабылданған кезде де жаңа МӨЗ салу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Тіпті мұндай зауытты Қазақстанның қай өңірінде салу тиімді болатыны да белгіленді. Мемлекет басшысы 2014 жылы 17 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін нақты экономикалық мысалдармен дәлелдеп берді. Ал сол жылдың желтоқсан айында ҮИИД бағдарламасы бойынша іске қосылатын кәсіпорындар­дың тұсаукесер салтанаты өткен теле­көпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзіміздің мұнайымыз бола тұра, кім-көрінгенге алақан жайып, әлдекімдерге жалынып, мұнай өнімдерін сұрамау үшін бізге қалай болғанда да жаңа өңдеу зауытын салу керек», деп атап көрсетті. Бұдан ар­тық енді қалай айтуға болады?! Содан бері де үш-төрт жыл өте шық­ты. Алайда МӨЗ салу мәсе­лесі сиыр­құймышақтанып, күн тәр­тібінен көмескіленіп барады.

Тіпті тиісті министрлік­тер мен «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық ком­паниясы Қазақстанға үшін­ші мұнай өңдеу зауытын салу­дың ешбір қажеті жоқ еке­нін дә­лелдеп бағуда. Мә­селен, осы­дан біраз уақыт бұ­рын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов «Шымкент мұ­най өңдеу зауытының қуаты жет­кі­лікті. Кеңес заманында ол екі кезең­мен 12 миллион тонна өнім шығаруға жобаланған. Құ­ры­лысшылар үлгер­меген­дік­тен бірінші кезеңінің қон­дыр­ғы­лары ғана орнатылды. Осы­ған байланысты жоспарлы түрде Шымкент зауытының қуа­тын арт­тырып, еліміздің мұ­най өнім­деріне сұранысын то­лық қа­на­ғаттандыруға шешім қабыл­данды», деп мәлімдеді. Сонымен бірге ол төртінші мұнай өңдеу зауы­тын салу мәселе­сі демо­гра­фия­­лық жағдайға тіке­лей бай­ла­­нысты, ал еліміздегі демогра­фия­­лық ахуал тағы бір мұнай өң­деу зауытын салуға негіз бола ал­май­тындығын да алға тартты.

Қазақстанда жаңа мұнай зауытын салу туралы Мемлекет басшысының тікелей берген тапсырмасын орындаудан осындай негізсіз сылтаулармен жалтарған мемлекеттік топ-менеджерлердің білік­тілігін бағалауды уақыт ен­­ші­сіне қалдырып, қолда бар мұ­най өңдеу зауыттарын жаң­ғырту мәсе­лесіне келейік. Белгі­ленген жоспар бойынша елі­міздегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту 2009-2015 жылдары жүргізіліп, 2016 жылы Қазақстан отандық жоғары сапалы бензинмен толық қамтамасыз етілуге тиіс еді.

Қазіргі күнге дейін белгілі бол­­­ған деректер бойынша, елі­міз­­дегі осы үш мұнай өңдеу зауыт­­­­­тарын жаңғыртуға жаңа зауыт салу­ға жұмсалатын қаржы­дан да көп қаржы жұмсалып отыр. Мә­селен, Атырау МӨЗ-ді жаң­­­­ғыр­ту және қайта құруға – аро­­мат­­ты өндіріс кешеніне 1329 мил­­лион АҚШ доллары, терең өң­­деу кешеніне 2050,1 миллион дол­лар қаржы жұмсалса, Шым­кент МӨЗ-ін жаңғыртуға 1853,5 мил­­лион доллар, Павлодар МХЗ-ын жаңғыртуға 831 миллион доллар қаржы шығындалды. Осы ретте осыншама қаржы жұмсаған жаңғырту жайы қалай болып отыр деген орынды сұрақ туындайды. 1985 жылы пайдалануға берілген Шымкент МӨЗ еліміздегі үш МӨЗ-дің ең жаңасы болып саналады. Оның қуаты жылына 5,25 миллион тонна мұнай өңдеуге негізделген. 90-шы жылдардағы «жекешелендіру» кезінде бұл зауыт түп-тұқиянымен «Витол» атты нидерландтық компанияға 60 миллион долларға сатылды. Нидерландтық «инвесторлар» мұнай өнімдерін терең өңдеу үдерістерінің бәрін жиып қойып, тез пайда табу үшін толықтай мазут өндіруге көшті. Мемлекет кейіннен Нидерланд инвесторларынан Шымкент МӨЗ-ін қымбат бағаға зорға дегенде қайта сатып алып, жаңғырту мәселесінде «жұмақ» жасауға уәде берген канадалық инвесторларға сатты. Бірақ олар да уәдесін орындамай, зауытты тұралатып кетті. Қазір Шымкент зауытының 50 пайыз үлесі Қытай инвесторларының қолында. Сондықтан еліміздің ішкі рыногына ауадай қажет болып отырған жоғары сапалы бензин маркаларын шығару үшін мұнайды терең өңдеуге қатысты жаңғырту кешенді жүргізі­ле ме, жүргізілмей ме – Қытай инвес­торларының қас-қабағына байланысты.

Атырау МӨЗ-і 1945 жылы аме­ри­калықтардың басшылы­ғы­мен салынған болатын. Соғыс жылдарындағы күрделі кезеңде салынған зауыттың техно­логия­лық кемшіліктері көп еді. Соңғы жылдары зауытта екі рет күрделі жаңғырту жұмысы жүргізілді. 2000 жылы Атырау МӨЗ-ін қайта жаңғыртып, жаңа қондырғы­лар орнатқан Жапонияның «Джей Джи Си» және «Марубени Кор­порейшн» компаниялары жоғ­а­­ры сапалы жанар-жағармай өнім­­дерін шығаруға уәде берген. Іс жүзінде зауыт әлі күнге дейін жоғары сапалы бензин өнімдерін шығаруға қабілетсіз.

Павлодар МӨЗ-і 1978 жылы пайдалануға берілді. Павлодар зауыты негізінен Батыс-Сібір кен орын­дарында шығарылған мұ­­най­ды өңдеуге бағытталған. Пав­­ло­дар МӨЗ-і 90-шы жылдары жеке­шелендіріліп, арзан баға­­мен Р.Сәрсенов деген кә­сіп­­­к­ер­­дің меншігіне өтті. 2009 жы­лы Сәрсенов бұл зауыт­ты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сына 1,2 мил­лиард дол­ла­р­ға қайтадан сатты. Соң­ғы кез­де Павл­одар МӨЗ-ін жаң­ғыр­ту бо­йынша сметалық жо­ба­­лау құ­жат­тары жасалып, құры­­лыс-монтаж жұмыстары жүр­­гі­­зі­луде. Бірақ бұл зауыт бая­­ғы­­сын­ша елімізде өндірген мұ­най ш­и­кі­­з­атын терең өңдей алмайды.

Қазыналы қазақ жерінің қойнауындағы барлық мұнай мен газ қорына иелік жасап отыр­­ған «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­­паниясы қолдағы үш МӨЗ-ді уақыт талабына сай жаң­ғырта алмай ма, не бір жаңа МӨЗ салуға шамасы жетпей ме? Әбден жетеді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясы осыдан бір-екі жыл бұрын Румыния­да бір МӨЗ сатып алып, оны аз уақыттың ішінде жан-жақты жаңғыртқан болатын. Өйткені Еуропада жанар-жағармай өнімдері қымбат. Сондықтан мүдделері бір еншілес компа­ния­ларға түсетін пайда жоғары. Ал біздің еліміздің жағдайында кен орындарының иелеріне жан қинамай-ақ әлемдік жоғары мұнай бағасымен шикізат сатқан тиімді.

Қорыта айтқанда, дайын мұнай өнімдерін сататын бизнесмендер мен олардың әртүр­лі мем­лекеттік органда отыр­ған лоббистері үшін еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің им­портқа тәуелді болғаны тиім­ді. Сондықтан олар елдегі мұ­най өңдеу зауыттарын терең жаң­ғыртуға да, жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға да мүдделі емес. Ендеше жылда қайталанатын бензин бағасының қымбаттауы туралы бестселлерге біздегі бензин бағасы Ресейдегі бензин баға­сымен теңескенше нүкте қоя алмайтын сияқтым

 

 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»