ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуроодақтың қазіргі төрағасы –Испания Сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен кездесті.
Жақсыбай САМРАТ – Брюссельден.Кездесу барысында алдымен Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың кейбір қырлары талқыланды. Өз тарапынан М.А.Моратинос Испания мемлекеті төрағалық етіп тұрғанда Еуроодақтың Қазақстанмен өзара қарым-қатынасының өрістеуіне күш салатынын атап өтті. Соның ішінде алдағы уақытта қол қойылатын өзара әріптестік жөніндегі келісімнің тезірек дайындалуына және ол туралы келіссөздердің жақын күндерде басталуына ықпал ететінін жеткізді. Бұл келісімге 2010 жылдың алғашқы жарты жылдығында қол қойылады. Мұның өзі Испанияның ЕО-ға төрағалық етуіндегі басымдықтардың бірі болады, деді ол.
Келіссөз барысында талқыланған екінші маңызды мәселелер Қазақстан мен Испания арасындағы өзара қарым-қатынастарға арналды. Бұл жерде тараптар барлық жақты қамтитын қарым-қатынастар жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын атап көрсетті. Соның ішінде Испания Королі Хуан Карлос І-мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы жақсы қарым-қатынастар бұл іске игі ықпал ететіндігі аталып өтті. Одан әрі жоғары деңгейдегі сапарлар туралы айтылып, соның ішінде осы жылы Испания Королінің Қазақстанға жасайтын сапары туралы әңгіме қозғалды. Ал Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесіне қатысты М.Моратинос өзінің тілектестігін білдірді. Бұл міндетті жуықта ғана атқарғандықтан, біз оның қаншалықты күрделі жұмыс екенін ұмыта қойған жоқпыз, дей келіп, ол Қазақстанның саммит өткізу туралы идеясының дұрыстығын атап көрсетті. Бұл идея Еуроодақ аумағында күн өткен сайын қолдау таба түсуде, деді ол. Енді оның күн тәртібін бекіту ісі алда тұр. Тараптар оның да ЕҚЫҰ дәстүрі бойынша консенсус тәртібімен бекітілуі қажеттігін атап өтісті. Қауіпсіздік мәселелері туралы айтқанда Ауғанстандағы жағдайды реттеудің маңыздылығы ауызға алынды.
Қанат Саудабаевтың Бельгия Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі С.Ванакермен кездесуінде екіжақты қарым-қатынастарды дамыта түсудің маңыздылығы және оған қажетті барлық мүмкіншіліктің барлығы атап көрсетілді. Бельгияның Қазақстан бастамаларына қолдау көрсететіні айтылды.
Осыдан кейін Қ.Саудабаев Еуропа Парламентінің төрағасы Е.Бузекпен кездесті. Еуропарламент Төрағасы ЕҚЫҰ-мен арадағы қарым-қатынастардың Қазақстан төрағалығы кезінде жақсара беретініне сенім білдірді.
Брюссельден Лондонға аттанар алдында Қанат Бекмырзаұлы НАТО-ның Бас хатшысы А.Фог Расмуссенмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Альянстың Бас хатшысы Қазақстанның НАТО-ның Орталық Азиядағы ең басты әріптесі екенін атап өтті. Келіссөз барысында былтырғы жылы Қазақстанда болып өткен НАТО-ның қауіпсіздік форумына жақсы баға берілді, сонымен қатар, ТЖМ шеңберіндегі Қазақстан – НАТО оқу-жаттығуларының жақсы дәрежеде өткені айтылды.
Өткен аптада Қазақстан мен НАТО арасындағы болашақ іс-әрекет жоспарының жасалып біткені белгілі болды. Тараптар осы құжат екіжақты қарым-қатынастардың негізі болатынын атап өтісті. Сонымен бірге, кездесу барысында Ауғанстан проблемасы туралы да пікір алмасылды. А.Ф.Расмуссен Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы идеясын қолдайтынын және оның күн тәртібіне Ауғанстан мәселесі енгізілуін жақтайтынын жеткізді. Кездесу соңында Қ.Саудабаев Бас хатшыны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Осыдан кейін Қ.Саудабаевтың сапары Лондонға жалғасты.
ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЗОР
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Лондон қаласына келді. Ол мұнда Ауғанстан мәселелеріне арналған Сыртқы істер министрлерінің конференциясына қатысады.
Жақсыбай САМРАТ – Лондоннан.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Лондон қаласына келді. Ол мұнда Ауғанстан мәселелеріне арналған Сыртқы істер министрлерінің конференциясына қатысады.
Қанат Саудабаевтың Лондондағы сапары да қауырт жұмыстармен басталды. Алдымен ол халықаралық қатынастардың “Чатем хаус” атты корольдік институтында кездесу өткізіп, жиналғандар алдында сөз сөйледі. Ондағы сөзін Қанат Бекмырзаұлы ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің бәрі бірауыздан Қазақстанды төраға етіп сайлағанының өзі біздің елдің тәуелсіздік алған жылдары жеткен табыстарына берген үлкен баға екенін айтудан бастады. Төрағалыққа сайлануымен Қазақстан Ұйым жұмысына жаңа леп пен үміттер әкелетін болады. Мұның өзі Ұйымның қауіпсіздік пен кикілжіңдердің алдын алу істерінде маңызы зор болары сөзсіз, деді Қ.Саудабаев. Одан әрі қазақстандық министр Президент Н.Назарбаевтың Үндеуінде жарияланған төрт “Т-дан” басталатын мақсаттардың маңызын түсіндіріп берді және төрағалықтың Қазақстан халқы үшін де маңыздылығын, ол отандық патриотизм мен қоғамның демократиялық дамуға деген ұмтылысын оята түскенін жеткізді. Қазіргі қоғамымыздың еуропалық жолмен дамуын мақсат еткен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы да үстіміздегі жылдан бастап іске асырыла бастайды.
Созылып кеткен кикілжіңдерге тоқталған Қанат Бекмырзаұлы 2008 жылғы Ресей мен Грузия арасындағы қақтығыс олармен қатты айналысып, реттеуге ұмтылмаудың қиын жағдайларға жеткізетінін көрсетіп берді. Сондықтан Қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ шеңберінде осыларды реттеуге бағытталған келіссөздер үдерістерін жүргізуге қазірден бастап әзір, деді. Осыған байланысты Іс басындағы төраға созылып кеткен кикілжіңдермен айналысатын арнаулы өкілдермен болатын жұмыстардың тиімділігін жіті қадағалайтынын айтты.
Ал ЕҚЫҰ-ның себеттеріне тоқталғанда Қанат Саудабаев алдымен оның әскери-саяси жағын ауызға алып, “Корфу үдерісінің” одан әрі жалғастырылып, Еуропадағы кәдімгі қару-жарақты шектеу жөніндегі келісімнің жаңа түрі де күшіне енер деген үмітте екенімізді білдірді. Қазақстанның БҰҰ-ның 1540-шы қарарының іске асырылып, жаһандық ядролық қарусыздану жолын қолдайтынын жеткізді. Одан әрі Ауғанстан қауіпсіздігінің маңыздылығы туралы айтты. Осыған орай ауғанстандық студенттерді оқытып, бейбіт мамандар дайындауға Қазақстанның 50 млн. доллар бөлгенін және ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында да осы тәріздес жобаларды қолдауға Ұйым тарапынан қаражат бөлдіруге тырысатынын жариялады.
Ұйымның экономикалық-экологиялық себетіне байланысты айтқан сөздерінде Іс басындағы төраға трансконтиненталдық транзит пен көлік дәліздерін дамытудың қажеттілігін атап берді. Мұның өзі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеруге және ЕҚЫҰ елдері арасындағы даму деңгейін бірізділікке әкелер еді, деді ол. Экологиялық қауіпсіздікке тоқталғанда Қанат Саудабаев Арал теңізі проблемасын айта келіп, ол Орталық Азия елдері үшін ғана емес, барша Еуропа елдеріне де қатысты экологиялық апат екенін атап көрсетті. Сондықтан ЕҚЫҰ шеңберінде осы аймақтағы экологиялық қауіпке қарсы мониторингтің кешенді жүйесін жасаған абзал.
Ұйымның тағы да бір маңызды себеті – адамгершілік өлшемі туралы айтқанда Қ.Саудабаев адамның жеке басының қауіпсіздігі үнемі Ұйымның назарында болуын қалайтынын жеткізді. Осыған орай Қазақстан төрағалығы тарапынан ДИАҚБ, Жоғарғы комиссардың офисі сияқты Ұйым институттарының әрқашанда қолдау табатынын білдірді. Сонымен бірге, өркениеттің жоғары деңгейіне жетіп отырған Еуропаның өзінде ұлтаралық және конфессияаралық кикілжіңдердің болып қалатынына қынжылыс білдіре келіп, бұл істегі Қазақстанның жетістігін ауызға алды және осы жылдың 29-30 маусымында Астана қаласында өтетін осы тақырыпқа арналған конференцияның маңыздылығын атап өтті.
Сөзінің соңында Қанат Саудабаев Қазақстан төрағалығының жалпы адамзат үшін тиімді болмағын қалайтынын және сол үшін барлық мүмкіншіліктер де пайдаланылатынын айта келіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көтерілген ЕҚЫҰ-ның саммиті солардың бірі болатынын мәлім етті. Біз онда Ұйым жұмысына пайдалы өзгерістер жасалуын қалаймыз, мүмкін онда құрылымдар мен институттардың бүгіннен де тиімді жұмыс істеуі үшін ЕҚЫҰ-ны реформалауға келісетін болармыз, деді ол.
Кеше Қанат Саудабаев Ауғанстан проблемасына арналған Сыртқы істер министрлерінің Лондон конференциясына қатысты және осы жиынға келген өзінің басқа әріптестерімен ондаған екіжақты кездесулер өткізді. Олардың қатарында Әзірбайжан, Армения, Грузия, Канада, Украина, Люксембург, Финляндия, Ресей, Ауғанстан, Түркия және т.б. елдердің министрлері болды.
МІНДЕТ – АУҚЫМДЫ, МАҚСАТ – АЙҚЫН
2010 жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясына ресми түрде кірісуімен басталды. Бұл міндет ел басшылығына да, халқымызға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің осы маңызды қадамына байланысты жария еткен үндеуінде: “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықтың мәртебелі миссиясын Қазақстан аса зор жауапкершілік сезімімен қабылдайды”, – деп атап өтті.
Елдің тізгінін халықтың қолдауына ие болған адам ұстайтыны анық. Ал әлемдік беделі зор ЕҚЫҰ ұйымына жетекшілік жасауды саяси деңгейі өскен, әлеуеті жоғары мемлекеттердің өкілдері “Сен де бағыңды сынап көр” дегендей, кез келген елге бере салмайды. Бізге де мұндай мәртебелі міндетті ешкім бере салған жоқ. Немесе бұл нәтижеге бір күнде жете қалған жоқпыз.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Қазақстан арасындағы байланыс біздің еліміздің осы Ұйымға мүше болып енген 1992 жылғы қаңтар айынан бастап қарқынды дами түсті. Біздің еліміз 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінде қарастырылған қағидаттарды тәжірибеде қолдану мен дамытуға жол ашатын жалпыеуропалық үдерістерге, ашық пікір алмасуларға белсенді қатысуға деген ұмтылысымен ерекшеленеді. Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым-қатынас алғашқы жылдары нарық экономикасына ауысқан кезде, ашық азаматтық қоғамды дамытуға және аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға қажетті реформаларды жүзеге асыруға өз септігін тигізетін ақпараттық-тәжірибе алмасудағы бірлескен қызметке негізделді. Одан әрі ынтымақтастық нығая келе, маңызды құжаттарға қол қойылып, байланысымыз арта түсті. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен ЕҚЫҰ арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға, 1999 жылы қаңтарда ЕҚЫҰ Орталығын Алматы қаласында ашу туралы келісімге қол қойылғаны анық. Аталған меморандумға сәйкес 2003 жылғы ақпан айынан бастап Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі өклеттілік институтын жетілдіру, сондай-ақ сайлау заңдылықтары мен сот жүйесін реформалау жөніндегі жобалар жүзеге асты.
Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы байланыстың жаңа кезеңі 2003 жылы басталды десек, қателеспейміз. Сол жолы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жөніндегі бастаманы ұсынды. Алғаш рет 2009 жыл деп болжанса, кейін 2010 жылы еліміздің төрағалық ететіні анықталды. Мұндай тарихи шешім 2007 жылы 30 қарашада Мадридте өткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданды. Қазақстанның төрағалық етуіне шешімнің бірауыздан қабылданып, барлық елдердің өкілдері қолдап дауыс беруі көп жәйтті аңғартса керек. Бұл тұста Мемлекет басшысының беделі, жас та болса еліміздің ұстанған саясатының басты бағыттары ерекше рөл атқарғанын анық сезінуімізге болады.
Қазақстан мемлекеттігінің қалыптасуы мен даму үдерістері, саяси және экономикалық жаңғыруы тәуелсіз жас ел үшін оңай өте салар жол болған жоқ. Осы күрделі кезеңді барша Қазақстан азаматы бастан кешірді. Қаншама қиындықтарға қарамастан, осы кезең ішінде ел басшылығы мемлекет тағдырын шешетін шешімдер қабылдады. Ондай қадамдар елдің ішкі саяси және экономикалық дамуына, сондай-ақ біздің мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы беделі арта түсуіне өз ықпалын тигізді. Швейцария Конфедерациясының президенті П.Кушпен 2003 жылы-ақ “Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық аралы болып қалып отыр. Және де бүгінгі таңда ең маңыздысы – Қазақстанда адам құқығы сақталуда”, – деп атап өткен болатын.
Бүгінгі таңда еуропалық қоғамдастық Қазақстанды әлемді қауіпсіздікке алып келіп, ынтымақтастыққа бастауда жаңа көзқарастарды енгізу мүмкіндігі бар мемлекет деп бағалап отырғанын ашық айта аламыз. АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугланд өз сөзінде Ұйым (ЕҚЫҰ) мүшелері Қазақстанның жетістіктерін, мұның сыртында оның реформаторлық мүмкіндігі мол екенін лайықты бағалағанын атап өткен еді.
Өз үндеуінде біздің елдің Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекетіміздің негізгі ұстанымдарын жария етті. “Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) болады”.
Осы ұстанымдардың негізіне үңілсек, барлық әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды және жауапкершілігі мол міндеттер тұрғанын байқаймыз. Пирамида тәріздес төрт тұғырдың түйіскен тұсы бір ортақ мақсат – Адамзаттық мақсатты көздейді. Ол – барлық халықты қауіпсіз қоғамда және тұрақты экономикалық жағдайда бейбіт өмір сүруге, барлық адамзаттық және азаматтық құқықтарды жүзеге асыруға ұмтылдыру.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының күн тәртібіне жер жүзін толғандырып отырған Ауғанстандағы тұрақсыз жағдайды шешудің жолдарын іздестіру, Арал теңізінің экологиялық жағдайына әлем назарын аудару, заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес, бүгінгі таңдағы лаңкестік пен басқа да қауіп-қатерлерге қарсы тұру проблемаларын қарау мәселелері енгізілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл Астана қаласында ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі бастамасы үлкен қолдауға ие болып отыр. Осы маңызды кездесуді жоғары деңгейде өткізу атап көрсетілген негізгі мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізетіні анық. Әрі әлем жұртшылығы аталған саммит арқылы Қазақстанды және бір жаңа қырынан танитын болады. Беделді Ұйымға төрағалық ету мәртебесі еліміздің халықаралық деңгейдегі беделінің нығая түсуіне ықпал етері даусыз.
Біз бірінші рет халықаралық ұйымға жетекшілік жасап отырған жоқпыз. Атап айтар болсақ, Қазақстан бұған дейін ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕурАзЭҚ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) секілді ұйымдарға төрағалық етті.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде Қазақстанға үлкен сенім артылып отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің назарын қауіпсіздік пен ынтымақтастық шеңберінде Орталық Азияның көкейкесті мәселелеріне аударуға мол мүмкіндік бар.
Міндет – ауқымды, мақсат – айқын. Қазақстан өзіне жүктелген абыройлы міндетті сеніммен атқарып шығады деген сеніміміз мол. Өйткені, біздің еліміз барша адамзат баласын бірлікке, ынтымаққа, бейбітшілікке шақырады.
Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор.