Орда бұзар жастағы Әміре жоғары курсқа көшкен соң ғылыми жұмыспен айналысуға ден қояды. Ол туралы «Жоғары курстарда Ә.Айтбақин ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса бастады. Өзіне таныс ұлттық сусын қымыздың емдік қасиеттеріне қызығушылық танытқан ол профессор А.И.Судаков меңгерушілік еткен гигиеналық зертханаға келді», деп жазылған.
Том қалалық мұрағатынан табылған «Изменение кумыса при стерилизации и состав стерилизованного кумыса» атты ғылыми еңбек 1896 жылы жарық көрген екен. Ғылыми еңбектің авторы «студент А.Айтбакин» деп көрсетілген. Бүгінгі ғылыми-технологиялық мүмкіндіктеріміз ғарыштап дамыған заманда ұлттық құндылығымыз – қымыздың пайдалы қасиеттерін әлі де толық зерттеп, ел игілігі үшін игере алмай отырғанда, бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақтың қасиетті қымызын жан-жақты зерттеген ғылыми еңбек бізді ерекше қызықтырды. Оның авторы «студент А.Айтбакин» деген кім?
Бұл сұрақтардың жауабын да Том мұрағатының уақыт салмағымен сарғайған құжаттарынан таптық. Онда «Әміре Атбақин Том император университетінің түлегі, тұңғыш дипломды қазақ дәрігері» деп жазылыпты. Студент Айтбақин 1892-1893 жылдар аралығында профессор А. Судаковтың жетекшілігімен «Изменение кумыса при стерилизации и состав стерилизованного кумыса» атты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді» (Том, қор-296901) деген дерек келтіріпті.
Студент Ә.Айтбақин өзінің ғылыми еңбегінің кіріспесінде қымыздың Орта Азияда ерте заманнан кең тарағанын айта келіп, тарихқа жүгінеді. Венециялық Марко Полоның ХІІІ ғасырда татар елінде болып, жылқы сүтінен дайындалған «Кемаз» атты сусын ішкенін, оны «ақ шарапқа» теңегенін жазған. Ал орыс тілінде «Кумыс» деп жазылғанымен, өз елінде бұл сусынды «Қымыз» деп атайтынын баса айтқан және сабаның, күбінің, піспектің қалай жасалатынына, ол ыдыстардың ысталуына, қымыздың сапырылуы ерекшелігіне тоқталып, іс барысын толық суреттеп көрсеткен және мал жайылымының да сүт (саумал, қымыз) сапасына әсерін ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, нақты тәжірибелік деректермен дәлелденген.
Айтбақин ғылыми еңбегінде ерекше жайға тоқталып: «Кумыс в качестве лечебного средства, обратил на себя внимание прежде всего как средство против чахотки. Общераспрастраненное мнение, что киргизы вовсе не страдают чахоткой неверно, действительно она среди них встречается редко – это факт. На это влияет климат степи и употребление кумыса, который издавна киргизы считают целебным средством против всевозможных болезней», деп қымыздың адам бойындағы қандай дерттерге дауа болатындығын жан-жақты ғылыми тұжырымдармен дәйектепті.
Жас ғалым қымыз құрамын анықтауда белгілі химик ғалымдардың нақты тәжірибелеріне, аппараттарына, формулаларына сүйеніп, қымыз құрамының нақты химиялық кестесін жасайды. Мысалы, қымыз құрамындағы белок мөлшерін анықтау үшін «Konig,a» атты тәжірибені қолданған екен. Атап айтқанда, 10,0 гр қымызды колбаға құйып, оған 100,0 гр дистилденген су құйған, алынған қоспаға 4-5 тамшы сірке қышқылын қосқан. Алынған сұйық 40 градусқа дейін қыздырылып, казеин мен май тұнбасы алынған. Кейін жоғарыда айтылған тәжірибелер мен аппараттарды қолданып, фильтрлеу арқылы казеин құрамын анықтаған. Жалпы, ғылыми жұмыс барысында қымыз құрамында май, қант, спирт, көмір қышқылы, казеин, альбумин, гемиальбумоз, пептон атаулы элементтердің бар екенін анықтап, 4 бағаннан тұратын кесте жасаған және балалар ауруханасында тәжірибе өткізген.
Студент-ғалым өз ғылыми жұмысын былай тұжырымдаған: «Считаю при этом необходимым прибавить, что те предварительные опыты два опыта, – которые я лично произвел над питанием кумысом в детской клинике профессора Бартенова показали, что стерилизованный кумыс больными-хрониками детьми, страдавшими хроническим расстройством желудочно-кишечного аппарата, переносился совершенно удовлетворительно. К сожалению эти опыты, за недостатком стерилизованного кумыса, не могли быть произведены в более широком масштабе...».
Осы тарихи құжаттардан Ә.Айтбақиннің ғылыми еңбек жазуға кіріспес бұрын тарихты, ғылым салаларын мейлінше зерделегеніне және өз ұлтының қымыз дайындаудағы ерекшелігін ғылыми негізде барынша терең білгендігіне тәнті болдық. Том профессорларының берген жоғары бағасына қарап Әміре Айтбақиннің «жылы жерде» ғылыми еңбек жазып отыра беруіне де мүмкіндіктер болғанын аңғарамыз. Бірақ ол университетті бітіргеннен кейін туған өлкесі Қарқаралыға дәрігер болу үшін аттанады. Оның басты себебі, жоғары білімді дәрігер Әміре Айтбақин өз халқына етене жақын жүріп, оны түрлі науқастардан емдеуді мақсат еткен болуы керек.
Бұл ойдың дұрыстығына Әміре Айтбақиннің өміріне қатысты мұрағат деректерімен танысқан сайын көзіміз анық жетті. Ат жалын тартып мінген шақтан бастап Әміре Дүрменұлы ел ішінде әртүрлі лауазымды қызметтер атқарып, туған халқының бодандықтағы тіршілік-тұрмысымен етене танысады. Әсіресе, қырдағы қазақтардың денсаулық жағдайы, жас балалардың көптеп шетінеуі жас Әміренің жанына ерекше батады. Сөйтіп жүріп ол туған халқының денсаулық жағдайына көмек көрсету мақсатында қайткен күнде дәрігерлік мамандықты игеруге бел байлайды.
Жас Әміре дәрігерлік мамандықты игергенше, Омбыдағы әскери гимназияның мұғалімі, кейін губерния хатшысы, Дала генерал-губернаторы канцелериясының қырғыз (қазақ) тілінің тілмашы, Ақмола уезінің «тәртіпсіздік пен қиянатшылдықты тексеру үшін» белгіленген тергеу комиссиясының тілмашы, 1884 жылы Семей облыстық басқарма жанында тілмаш, Қарқаралы уезі бастығының көмекшісі, аға көмекшісі, 1887 жылы Семей облысы әскери губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі қызметтерін атқарыпты және колледж хатшысы, лауазымды кеңесші дәрежесіне ие болыпты. Ал отызға қараған шағында мемлекеттік қызметті тастап, дәрігерлік мамандықты игеруге бет бұрып, студент атанады.
Том университетінде Ә.Айтбақин жайлы жазылған ғұмырнамалық еңбекте «Продолжая службу, он имел полное право рассчитывать на постепенное улучшение своего положения и хорошего материального обеспечения в недалеком будущем. Однако, нужды своих единоплеменников и желая принести им существенную пользу, он решился оставить государственную службу, и из чиновника, занимавшего одно из видных мест в областной администрации, превращается в скромного студента. Тот факт, что молодой инородец променял административную карьеру на скромную долю студента – труженника, нельзя, разумеется, объяснить ничем иным, как проявлением благородного чувства любви и преданности к своему родному гнезду, самопожертвованием для блага родного народа», деп көрсетілген. Шындығында, келешекте өзін күтіп тұрған қызметтік (шенеуніктік), шендік өсумен қатар, материалдық жағдайының жақсаруынан бас тартып, дәрігерлікті игеруге ұмтылған тұлғаның қадамын бұдан өзгеше бағалауға негіз жоқ – оны, өз ұлтына деген шынайы сүйіспеншілігі, шағын стипендияға қараған студенттік партаға жетелеп әкелді (стипендияны Павлодар уездік басқармасы төлеп отырған). Ол университетке 1889 жылы түсіп 1894 жылы үздік бітірген.
Орда бұзар жастағы Әміре жоғары курсқа көшкен соң ғылыми жұмыспен айналысуға ден қояды. Ол туралы «Жоғары курстарда Ә.Айтбақин ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса бастады. Өзіне таныс ұлттық сусын қымыздың емдік қасиеттеріне қызығушылық танытқан ол профессор А.И.Судаков меңгерушілік еткен гигиеналық зертханаға келді», деп жазылған.
Университетте ғылыми диссертация қорғап, «лекарь» мамандығымен тәмамдаған 35 жастағы Әміре Айтбақиннің Қарқаралы уезіне дәрігер болып тағайындалуын Семей облысының әскери губернаторы А.Ф. Карпов 1894 жылдың 28 желтоқсанындағы бұйрығында былайша баяндаған: «Допускается к исправлению должности Каркаралинского уездного врача отставной титулярный советник, окончивший курс Томского университета со званием лекаря, Амре Айтбакин» (Титулярный советник – IX сыныпты, армия штабс-капитаны немесе әскери флот лейтенантына теңестірілетін Ресей патшалығының рангілік (Табели о рангах) азаматтық шені.)
Бұдан кейінгі жылдарда Әміре Айтбақин Қарқаралы уезінде дәрігер болып бірнеше жыл жемісті еңбек еткен көрінеді. Бұл туралы Қарқаралы қаласының мұрағатында сақталған «Киргизская степная газета» атты басылымда бір қысқа мақала жарияланыпты. Осы мұрағатта Әміре Айтбақиннің төңкеріс жылдарындағы саясаткер ретіндегі қызметін көрсеткен қысқаша өмірбаяндық құжат сақталыпты. Әміре Айтбақин туралы жазылған осы ғұмырдеректе «Сондай-ақ ол Усть-Каменогорск (Өскемен) уездік жер басқармасы төрағасы болып сайланды.., Ә.Айтбақин қоғам қайраткері ретінде де белгілі болды. Ол өзінің мақалалары мен заметкаларын Ш.Құдайбердиев және А.Байтұрсыновпен қатар «Дала уәлаятының газетінде» жариялады (1888-1892ж.ж.), ол қазақтар арасында қоғамдық пікірлердің таралуына ықпал етіп, өзін «Алаш» партиясының көрнекті қайраткері ретінде көрсетті», деп қысқа ғана жазылыпты. Әміре Айтбақин 1919 жылы Өскемен қаласында қайтыс болған.
Міне, Том қаласының мұрағатында сақталған «Изменение кумыса при стерилизаций и состав стерилизованного кумыса» атты ғылыми еңбек хақында әзірге анықталғаны осы болды. Қазақтан шыққан тұңғыш маман дәрігерлердің бірі, ұлттық құндылығымыз – қымыздың адам денсаулығына пайдалы емдік қасиеттерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген ғалым, «Алаш» қозғалысының қайраткері Әміре Айтбақиннің ерен еңбегі мен ғибратты ғұмыры туралы зерделі зерттеулер алдағы уақыттың еншісінде.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Манарбек КӘРІМ, Қарқаралы ауданы мемлекеттік архивінің басшысы