• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 17 Қазан, 2017

Қабілетті ұштай білетін ұстаз

896 рет
көрсетілді

Ұрпақ тәрбиесінде ұстаздардың алар орны ерекше. Мұғалім әрбір оқушының бойына жақсы қасиеттерді сіңірумен қатар, оны білім нәрімен сусындатады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтып кеткендей шәкіртінің білімді де алғыр болып қалыптасуы ұстаздарға байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде Ақмола облысында білім саласында еңбек етіп жүрген 20 мыңға тарта педагогтың ішінде Сәуле Жақыпованың өзіндік ұстанымы бар. 

Білікті педагог балаларды ешқа­шан «жақсы оқитындар» немесе «жаман оқитындар» деп бөліп-жармайды. С.Жақыпованың пайы­мында бала­лар­дың барлығы да талантты, тек дер кезінде олар­дың қабілетін аша білу керек. Сондықтан да болар ұс­таз­дар қауы­мы таңертеңнен қара кеш­ке дейін мектепте жүреді. Өйт­кені әрбір баланың болашағына алаңдаған жақсы мұғалім, оған жеке уақытын да арнайды. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин былай деген екен: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі». Ал Астрахан ауданындағы №6 Агро­техникалық колледж дирек­торының орынбасары Сәуле Жақыпова оқу ордасының жүрегіне айналғалы қашан. Ол ешқашан ұстаздық етуден жалыққан емес. Әрбір оқушы­ның бо­йын­дағы жігерін оятып, оның өмір­дегі өз орны барына, сондықтан да із­деніс қажеттігіне сендіре алатын жақ­сы қасиетке ие. Балалардың бойын­да болашаққа деген нық сенімді ұя­лат­қан ұлағатты ұстаз армандардың орын­далмай қоймайтындығына да сен­діре біледі. Әрбір жетістікке жету үшін аян­бай тер төгу қажеттігін де ескер­туді назардан бір сәт шығарған емес.

Өзінің педагогикалық еңбек жолын Сәуле Жақыпова 1987 жылы Жаңа дала ауданына қарасты Чапаев орта мектебінде математика пәнінің мұғалімдігінен бастады. Біраз жасқа келген оның осы мамандықты таңдауы да қызықты. 1979 жылдан 1982 жылға де­йінгі аралықта агроном-есепші бо­лы­п жұмыс істеп келген Сәуле Жа­қыпова сол жылы педагогикалық білім беретін жоғары оқу орнына түсіп, математика пәнінен мұғалім болу туралы арманын орындауға кірі­сіп кетеді. Содан бергі еңбек өтілі – 40 жыл. Өзінің еңбек жолында ол педа­гогтардың біліктілігін арттыруда белсенді жұмыстар атқарып, мұға­лім­дер шеберліктерін арттыра түсу­ге құлшынатын жағдай жасай біл­ді. Мұғалімдердің өз білімдерін толық­­тыра түсуге құлшындырып, олар­ды аттестациядан өткізу сияқты маңыз­ды міндеттердің қасынан табылып жүргенде осы Сәуле Хамитқызы. Сол тынымсыз еңбегі үшін де Сәуле Жақыпова Ақмола облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар білім беру мен тәр­биелеу процестерін жетілдіру және біртұтас оқытуды қамтамасыз ету мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Білім беру ісінің құрметті қыз­мет­кері» төсбелгісінің иегері атанды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы