Астанадағы Назарбаев орталығында «Этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қалыптастыру стратегиялары» тақырыбындағы халықаралық конференция өтті.
Іс-шарада кіріспе сөз сөйлеген Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм Қазақстанда өтіп жатқан этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қалыптастыруға арналған жиынға қатысуды зор мәртебе санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Германия мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас барысында елімізде тұратын этностық немістердің тарихи отанына оралуы өз маңызын жоғалтқан жоқ.
«Аз ұлттар төңірегінде сөз қозғағанда келгенде өте мұқият болуымыз қажет. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бір елде бірнеше ұлттың өкілдері қатар өмір сүруі сондағы қоғамға тигізер әсері орасан. Қазіргі таңда Германияда осындай күй кешіп отыр. Бір мемлекеттегі аз ұлттар өзара тіл табыспаса, қоғамдық жүйе бұзылатыны белгілі. Осы орайда Қазақстанда көптеген этностар өзара тату-тәтті өмір сүріп жатқанының куәсі болып отырмыз. Мұның бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, сындарлы саясат жүргізудің арқасы», деді Т.Хельм.
Жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы (ХҚА) Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай конференцияда көтерілген мәселе қазіргі таңда күн тәртібінде тұрғанын атап көрсетті. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстан тарапы этностардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруін әрдайым насихаттап отырады
«Биыл Сочиде Германияның іскер азаматтарымен кездескен Президент Н.Назарбаев екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастан бөлек, этносаралық бірегейлікті, келісім мен бейбіт өмір сүруді нығайтуға арналған саяси шешімдерді атап көрсетті. Кеше өткен жиында неміс қауымдастығының 2021 жылға дейінгі даму бағыты айқындалды», деді Д.Мыңбай.
ХҚА Төрағасының орынбасары қазіргі таңда әлемде ұлттардың татулығы маңызды мәселе екеніне тоқталды. Д.Мыңбай жер жаһандағы күрделі жағдайлар этностардың түсініспеушілігінен туындайтынын атап өтті.
«Қазақстанда этностық топтардың бейбіт өмір сүруі қалыптасқан дәстүр. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасының қолдауымен бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Осы игі үрдіс әлі де жалғасып келеді. Германия тарапы Қазақстанның тәжірибесінен үлгі алуға құлшыныстарын жеткізді. Бүгінде біз біреуден үйренетін емес, басқаларға үйрететін елге айналдық», деді Д.Мыңбай.
Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль де бірқатар мәселелердің басын қайырды. Оның айтуынша, көп ұлттың өзара тату өмір сүруі қазіргі таңда Германиядағы маңызды мәселеге айналып отыр. Осы орайда, М.Рольф немістердің «тоғызыншы территориядан» үйренетіні көп екенін сөз етті.
«Бүгінде Германия халқының 20 пайызын иммигранттар құрайды. Мен туып өскен жерде мектеп оқушыларының 40 пайызы – шеттен келген ұлт өкілдері. Біздің алдымызда үлкен сынақ күтіп тұр. Германия түрлі этностардың өзара түсінісуіне жағдай жасауы керек. Этностық топтардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруін қаласақ, Қазақстаннан үлгі алғанымыз жөн», деді Р. Мафаэль.
Сонымен қатар, елші Қазақстанда өзі байқаған ерекшеліктермен де бөлісті. «Қазақстанда тұратын этностық немістермен келешек туралы әңгіме қозғалғанда, «қазақ тілін білесіз бе?» деп сұраймын. Егер Қазақстанның мемлекеттік тіліне жылы қабақ танытса, болашағын тұрып жатқан елімен байланыстыратыны айтпаса да түсінікті», деді Р. Мафаэль.
Конференция шеңберінде этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүру стратегияларын қалыптастыру және дамыту мәселелері, қазақ тілінің латын графикасына көшуі, этностық топтардың өзара қарым-қатынас процесіндегі әлеуметтік медианың рөлі, ұлтаралық қатынастардың дамуына бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы секілді бірқатар мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, конференцияға қатысқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Германия федеративтік республикасының қоныс аударушылар мен аз ұлттар жөніндегі өкілі Хартмут Кошик этностық топтардың бейбіт өмір сүруін қалыптастыру төңірегінде пікір бөлісті.
Іс-шарада Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігі мен ҚХА арасында ынтымақтастық туралы мемерандумға қол қойылды. Жиынды Конрад Аденауэер атындағы қор өкілдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»