• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2017

Күй серісі

1416 рет
көрсетілді

Қасиетті Алатау өңірі, оның ішін­де Шу өзенінің аңғары ежелден­ күйге кенен өлке. Мұнда арғы күй­шілерден жалғасып келе жатқан ба­йырғы күйшілік мектеп бар. 

Бай­серке, Қожеке, Әйтпенбет, Мәді, одан берідегі есімдері елге белгілі дәулескерлерден Темірбек Ахметов, Әшірәлі Шынғожаев, Тұраш Әбуов, Боранқұл Қошмағамбетов сияқты қазақ өнерінің асқаралы классиктері осы өңірде туған. Шу өлкесі – қобыз­шы Ықыластың да аққу күйі шал­қыған киелі мекен. 

Осынау саң­лақтардың бүгінгі жалғасы болар­лықтай ел мақтанына айналған өнер ие­лері баршылығына шүкір дейміз, десек те, солардың ішіндегі дарасы,­ аты алашқа шыққан бірегейі – Әбдімомын күйші екенін барша жұрт біледі әрі мойындайды. Ол дом­быраның қос ішегінен іңкәр сарынын тапқан талант иесі, Алатаудың бауырынан күй ұшырып, Алтай мен Атырау, Арқа мен Қаратау, Ұлытау мен Көкшетау, Бетпақ пен Боздалаға аты мәшһүр болған өнерпаз. Өзінің «Ерке сылқым» атты ұран-күйін шы­­ғарып, төл халқының жанын жадыратқан дүр сипатты сазгер. Әр қазақтың жүрегіне ізгілік пен махаббат сыйлаған осы бір жауһар күйдің авторы, жантаза ағамыз – Әбдімомын Желдібаев биыл сексен жасқа толып отыр екен, ұлттық өнеріміздің ұстыны, күй абызының мерейлі жасы баршамызға, ағала ордалы елімізге ұлық той болсын, сүйіншілі болсын дегіміз келеді. 

Күйші композитор Әбдімомын Жел­дібаевтың өзгеден ерек феномені неде?  

Біріншіден, қазақта күйші көп. Бірақ халықтың жүрегінен орын алатын, ойын-тойына әуез боп шаттығына куә болатындай   күй шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас. Осы орайда қазақтың әлмисақтан жадында қалған «Ақсақ құлан», «Қаражорға», «Кеңес», «Наридірген», «Келіншек» сияқты мәңгілік мақамдардың қатарына жаңа замананың жаршысындай боп Әбекеңнің еркелеген «Ерке сылқымы» қосылды. Қазақта бұл күйді білмейтін жан жоқ десе болады, қолына домбыра ұстаған жанды қаумалаған әлеумет әуелі «Ерке сылқымды» тартшы!» деп қолқалайды. Ерке күй Ресейде, Қытайда, Моңғолияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда танымал туындыға айналған. «Болашақ» бағдарламасымен Еуропада оқып жатқан жастар елін сағынғанда жиналып осы күйді тартады. Бұл екі домбырашының біріне қона бермейтін бақ десе жарасады.

Екіншіден, Әбдімомын күйлері – белгілі бір күйшілік дәстүрге бай­ланбаған, қазақтың қай өңірінде шертілсе де өз мәнерін таба қоятын кілең келісті ақжелең-толғаулар. Оның Тәттімбетше тебіренген шертпелері, Құрманғазыша  шалқыған төкпелері, Нұрғисаша шамырқанған поэтикалық туындылары, Төлегенше мұңлы қо­ңырланған ілмелері, әрі-беріден соң Бай­серке бабасынша төске өрлеген эпикалық-жырау мінезді циклдары композитордың нағыз кәсіби қарымын таныта алады. Жетпіске тарта күй шығарған сазгердің «Толғау», «Боз жігіт», «Ыдырыс», «Абай арма­ны», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі»,­ «Аққу», «Арман құс», «Жесір сазы» атты күйлері халық арасына кең таралған, арнайы оқу бағдарламаларына енген, Жамбыл жерінде композитор атындағы дәстүрлі аймақтық күй конкурсы өтіп отырады.

Үшіншіден, Әбдімомын күйлері – өз кезеңінің айнасы. Ол қоғамдағы әлеу­меттік ортамен біте қайнаған біртұтас талант. Өз замандастарының күй-портретін жазған бояуы қанық суретші. Қазақта арнау күйлер бұрыннан бар, ал күй арқылы белгілі бір тұлғаның музы­калық бейнесін живописьтік штрих­терге пара-пар бейнелеу әлемдік музыкалық мәдениетте орныққан тәсіл, ал сол тәсілді қолданудың домбырадағы ізі Әбдімомыннан басталды деп тұжырымдап айтуға әбден болады. Бұл ретте жазушы Қарауылбек Қазиевке («Боз жігіт»), композитор Нұрғиса Тілендиевке («Арман құс») арнаған күй-портреттерін мысалға келтіруге болады.

Әрине, халқымыздың даңқты күйші-композиторының туындыларынан бұдан өзге де күйдегі жаңашыл қасиеттерін санамалауға болар еді, бірақ мақала күйші мерейтойына арналғандықтан шағын талдауымызды осы жерден ірке тұрамыз. Әбдімомын Желдібаев соңына шәкірттер тобын ерткен бақытты ұстаз. Тараз өңірінен шыққан күйші сазгерлер  Аман Малдыбаев, Өмірғали Ертұрғановтар, аты белгілі әулиеаталық домбырашылар – Талғат Орынтаев, Ержан Рысметов, Батырлан Әбенов, Айман Шерметовалар өз­де­рін Әбдімомын Желдібаевтың із­басары санайды. Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызметте жүрген немересі  Меруерт Желдібаева атасының тікелей мұрагері екендігін танытып, ол да талай өнер аламанынан озған, жас та болса ата жолын қуған домбырашылығымен топқа түсіп жүр. 

Абыз күйшінің әуез ұялаған жүрегі аман болса халқына әлі талай кесек туындыларды сыйлайтынына сенеміз. «Күй серісі» атанған Әбдімомын ағаның мерейтойы барша қазақ руханиятына құтты болсын!