Біріккен Ұлттар Ұйымының әр жылдағы мәлімдемесіне назар салсақ, қыз балалардың құқықтары жиі бұзылатынын көруге болады. Бұл жерде әлеуметтік мәселе емес, қыздардың адам ретіндегі құқы айтылады.
Дүние жүзі бойынша қыздардың білім алуға, жасына лайық қоғамдық қызметтерді пайдалануына кедергілер жасалуы былай тұрсын, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері де жыл өткен сайын көбеюде. 1995 жылы қабылданған Бейжің декларациясында «Әйел құқы – адам құқы» екені жазылғанмен, нәзік жандыларға қысым көрсету барған сайын өршіп барады.
Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген «БҰҰ-әйелдер» ұйымының жетекшісі Фумзиле Мламбо-Нгкука 2014 жылы әлем жұртшылығына арнаған жолдауында әйелдердің, кәмелет жасқа толмаған қыздардың құқықтарын аяққа таптау әрекеттері көбейгенін айтып, дабыл қақты. Әлемдегі әрбір үшінші қыз күн сайын физикалық күш көрсетуге тап болса, миллиондаған қыз бала жыныстық операция жасатуға мәжбүрленген. Сондай-ақ күн сайын 39 мың қыз ерлер тарапынан зорлыққа ұшырайды екен. Егер бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін кемімесе, әлемде 140 миллион қыз кәмелет жасына жетпей әйел санатына енуі мүмкін.
Ал 2002 жылғы Италиядағы Сьерра Леоне соты жыныстық қатынасқа зорлықпен мәжбүрлеуді адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс ретінде таныған еді. 2008-2010 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №1820 қарарында әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын алу бағыттары көрсетілген. 1995 жылы Бейжіңде өткен халықаралық конференцияда әлем қыздарына қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасау туралы хаттама түрінде «уәде» берілген болатын. Бұл құжатта әрбір қыз бала сапалы білім алуға, қоғамдық іс-шараларға қатысуға, медициналық қызмет түрлерін пайдалануға, яғни адамға қажетті игіліктің бәрін көруге құқығы бар делінген. Өкінішке қарай жоғары деңгейде қабылданған сол құжатта айтылған мәселелердің барлығы өз шешімін тапты, орындалды, әйелдер бұрынғыдан гөрі қауіпсіз қоғамда тіршілік ете бастады дей алмаймыз.
БҰҰ-ның Даму жөніндегі құжаттарында да қыз балалардың құқықтарын қорғау, жалпы әйел затына қатысты қастандық түрлерінің алдын алу мәселесі аталған. Бірақ статистика аяулы жандарды аяусыз қорлау деректерінің азаймағанын көрсетеді. Мысалы, 127 елде отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел заң жүзінде қорғалмайды екен. Еуропа елдерінде зорлау фактісінің 14 пайызы тек сөгіс жариялаумен аяқталады. Басқа мемлекеттерде сөгіс жариялау фактісі 5 пайыздан да аспайды. Ал 57 мемлекеттегі әйелдердің 10 пайызы жыныстық зорлықты бастан өткергенін растаған. Олардың ішінде тек 11 пайызы ғана құқық қорғау мекемелеріне шағымданған. Осы әйелдердің 8 пайызы тонауға ұшыраған. Оның ішінде тек 38 пайызы құқық қорғау мекемелеріне арыз берген. Дүние жүзіндегі 20,9 миллион ауыр жұмысқа мәжбүрлі түрде жегілгендердің 55 пайызы әйелдер. Ал жыныстық эксплуатацияға ұшыраған әйелдердің саны 4 миллионнан асып кеткен.
Енді мына мәліметке қараңыз, 2013 жылы әлемдегі 120 миллион қыз бала ерлер тарапынан зорлық-зомбылыққа душар болған, 19 жасқа толмаған 84 миллион қызға физикалық, эмоционалдық қастандық жасалған. Бұл жөнінен Танзания, Гвинея, Конго демократиялық республикасы, Уганда, Зимбабве тәрізді елдер алдыңғы қатарда тұр. Дамыған елдердің ішінде Швейцарияда 17 жасқа дейінгі қыздардың 22 пайызы физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Ал әлемдегі тұрмысқа шыққан 15-19 жастағы әйелдердің тең жартысы күйеуі өзін ұрғанын дұрыс деп есептесе, Иордания, Ауғанстан, Гвинея, Мали, Тимор-Лешти сияқты елдердегі ерте тұрмыс құрған қыздардың 80 пайызы күйеуінің сабағанын жария еткен. Отыз елге жүргізген зерттеу бойынша, 15-19 жас аралығындағы қыз-келіншектердің 70 пайызы еркектер тарапынан зорлық-зомбылық көргенін жасырады екен.
Дүниедегі қорлық-зорлықтың небір түрін еркектерге қарағанда нәзік жандылар көп көретіні белгілі. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының 2011-2014 жылдардағы құжаттары растайды. Соңғы жүз жыл ішінде әйел мәртебесін көтеретін көптеген заңнамалар қабылданды. Бүгінде әйелдер еркектермен тең деңгейде қоғамдық мәселелерді шешуге белсене араласады, өз құқын қорғауға мүмкіндігі жетеді дегенімізбен, гендерлік теңдік алаңында өзекті өртер дүниелер аз емес. Мәселен, бүгінде әлемнің 186 елі әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны ратификациялады. Бірақ қыз-келіншектің барлығы өзін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінеді дей алмаймыз.
Қазіргі кезде 139 мемлекеттің конституциясында әйел мен ер адам теңдігі заңдық түрде бекітілген. Дегенмен зерттеу нәтижелері көрсеткендей, экономикасы дамымай қалған елдермен қатар озық мемлекеттерде әйел құқығының аяққа тапталуы жиі орын алады. БҰҰ-ның «Әлем әйелдерінің өркендеуі» деп аталатын құжатында бейбіт кезде және соғыс жағдайында қыздар мен аналардың ар-ожданын сақтап қалуына арналған мәселелер түйіні көрсетілген. Баяндамада жазылған мәселе бойынша құқықтық жүйені құрудың он кепілдемесі ұсынылған.
2014 жылдан «БҰҰ-әйелдер» ұйымы «Зорлық-зомбылыққа қарсы дауыс» деп аталатын бағдарламаны жүзеге асыра бастады. Бұл құжаттың мақсаты – қыз балалар мен жас келіншектерге жасалатын қастандықтардың алдын алу. Бағдарлама Дүниежүзілік қыздар ұйымымен бірлесе отырып он екі мемлекетте 5-25 жас аралығындағы 800 мың жасты қамтымақ. Осы орайда БҰҰ әлемнің көптеген елдерінде нәзік жандыларға қатысты қылмыстарды болдырмау амалдарын жасауда. Бағдарлама аясында «Қыздардың игілігі үшін» деген жоба жасалып, әр елдегі жас қыздарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін тіркеп, құзырлы мекемелерге өткізу ісімен де айналысады.
БҰҰ мамандарының пікіріне назар салсақ, Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда әйелдердің басым бөлігі азды-көпті тұрмыстық зорлық-зомбылықты көрген. Отбасында теперіш көріп, қорлық көрсетуден жапа шеккендер көбінесе өздерінің құқықтарын қорғауды қажет деп таппайды. Әйелдерге о бастан көнбістік тән болса керек, әкесі анасын жиі-жиі ұрып-соғатын баланың психологиясы дұрыс қалыптаспай, жеке өмірінде кедергілерге көп ұшырайтыны белгілі. Қызды – қызғалдақ, әйелді ана деп аялаған қазақ танымы зорлық-зомбылықты насихаттаған Батыс идеологиясы үстемдік құрған бүгінгі қоғамның көлеңкесінде қалып бара жатқандай.
Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшырап, жапа шеккен әйелдерге көмек көрсететін 30-ға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бірақ мұндай мекемелер барша әйелдің құқығын қорғауға мүмкіндігі бар ма? Бүлдіршін қыздарды жауыздықпен зорлап өлтіргендер туралы ақпаратты естігенде «бізге Қытайдың қатал заңы керек-ау» дейсің. Өйткені елімізде мұндай қылмыс түрін жасағандарға бар болғаны 8-10 жыл ғана кесіледі екен. Ал 10 жыл өткенде темір тордан шыққан жауыз қылмыскер қандықол әрекеттердің одан да зорын жасамай ма?
Құқық қорғау орындарының қызметкерлері ата-аналарға өздерінің балаларын, әсіресе кәмелет жасына толмаған қыздарды бақылаусыз қалдырмауды ескертеді. Ата-аналар мектепке кеткен баланың қай жолмен барып қайтатынын, кімдермен араласып, сабақтан тыс уақытында немен шұғылданатынын біліп отырғаны дұрыс. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, әркім өз ұрпағы үшін жауапты.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, журналист