«Астана» командасының қорғаушысы Дмитрий Шомко Еуропа лигасының топтық кезеңінде Израильдің «Маккаби» клубына қарсы ойын жайлы пікір білдірді.
- Бұл кездесуге жақсы дайындалдық. «Ертіске» қарсы ауыр ойыннан кейін өз қалпымызға келдік деп айта аламын. Еліміздің намысын қорғауға дайынбыз.
- Жарақатыңыздан толықтай айықтыңыз ба?
- Жарақат футболдың бір бөлігі ғой. Қазір бәрі жақсы. Емделіп, өз қалпыма келдім. Енді еретеңгі ойынға толықтай дайынмын. Жанкүйерлерімнің алдында бар өнерімді салуға дайынмын.
- «Маккабиде» беларусьтік қорғаушы Егор Филипенко ойнайды. Бізде де белорус ойыншылары жоқ емес. Қарсыластарыңызбен байланысып, команда жайлы сұрастырдыңыздар ма?
- Шыны керек, ол туралы ойланған емеспіз. «Маккабиді» жеңу қолымыздан келеді деп ойлаймын.
- «Маккаби» туралы ой бөліссеңіз. Олардың қандай басым тұстары бар? Кемшіліктері жайлы не айтасыз?
- Рас, «Маккабиді» жан-жақты қарастырдық. Олар допқа көбірек иелік еткенді, қарсыластарын жиі қысымға алғанды ұнатады.
- «Астананың» құпиясы неде? Неліктен өз алаңында жеңілмей келеді?
- Біз еуропалық футбол көрсетіп, жанкүйерлерімізді қуантуға міндеттіміз. Олар бізді қолдау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Олардың сенімін ақтауымыз керек. Тағы бір айта кетерім, Қазақстан құрамасы да «Астананың» деңгейінде ойнаса екен дейміз.
- Маусым соңы да келіп қалды. Ойыншылардың шаршағаны білінбей ме?
- Жарақаттар өз әсерін тигізбей қоймағаны анық. Бірақ қазір бәрі соңына дейін барын салуға дайын. Жеңіске жету басты мақсатымыз болуы керек. Бәрі өз қолымызда.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»