• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2017

Павлодар мемлекеттік университетінде «Нефтехим LTD» ЖШС аудиториясы ашылды

307 рет
көрсетілді

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің металлургия, машина жасау және көлік факультетінің студенттеріне салалық білім беру мақсатында «Нефтехим LTD» ЖШС аудиториясы ашылды. Университет ректоры Гаухар Ахметова кәсіпорын мен университет арасындағы өзара ынтымақтастық бағдарламасының студенттер үшін тиімділігін атап өтті.

Жалпы, мұнай-газ, метал­лургия, машина жасау, көлік технологиялары, техно­логия­лық машиналар, стандарттау, метрология және сертифи­каттау, көлікті пайдалану, жүк қозғалысы мен тасымал­дауды ұйымдастыру салалары бо­йынша маман даяр­лай­тын факультетте 60-тан аса оқытушы-ғалымдар қыз­мет етеді. 

20 инновациялық патенті, 132-ден астам ғылыми жұ­мыс­тары жарияланған факуль­тет профессорларының бірі Әбілхан Қарақаев жуыр­да «Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнертапқышы» атанды. Факультет деканы Қайрат Әбішев­тің айтуынша, жаңа білім жүйесін оқып-үйрену үшін студенттер Назарбаев Уни­вер­ситетінде, оқытушылар Ұлы­британия, Жапония, Син­гапур елдерінде білімдерін жетіл­дірді. Бірқатар студенттер Президент шәкіртақысының иегері болды. Машина жасау мамандығының студенттері Польшаның Люблин техника­лық университетіне, металлургия мамандығы бойынша оқитын жастар Болгарияның металлургия университетіне жіберіліп, білімдерін жетіл­дірді. Сондай-ақ Чехия, Латвия мен Ресейден шақырылған оқыту­­шылар сабақ береді. Факуль­теттің оқытушылық әлеуе­­тін металлургия кафед­расы­­ның профессоры А.Бого­мо­лов­тың «Вильгельм Лейб­ниц» ме­далімен наградталып, аға оқы­тушы А.Жақыповтың метал­лу­ргия саласына арналған жоба­сы үшін еліміздің «Жас ға­лым» байқауында 1-орынды же­ңіп алғанынан көруге болады.

Университеттегі кәсіптік ауди­торияның ашылуына кә­сіпорын директорының ке­ңес­шісі Олег Тимошов, оқу орталығының жетекшісі Анастасия Гришина және факультет ғалымдары мен студенттері қатысты. Екіжақты әріптестік аясында тиімді оқу процесін ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар мен ақпараттық-әдістемелік материалдармен қамтылған аудитория енді студенттер үшін тәжірибелік сабаққа арналған алаң қызметін атқармақ.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР