Қазіргі уақытта нарық пен бәсекелестіктің қатаң талабы сан түрлі салаға сындарлы сынақ жүргізіп жатыр. Бұл баспасөзге де қатысты. Соның ішінде жаңа заманның қанат байлап ұшқандай ұшқыр жаңалығы дәстүрлі медианың дамуына да жан-жақты әсер етуде. Өйткені жаңа технология жетістіктері интернет кеңістігінің ұшы-қиырсыз әрі қолжетімді екенін көрсетті.
Ол өзінің ақпарат таратудағы жаңа құралдарын әр адамның қолына оңай ұстатып отыр. Талғамға таразы жоқ. Десек те ойлы оқырманымыздың ормандай ұйысып, аға басылыммен байланысына берік болып қалуы біздің жауапкершілігімізді үстей түсті.
Ақпараттық аламанға ат қосушылар көбейіп тұрса да, «Егемен Қазақстан» газетінің таралымы тұрақты. Биыл да оқырман ойынан шығып, осы үдеден табыламыз деген сенім бар.
Бас басылымның соңғы жыл бедерінде жаңа ребрендингке ауысып, заманауи талаптарға сай жарық көре бастағаны белгілі. Яғни газеттің еуропалық пішімде шығуы қоғамдық көлікте де, ұшақта да қолға қолайлы ұсталуына, сараптау мен саралауға құрылған материалдар мазмұнының байытылуы толық әрі сенімді ақпарат көзін қалыптастыруға, жазбалар көлемінің ықшамдалуы уақытты үнемдеуге өте пайдалы екенін байқатты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отанымыздың бас газеті» деп баға берген байырғы басылымның барлық өңірде меншікті тілшілері мен тілшілер қосындарының болуы Қазақстанның ақпараттық кеңістігін толық қамтитын рухани әлеуетін көрсетеді. Бұл ресурсқа соңғы кезде бірқатар алыс-жақын шет елдерден тұрақты авторлардың қосылуы да жер-жаһан тынысын көзбен көрген, қолмен ұстаған жаны бар ақпараттарға қанықтыра түспек.
Әлбетте, газетті газет күйінде оқыған ләзім. Оның компьютер, смартфон мен планшетке қарағанда көз жанарына әсері, жадыға жатталуы ерекше болатынын сарапшылар жиі айтып жүр. Бас басылым оқырмандарының басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер мен дәрігерлер, әлеуметтік сала сияқты бюджет қызметкерлері мен басқа да сала мамандары құрайтындықтан, газеттің саясат пен экономикадан тыс әлеумет, білім мен ғылым саласына арналған арнаулы беттеріне, жобаларына маңыз беріліп отыр.
Айталық, білім саласы бойынша жыл басынан бері мектеп пен балабақша қызметкерлеріне арналған «Тәлім» беті, жоғары білім беру үрдісіне бағытталған «Білім» беті шығып келеді.
Бұл алыстағы ауылдар үшін жаңа білім жүйесінің жаңалықтары мен әдістемелерінен хабардар болып отыруға жасалған мүмкіндік ретінде бағаланып отыр. Онымен шектелмей, оқушыларды биылғы жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлауға газеттен көлемді орын берілді.
Осы іспетті жобалар әлі де жалғасын табады. Бұл ретте редакция өзекті оқиғаларға бей-жай қарамайтын оқырманмен тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Бас басылымның даму тұжырымдамасы да осы мақсатқа негізделген. Биылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетін Астана мен Алматы қалаларында «Қазпошта» бөлімшелерімен бірге Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан да сатып алуға болады. Газетті тарату мен сату желілерін одан әрі кеңейту көзделіп отыр. Мұның барлығы «Егеменді» елге жақындатудың жолы. Сондықтан жазылымның жаңа маусымына да белсене атсалысыңыздар, «Егеменді» елге жақындататын Сіз, мәртебелі оқырман!