Қазақ өмірдің өлшемін «қамшының сабындай» деп қысқа қайырған. Өзі жалған, өзі қысқа өмірде ғибратты ғұмыр сүру әркімнің маңдайына бұйыра бермес бақ. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген Жиреншенің жиі айтатын сөзі өмірін өнегемен өрнектеген тұлғаларға қатысты болса керек. Солардың қатарында тіршілігін тілшілікпен ұштастырған, жанына жазуды, қолына қаламды серік еткен жүйрік журналистер де бар. Өмірден өзі кетсе де, сөзі қалған қаламгерлердің қадірі қашанда биік. Оларды еске алып, естелікпен бөлісіп, шарапатты шаралар ұйымдастыру артындағы іздеушілерінің ізгілікті ісіне айналды десек артық айтқандық болмас. Біз соның куәгері де болдық.
«Олардың есімдері біздің жүрегімізде» деген атаумен өткен кештің мазмұны терең, маңызы жоғары деуге болады. Ұлағатты шараны ұйымдастырып, ұйытқы болған Астана қаласы әкімдігінің тұңғыш баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Түгел медиа» бірлестігінің басшысы Сәдібек Түгелдің сөзіне сүйенсек аталған шара осыдан 5 жыл бұрын ұйымдастырыла бастаған екен.
«Иә, 2012 жылдың 4 мамыры күні осындай игі шараның тұсауы кесілді. Біз бұл күні «Астана қаласы халықаралық баспасөз орталығының» жұмысына белсене араласқан, 14 атақты қаламгер-журналисті, дарынды әріптестерімізді еске алдық. Олардың ішінде Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэл Жұмабаев, Жұматай Сабыржанов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Владимир Бойко, Мадрид Рысбеков, Шәкизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятовский, Біржан Белғара бар. Ал екінші еске алу кеші 2013 жылдың 12 желтоқсаны күні «Жастар» сарайында жоғары деңгейде өткізілді. Онда елордамыздың дамуына және журналистикаға зор үлес қосқан әріптестеріміз Әскен Нәбиев, Бақтыбай Шаханов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дүкенбай Досжан, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемірова, Андрей Тришечкин, Наталья Хабарова, Иван Балучевский туралы бейне-сюжеттер көрсетіліп, әсерлі естеліктер айтылды. Үлкен тебіреніспен өткен шарада көзіне жас алып, көңілі толқымаған жан болмады», деді Сәдібек Түгел.
Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған кеште «Тұмар» журналының негізін қалаушы, оның бас редакторы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, «Жаңа Сарыарқа» журналының негізін қалаушы, бас редакторы, ақын Нұрғожа Ораз, «Әлем әдебиеті» журналының негізін қалаушы, бас редакторы, жазушы Кеңес Юсуп, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімханұлы, «Экспресс-К» газетінің бас директоры Алексей Пан, «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты қызметкері Марат Аққұл, Қазақстан Республикасы Президенті телерадио кешенінің редакторы Смағұл Рахымбек, «Астана жас тілшілер көзімен» фестивалінің авторы әрі ұйымдастырушысы Светлана Галиева, Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің ұстазы Сембай Қисымұлы, «Азамат Таймс» газетінің бас редакторы Ерлан Ақмурзин, «Астана радиосының» қызметкері Әлия Жүсіпова, «Хабар» телеарнасының тілшілері Ольга Латынина, Азамат Қалымбетов, Сергей Насыров, Агроуниверситеттің баспасөз хатшысы Айжан Жұмабаева секілді ерен еңбек иелерінің жарқын бейнесі жаңғырды.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Ұлы Дала қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының ұйымдастыруымен жүзеге асқан кеште әріптес-қаламгерлерді еске алып, олардың шығармашылық жолындағы жетістіктері мен ерен еңбектері және өмір жолдары туралы ескірмес естеліктер айтылды.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»