• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2017

ОҚО әкімі көшбасшы жастармен кездесті

532 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев «Жас Отан» Жастар қанатының ІV Съезі аясында «Жастар Отанға!» саяси лагеріне арнайы қатысу үшін келген көшбасшы жастармен дөңгелек үстел басында кездесті.

Кездесуге республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Д.Сүндетбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғамы министрлігінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының орынбасары Тұрар Әбуов, Қазақстанның эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас, журналист, тележүргізуші  Асхат Садырбай, Гарвард бизнес мектебінің түлегі, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі   Данат Жумин, 22 жеңіліссіз жекпе жек өткізген кәсіпқой боксшы Жанхош Тұраров, «Global Business Forum» ұйымының директоры Әсел Сыдықова, бірқатар облыстардағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағалары қатысты.

Еліміздегі жастардың басым көпшілігі яғни, 800 мыңдай жастар тұратын Оңтүстік өңірінде «Жастар Отанға!» саяси лагерінің өтуі облыс жастары үшін өте маңызды екенін айтқан аймақ басшысы, еліміздің ертеңі жастарға ағалық ақылын айтты.

«Бүгін Оңтүстік Қазақстанда Қазақстанның барлық аймақтарынан еліміздің болашақ тіректері, бүгінгі жас көшбасшылар бас қосып жатырсыздар. Онда өз ақыл-кеңестеріңізбен бөлісіп, жастар саясатын жетілдіру жолдарын талқылайды деп сенемін. Себебі, Сіздерге халық пен Елбасы үміт артып отыр.  Сонымен қатар, әр біріңіз Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жатқа білулеріңіз керек, ол барлығыңыз үшін ұран болуы қажет. Сондай-ақ, бүгінгі жастар жылтыр, жаттанды жалаң сөздерден арылып, шынайы сөйлеуді үйренуі қажет. Ол үшін білім алып, тарихымызды жатқа оқып білулеріңіз керек. Себебі, жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан, олар қазір қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуі қажет»,-деді әкім.

Басқосуда жастар өзара пікір алмасып қана қоймай,  Қазақстандағы жастардың бүгінгі жай-күйі туралы сөз қозғап, облыс әкіміне жастарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Мұнан бөлек, кездесуге қатысып отырған жастар Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ететіндерін оған барша жастарды шақыратындықтарын  жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі бүгінгі таза ауада өтетін жастар басқосуының облыс жастарына берері мол мазмұнды кездесу болатынына сенім артып, жиынның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Айта кетейік, Төле би ауданындағы «Алма-Тау» демалыс аймағында өтетін кездесуге барлық өңірлердегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағалары мен белсенділері, саясаттанушы, кәсіпкер, спортшы, әнші және жастар саясаты саласының өкілдері жалпы саны 120-дан астам жас қатысатын болады. Осы кездесуде келелі мәселелер айтылып, жастар саясатын дамытудағы оң пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынбақ.