• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қазан, 2017

Құқығын қорғаймын деп қақпақылға айналды

580 рет
көрсетілді

Жуырда редакциямызға Шығыс Қа­зақ­стан облысы Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Ахтановадан хат келді. 1979 жылдан бері аталған ауылдың Абай атындағы орта мектебінде қызмет етіп келе жатқан педагог алдымен өзінің еңбек жолы жөнінде баяндапты. 

16 жыл мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 7 жыл оқу ісі жөніндегі орынбасары және 7 жыл мек­теп директоры қызметін атқарған Гүл­нәр Уатханқызы аудандық, облыстық жә­не республикалық деңгейде түрлі мара­паттарға ие болған екен. Білім саласында ба­ғындырған биіктерін растайтын марапат қағаздарының түпнұсқасын бірге жолдапты. Ал 2014 жылдың 17 қарашасында «Бі­лім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­белгісімен марапатталады. Алайда дәл осы мерейлі күннің ертеңінде, 18 қа­раша күні мектептің бас есепшісі М.Көкенова, аспаз Б.Оразалина және мұ­ғалім Г.Мамидолданованың жазған ары­зы негізінде оны облыстық тәртіптік ке­ңес директорлық қызметтен босату ту­ралы ұсыныс жасайды. Осы ұсыныс не­гізінде аудандық білім бөлімі 2015 жыл­дың 25 ақпанында Г.Ахтанованы дирек­тор қызметінен алған. Не үшін деген заңды сауал туады. Хат иесі жолдаған тәр­тіптік кеңес шешімінің көшірмесіне үңілген едік. Онда 2008 жылдың 30 қыр­күйегінен бері Абай атындағы орта мек­теп директоры қызметін атқарып ке­ле жатқан Г.У.Ахтанованың үстінен тәр­тіптік іс қозғалғаны, яғни мектептің 3 қызметкерінің директордың заңсыз әре­кеті жөніндегі арызына сәйкес бюджет қаржысын мақсатты пайдалану жә­не сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң­наманы, «Мемлекеттік сатып алу ту­ралы» заңды сақтау бойынша тексеру жүргізілгені, нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталғаны жазылған. Бұл қандай заң бұзушылықтар? Тәртіптік кеңес шешімінде көрсетілгендей, 2012 жылы шілде айында «Элхон строй» ЖШС директоры У.Шакаев мектеп директоры Г.Ахтановамен мектеп автобусын (тіркеу номері F 809 DK) қыркүйек айына дейін жалдау жөнінде келісім жасайды. Жалдау ақысына алынған 360 мың теңге мектептің есеп айырысу шотына енгізілмеген. 2012 жылдан бастап мектеп асханасында 216 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 2012 жылдан бастап тексеру болған күнге дейін мектеп асханасында 216 оқушыдан басқа 10-15 оқушыға күнделікті тамақ сатып алынып отырған. Сондай-ақ әр сенбі сайын асханада орта есеппен 200-ге жуық самса пісіріліп, оқушыларға 35 теңгеден сатылған. Түскен ақшаны Б.Оразалина мектеп директоры мен оның тәрбие ісі жө­ніндегі орынбасары Л.Әубәкіроваға және психолог А.Дүйсенбекқызына беріп отырған. Бұдан өзге 2013 жылдың қыркүйек айында Г.Ахтанова мектептің 10 техникалық қызметкерін жеке кәсіпкер М.Камалбекованың картобын жинауға үш күнге жіберген. Бұл көмек үшін мектепке 20 қап картоп берілген. Аталған картоп та мектеп асханасы арқылы игеріліп, қаржысы қалтаға түсіп отырған. Сондай-ақ 2014 жылдың 15-30 шілде аралығында зертханашы А.Махранованың орнына келісім бойынша қосымша (қызмет уақытынан тыс) А.Кекбаеваның жұмыс істегені, оған 10 мың теңге төленгені, бұл қаржының жартысын Г.Ахтановаға бергені айтылады.

Міне, мектеп директорының құқық бұ­зу­шылық әрекеттері тәртіптік ке­ңес шы­ғарған шешімде осылай көр­се­тіліпті.

Ал мектептің бұрынғы директоры­ Г.Ахтанова бұл айыптаулармен ке­ліс­пейді. Яғни мектепке асханадан түс­кен барлық қаржы арнаулы есепшотқа тү­­сіп отырған. Мұны растайтын банк тү­­біртектері сақталған. Ал самса пісіру жос­пары аудандық білім бөлімімен бе­кітіліп, қазынашылықтан өткендігі ту­ралы құжаттары бар. Және 2004 жылдан 2014 жылға дейін мектептің өз­ өнімін өткізуі заңды болып танылып келген. Түскен қаржыны кірістеу, мек­теп­ке керекті заттарға жұмсау тәр­бие ісі жөніндегі орынбасары мен қам­қорлық кеңесінің мүшелері арқылы жүр­гізілген. Бюджеттен бөлінетін қаржы мек­тепті күтіп ұстауға, мәдени шаралар ұйымдастыруға жетпейтіндіктен, білім бө­лімі қойған талаптарды орындау үшін қо­салқы шаруашылық пен демеушіліктен түскен қаржы арнайы есепшот арқылы мектептің мұқтажына пайдаланылған.

Ауданның басқа мектептері сияқты біз­дің ұжым да 2003 жылдан бастап қо­салқы шаруашылықпен айналысып, мек­теп оқушыларына күнделікті тегін тамаққа бөлінген 70 теңгенің орнына 100-120 теңгенің тегін тамағын бе­­ріп келді. 2012-2013 оқу жылында тегін тамақтанатын 177 балаға қо­сым­ша өз есебімізден 23 оқушыны та­мақтан­дырып, тегін тамақтанатын оқу­шы санын 200-ге жеткіздік. Қосалқы ша­руашылық есебінен бюджеттің тегін та­маққа бөлінген қаржысынан 2010 жылы – 150 мың теңге, 2011 жылы – 398 мың, 2012 жылы 100 мың теңге қаржы үнемделіп, мемлекетке қайтарылды. Барлық қаржының жұмсалуы туралы түбіртектері мен актілері, аспаздың есебі кассациялық сотқа берілген. Сондықтан мені кәсіпкерлікпен айналысты деген тәртіптік кеңестің желеуі заңсыз, деп жазған екен хат иесі.

Оның үстіне мектептің 2,7 гектарды құ­райтын бақшасы бар. Оған мектептің қамту қызметкерлері көкөніс егеді әрі шаруа қожалықтары да бақша өнімдерін ақы­сыз беріп отырады. Аудан бюджетінен бөлінетін қаржының аздығына байланысты бұл көкөністер оқушылардың та­ғамына қосылып беріліп отырады. Г.Ах­танова алынған өнімнің кестесі мен құжат­тарының барлығын хатқа тіркеп, бір­ге жолдапты.

Редакциямыздан араша сұрап, әділдік із­деген Гүлнәр Уатханқызымен Зайсан ауданындағы жұмыс сапарымыздың аясында кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған едік. Айтуынша, 2012 жылы да үстінен арыз жазылып, тексеру болыпты. Ал 2014 жылы министрліктің төсбелгісімен марапатталған күннің ертеңінде-ақ екі жыл бұрынғы іспеттес арыздың құзырлы органдарға қайта түсуі ішке шынашақ айналмайтын қызғаныштың көрінісі дейді ол. Өзі аудандық мәслихаттың депутаты болғандықтан, төсбелгіні мәслихат хатшысы мен білім бөлімі кәсіподақ ұйы­мының төрағасы арнайы келіп, ұжым ал­дында табыс еткенін айтады. Бұл кезде мек­тептің әдістемелік кеңесі өтіп жатқан бо­латын. Жиында арызға қол қоюшының бірі, бұрын оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істеген Г.Мамидолданова да отыр­ды. 2012 жылы жазылған арыздың иесі де Мамидолданованың туысы екен.

– Мен кейін сот материалдарымен танысуға мүмкіндік алып, арыз жазу­шының берген түсінігін көрдім. Онда Г.Мами­долданова асханадан алған 32­ мың теңгені директорға апарып бер­­­генін жазады. Түбіртекке қарасақ, бұл қаржының банкке қайырымдылық қоры­ның есепшотына салынғанын көруге бо­лады, – дейді Г.Ахтанова.

«Білім беру туралы» заңға сәйкес, мектеп ұжымдары қосалқы шаруашылықпен айна­­лысуға құқылы. Өнімнен тапқан пайда мектептің қажетіне жұмсалады. Оған мектеп ұжымы, қамқоршылар кеңесінің мүшелері қол қояды. Бұл ретте мектепте ақылы қызметтің жоспары жасалып, оны аудандық білім бөлімі бекіткен. Г.Ах­танова аталған ақылы қызмет жоспарын мектептің бас есепшісі әдейі жасырып қойғанын, тексеру кезінде бұл құжатты таппай қалғанын айтады.

2006-2011 жылдар аралығында мек­тептің оқушыларды тасуға арнал­ған же­­ке автобусының қажеттілігі үшін бюд­­­жеттен ешқандай қаржы қарас­ты­рыл­­маған. Тіпті мектеп меншігіне алу ке­­зінде аудан әкімі орынбасарының бер­ген анықтамасында автобустың шинасы жоқ, двигатель блогінің сызатты екен­дігі жазылған. 1991 жылғы ескі көлік еке­ніне қарамастан, «Элхон строй» ЖШС авто­­бусты жөндеп, уақытша пайдалануға және белгілі жалдау ақысын төлеуге ке­ліседі.

– Фирманың екі айға жалдау ақысына төлеген 360 мың теңгесін мен және тәр­бие ісінің меңгерушісі, есепші, хатшы және психолог бар, бәріміз санап алдық. Ке­йін­нен бұл қаражатты есепшінің арнайы шотқа әдейі түсірмегені анықталды. Яғни қайта-қайта қоңырау шалса да есепшотты дұрыс айтпаған. Сондықтан фирма жетекшісі Өскеменнен арнайы келіп, қаржыны өз қолымен беріп кетті. Бұл қаржы да мектептің қажеттілігіне жұмсалды, дейді Г.Ахтанова.

Сондай-ақ зертханашының жұмыс істеуіне мүмкіндік бергенімен, еңбек­ақының 5 мың теңгені құрайтын жарты бөлігін алғаны тәртіптік кеңес барысында дәлелін таппады. Дегенмен, тәр­тіп­тік кеңес шешімі бойынша тағылған айып өзгеріссіз қалды. Сол сияқты Қа­мал­­бекованың картобы да қосалқы шаруа­шылық өнімі ретінде оқушылардың тегін тамағына жұмсалған.

Міне, арызда көрсетілген жайттар дұ­рыс дәлелденбегеннен кейін Гүл­нәр­ Уатқанқызы тәртіптік кеңестің ше­ші­мімен келіспей, аудандық сотқа жүгі­неді. Зайсан ауданының соты Г.Ах­та­нованың қызметін қайта қалпына кел­­тіргенімен, аудан прокуроры істі апел­ляциялық сотқа береді. Оған осы сот оты­рысында арызға қол қойған мектеп есеп­шісінің «Сонда 5 жыл ішінде түскен 710 мың теңгенің қайда жұмсалғаны белгісіз болып қалды» деген сөзі негіз болады. Апелляциялық сот прокурордың наразылығын қанағаттандырды. Бұл шешіммен келіспеген Г.Ахтанова кас­­са­циялық сотқа жүгінеді. Алайда кас­са­циялық сот апелляциялық соттың ше­шімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, құ­­қық қорғау органдарының арасында қақ­пақыл болып, салы суға кеткенде «Нұр­ Отан» партиясы қызметкерлері Г.Ахтановаға Қ.Қожамжаровтың қабыл­дауына онлайн арқылы қатысуға кеңес береді. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде Мем­лекеттік қызмет істері және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың онлайн-қабылдауында болғаннан кейін, Аза­маттық-процессуалдық кодекстің 404-бабына сүйене отырып, заңды кү­шіне енген сот шешімін апелляциялық сот­та қайта қарауға беруіне толық құ­қылы екендігі туралы жауап алады. Бі­рақ Астанадан келген жауапта тексеру қор­­ытындысы нақты, толық жазылмаған дейді Г.Ахтанова. Бұдан кейін де әділдік із­деп, сарсылған шағымданушы әр есікті күтумен табалдырық та тоздырғанын, уақыт та оздырғанын жеткізді. Ай­та­лық, агенттік берген жауапты негіз­ге алып, апелляциялық сотқа қайта ша­ғым­данғанымен, аудандық білім бө­лімінің мекен-жайы көрсетілмегені үшін ша­ғым кері қайтарылады. Және жа­ңа жылда заңнамаға тиісті өзгертулер ен­гізілгеннен соң кассациялық сотқа беруге болатындығы туралы кеңес беріледі. Ал 2016 жылы кассациялық сотқа жүгінген оған апелляциялық сот шешімінсіз кассациялық сот болмайтындығы айтылады. Осылайша, апелляциялық сот­қа қайта оралғанымен, ондағылар өті­ніш хат жазбағанын айтып, тағы кері қай­тарады. Өтініш хатты аудандық соттың ма­құл­дауымен қайта өткізгенінде, апел­­ляциялық сот қабылдап алғанын рас­­тайтын бұрыштама соққанымен, кейін­нен шағымданушыға тағы да өтініш хат­­тың болмағанын алға тартады. Яғни шағым­данушының бір барған жеріне сан ба­руына тура келді. Былтыр 1 тамызда өткен апелляциялық сот әуре-сарсаңға салған істі аудандық сот шешімінің кем­шілігі деп ұйғарады.

Сот шешімінің шалағайлығы үшін мен­ неге жапа шегуім керек? Менің сан­­­­да­­­лысым аяқтала ма, аяқталмай ма? Кім­­нен араша күтемін? Кім мені қор­ғайды, деді ашынған педагог. Бұдан кейін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес ұлттық бюросы мен прокуратураға шағым­данғанымен, бұл істің нүктесі әлі қойылған жоқ. Өйткені тәртіптік кеңес­тің оты­рысынан кейін мектептің кәсіподақ ұйымның жиыны өтіп, ұжым мүшелері бас есепшінің қызметін тексеру жөнінде ортақ ұйғарым шығарған екен. Осы арқылы ревизиялық тексеру кезінде есепшінің мектеп директорының сыртынан қол қойып, қаншама қаржыны жеке пайдасына асырғаны, ұжым мү­ше­лерінің зейнетақы қорына тиісті қар­жыны аудармағаны, әріптестерінің іс­сапар шығындарын бермеуі сияқты келеңсіздіктері белгілі болды (11.01.2017 ж. облыстық сот-сараптама институтының №94 қорытындысы бойынша қойылған қолдардың Г.Ахтанованікі емес екені анықталды).

Мектептің күрделі жөндеу жұмыста­рына байқау жарияланған сәтте жеке мүддесін өткі­зуді көздегені де есеп­шіге еш зиян тигіз­беді. Үш мәрте реви­зиялық тексеріс ке­зін­де қаржылық шала­ғайлықтар анық­тал­ғанымен, есепші өз қызметін әлі жал­ғас­тырып келеді, дейді ол.

Бізге жолдаған құжаттардың арасын­дағы республиканың Бас прокурорына жолдаған хатқа назар аудардық. 2014-2015 оқу жылында мектептің толық күр­делі жөндеуден өткені, екі жылға жос­парланған жөндеу жұмыстарының екінші жылға қалдырылмай жаңа оқу жылында мектепте сабақ басталғаны, осы кезден бері мектеп директорына жала жабылып, біржақты тексерулер жүргізілгені айтылған екен. Көреалмаушылықтан туын­даған, қиыннан қиыстырып жала жабушылардың іс-әрекетіне нүкте қойып, ақ-қарасын әділ шешіп беруді сұра­ған мектептің кәсіподақ комитеті мен педа­гогикалық және қамту құрамының мү­шелері, барлығы 60-тан астам адам қол қойған. Осы іспетті хатты Жоғарғы сот Төра­ғасы мен Бас прокурорға аудан­дық мәс­лихат аппараты да жолдаған. 2017 жылдың 17 ­­қаң­тарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлт­тық бюросы ШҚО бойынша депар­таментінің басшысы С.Потанин Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бо­йынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Б.Камаловқа Г.Ахтановаға қатысты Тәр­тіптік кеңес шешімін қайта қарау туралы ұсыныс жасағанымен, шешімнен кейін сот отырысы болғанына байланыс­ты сот ше­шімін өзгерте алмайтындығын алға тартқан.

Біз осы орайда екінші тарапқа да хабарласып, олардың уәжін тыңдауға құлықты екенімізді жет­кізіп, электронды мекен-жайымызды да бердік. Бірақ ол тараптан ешқандай түсі­ніктеме берілген жоқ. Сондықтан бүгінге дейін құқық қорғау органдарының ортасында әрі-сәрі күй кешіп, әділдік таппай келе жатқан Г.Ахтанованың жайын жеткізгенді жөн көрдік.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»