«Маккаби» командасының ойыншысы Ширан Ейни Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астанаға» қарсы матч жайлы ой бөлісті.
- «Астана» лайықты қарсылас. Он алты ойын өз алаңында ұтылмай келеді. Бірақ біз жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. «Астананың» қорғаушылары ұзын бойлы, ал қапталдағы ойыншылары жылдам.
- Жасанды алаң сіздерге қаншалықты кедергі келтіреді?
Шыны керек, бұл бізге аздап қиындау болайын деп тұр. Арамызда тіпті, жасанды алаңда ойнамаған жігіттер де бар. Бірақ бұл бізге сылтау болмауы тиіс. Ертеңге дейін уақытымыз бар. Жасанды алаңға тезірек бейімделуіміз керек.
- Сіздерде белорус Игорь Филипенко бар. Бізде де белорус ойыншылары жоқ емес. Әріптесіңіз арқылы «Астана» жайлы сұрадыңыз ба?
- Рас, сұрағанымды жасырмаймын. Бірақ әріптесімнің сөздерін сіздерге айтқым келмейді. Бұл құпия болып қала берсін.
- «Астанада» қай ойыншыны мықты деп есептейсіз?
- Негізі «Астана» команда ретінде мықты. Бізге шабуыл шебінде ойнайтын ойыншылардан қауіп күту керек.
- Бір жыл бұрын «Маккаби» «Қайратқа» қарсы ойнады. Бұл ойыннан кейін қандай әсерде қалдыңыздар?
- Мен ол кезде командада ойнаған емеспін. Бірақ әріптестерімнен сұрағанда өте ауыр болғанын айтты.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»