«Жетпісінші жылдың аяғында екі жыл әскер қатарында болып, Алматыға оралсам, Атыраудан келген ақын қыз Фаризаның жырлары астананы әбден шулатып жатыр екен» – Әбіш Кекілбаевтың «Фариза» атты эссесінің қолжазбасынан осы жолдарды оқығанда авторына телефонмен хабарласқанмын. Әбекеңе: «Ол өлеңдер ауылды да шулатқан. Сіздің жазғаныңыз есіме бір оқиғаны түсіргені. Баяғыда Фәкеңнің өлеңін оқимын деп мені мәшине қағып кете жаздаған» дегенмін. Қалай болғанын айтып бергенімде Әбекең әуелі лекітіп күліп алып, артынша: «Қой, бұл күлетін нәрсе емес екен, бұл жазатын нәрсе екен. Қағазға түсіріп қой» деген. Содан бастайын онда.
...Ауылымыздың пошташысы Өмірбек деген кісі еді. Қызы Гүлбара бізбен бір класта оқыған. Ол кісі поштаны совхоз орталығынан алады. Бір күні Бесқұбырда (совхоз орталығы, мектебіміз сонда) жүрсем, Өмірбек ағай поштадан шығып келеді екен. Қос қоржыны толы. Атына мінгелі жатыр. Көре салып: «Біздің үйдің «Лениншіл жасын» беріңізші» дегенім. Әуелде «Ой, мына көп газеттің арасынан қайдан табамын? Үйге барған соң оқисың» десе де, көңілімді қимай, қоржынына қолын әрі сұғып, бері сұғып, бір кезде газетті ұстатты. Сұрап алған жаңағы газетті тап сол жерде оқи бастадым. Үшінші бетіне бір топ өлең беріліпті. Топтаманың жалпы тақырыбы – «Мен саған ғашық емес ем...». Беттің жартысынан астамын алып жатыр. Авторы – Фариза Оңғарсынова. Әр өлеңнен кейін кішкентай штрих суреттер салып безендіріп, әбден әрлеген. Фотосы да бар. «Өлең де жазады екен ғой» деп ойлап қойдым. Газеттің республиканың батыс облыстарындағы меншікті тілшісі екенін білемін, очерк, мақала, суреттемелері екі-үш күн сайын борап шығады да жатады. Жарайды, өлеңдерін де оқып қарайық. Оқып қарасам, түрі басқа. Үні, сөзінің сазы, ырғағы басқа.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен, сен екеніңді білген бе ем... Әйтеуір, жаным, «бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой» демесең, мен саған ғашық емес ем.
Ғашық адам ғашық екенін айтушы еді. Бұл ғашық емес екенін айтады. Дұрысырағы – ғашық екенін сөйтіп айтады.
Келесің дәйім шілденің от күні болып ынтығып, құшағыңда құрып сүлдерім, шыға алмай қалам бұлқынып.
Кетеді сонда жон аттап тәкаббар менің өрлігім, жанарда жүрген қонақтап қоңырқай күздей сорлы мұң.
Әр шумағын оқыған сайын әкетіп барады, әкетіп барады бір жаққа. Бөлек бір әлемге. Қайталап оқыдым. Енді дауыстап оқи бастадым... Бір кезде оқыс шыққан үннен шошып кеткенім. Қарасам – жолдың дәл жиегінде тұрмын. Анандай жерге барып, бір жүк мәшинесі тоқтады. Жанымнан зу етіп өте шыққан көрінеді. Шопыры маған қарай келе жатыр. Түтігіп алған. «Есің дұрыс па өзі! Қағып кетсем қайтесің?!», дейді. Жаңағы өлеңдерді оқи-оқи орнымнан жылжып кеткенмін бе, әлде о баста жолдың дәл жиегінде тұрғанмын ба, ұқсам бұйырмасын. Шопыр жігіт зеки ұрсып, бетіме бажырая қарап кетті де қалды. Жолдың шетінде дауыстап газет оқып тұрған бала туралы не ойлағанын кім білсін!..
Фариза Оңғарсынова жырлары, ақын сырлары менің өміріме, бозбала жүрегіме осылай оқыс енген болатын. Кейін білсем, бұған дейін, 1966 жылы «Сандуғаш» деген атпен тұңғыш жыр жинағы жарық көрген екен. Одан хабарсызбын. Қатты қайран қалдым. Сол газеттегі оншақты өлеңімен Фариза Оңғарсынова менің санамда бір сәтте ту биікке көтеріліп кеткен еді. Сол биігінен түспеген күйі өтті өмірден.
Университеттің бірінші курсында жүргенімізде әдебиет әлемінде бір тосын оқиға болды: «Жұлдыз» журналына кітап жарияланды! Иә, кітап. Фариза Оңғарсынованың «Мазасыз шақ» деген кітабы. Бас-аяғы бүтін, тұтас жинақ. Басталуынан, аяқталуынан, тақырыптарға бөлінуінен кәдімгі кітап етіп дайындалғаны, сол күйінде (редакция ішінен таңдағанын алар деген оймен) ұсынылғаны көрініп тұр. Әдетте, әдеби журналдың жылдар бойы қалыптасқан құрылымы болады. Роман, повесть, өлеңдер, әңгіме, публицистика, очерк, әдеби сын, рецензиялар, библиография деген сияқты. Сонда өлеңдерге шамамен он пайыздай ғана орын тиеді, оның өзі 3-4 авторға бөлінеді. Бұл жолы бір автордың өлеңдері қалың журналдың ширек бөлігіндейін керіп тұр. Жұрт айран-асыр болды. Осынша орынның бір авторға берілгені бір таңдандырса, ол автордың бұдан бұрын «Тұңғыш кітап» деген пышақ қырындай сериямен жалғыз жинағы жарияланған жас ақын екендігі екі таңдандырды. Аспаннан меруерт жауғандай болып еді-ау. Ойпырмай, сонша өлеңнің ішінде «Шынында да көлемі тым қомақтылау екен. Дәл мынаны баспаса да болады екен» дегізетін бір өлең болсайшы! Бірінен бірі өтеді.
Сенің от құшағыңда дүниені ұмытып, талықсыдым. Жүрегімді өртеді жан ыстығың. Мынау байтақ далада тек екеуіміз жүргендейміз айналып ғарышты мың. Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Фаризаға дейін әйел жанының жан-жүректі өртейтін ыстық жалыны, сөзбен суреттелмейтіндей сезілетін сиқырлы сырлары ұлттық поэзиямызда ешқашан дәл осылайша жеткізіліп көрмеген болатын. Әлемдік әдебиеттің ең әйдік ақындарының ең бір жақұт жырларымен салыстырып қарағанда да Фариза Оңғарсынова өлеңдері поэтикалық бейнелерінің қара қағазға ақ бояумен өрнек салғандай ашықтығымен, айқындығымен, татаусыз төгіліп келетін тіл кестесімен, ағыл да тегіл құйылып жататын тың теңеу, оқыс ойларымен атақ-даңқы аспандаған талай классиктердің тұсынан табылатынын қадап көрсету шарт.
Өзiңдi жерлеп келiп жапа-жалғыз отырмын. Меңiреумiн. Айналамда қыстыққан еңiреулi үн... Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып, Жел соғады әйнектi сыртта налып, есi ауысқан шығар бұл сығыр құдай, сосын, сосын... денемдi бұрынғыдай аймалаған секiлдi сенiң ернiң.
Жерлеп келiп... Жоқ, жоқ! Иә, өзiңдi жерлеп келiп, отырдым сен деп семiп, өмiр деген өзiңсiз қараң қалып, керең болып кеткендей тәмам халық... осы менiң бүгiнгi есiмдегi. Сенi осылай жерлегем. Кешiр менi.
Шабыттың шаңқай түсінде тұрған жылдарында Фариза қаламынан осындай ғажайып жырлар талай-талай төгілді.
«Мазасыз шақ» – ұлттық өлең өнеріндегі өлшемдердің талайын өзгертіп жіберген, талап-талғам планкасын көтеріп жіберген жинақ. Арғыдағы Ұлбике, Сарадан тартатын, бергідегі Шолпан, Зияш, Мәриям, Тұрсынхан, Күләштармен жалғасатын, өзіндік дәстүрі бар қыз-келіншектер поэзиясы Фаризадан кейін көктемгі даладай дүр сілкінді, сан түрлі себептермен тұншығып келген жыр бұлақтарының көзі ашылып, арнаға айналды, бірте-бірте өзенге, одан теңізге ұмтылды. Осы тұрғыдан қарағанда Фариза Оңғарсынова өзінің екінші жинағында-ақ таңданарлықтай талант күшімен танытқан тізгінүзді үлгісімен қазақ поэзиясында ақын қыздарға жаңаша сүрлеу салған жолбасшыға айналды дей аламыз. Бұл – бер жағы. Әдебиетке қатысты жағы. Бұл құбылыстың әр жағы бар. Өмірге қатысты жағы бар. Фариза осы жинағымен, одан кейінгі бүкіл өнерімен әдебиетімізге, жалпы мәдениетімізге ғана емес, біздің өмірімізге де өзінше өзгеріс әкеле алды. Фариза арқылы біз қазақ әдебиетіндегі ақын қыздарымыздың ғана емес, жалпы қыздарымыздың аз-аздап болса да өзгере бастағанын көрдік. Фаризаның сөзін оқып, өзін көріп, мінезін танып барып, халықтың сана-сезімінде қазақтағы қыз баланың еркөңілділігі, еркіндігі, еркелігі дегендердің бәрінің бағасы білініп, бәсі артып шыға келді. Фариза арқылы қазақта қыз бала қадірлірек бола түсті. Онсыз да «қыз – қонақ» дейтін халық едік, Фариза жырлары әйел әлемінің қатпар-қалтарыстарын қопара қозғай отырып, ана, апа, әже, әпке, қарындас, сіңлі, қыз бала, жалпы әйел заты ұғымдарының ұлағатын сана-сезімімізге сіңіре түсті.
Ақынның қанаты әбден жайылды. Бір кітаптан кейін бір кітапқа өсумен, өрлеумен болды. Фаризаша жазуға тырысқан ақындар көбейді, Фаризаға арналған жырлар көбейді. Фариза сөзі өлеңнің өресінен асып, халықтың арман-аңсарына айналды, ұлттың ұятын жүктей бастады. Иә, ол жылдарда өлеңде ғана емес, өмірде де Фариза культі пайда болған еді деудің еш артық-кемі жоқ. Ақынның басына бақ тұрды, сөзіне халқы тақ тұрды. Жазған балаң жырына берер бағасын білуге, батасын алуға ұмтылған жастарды былай қойғанда, баласын оқуға түсірудің әуресімен жүрген ата-аналардың, жұмысқа тұрмақ болған, пәтер алмақ болған, жер алмақ болған жастардың, тіпті жақынын жазықсыз жазаланды деп санап, түрмеден шығарып беруді сұраған шерменделердің Фаризаның алдына жетуі, солардың бірде дұрыс, бірде бұрыс ісіне араласамын деп бар беделін салып, басы қатып, жүйкесі жұқарып жүруі, біразының разы, біразының наразы болып кетуі, өзінің содан бірде қуанып, бірде қуарып қалуы ол жылдарда қалыпты жайға айналғанын апаймен бір ғимаратта – редакциялар үйінде талай жыл бірге жұмыс істеген мына біз білеміз. Ақын даңқының дәл осылайша асқақтауының басқа мысалын табу оңай емес.
Қайран қазағымыз жақсы көрген адамына абыройдың бәрін аямай арқалата береді ғой. Фаризаға да сөйтті. Бір облысқа барып, жиналысқа қатысыпты. Сол жиында обкомның идеология жөніндегі хатшысы сөйлепті, сөйлегенде қағаздан басын алмапты, қағаздан басын алса-ақ сөзінен жаңылыпты. Соған Фәкең: «Сен өзің қандай идеологсың?! Не айтып, не қойғаныңды білмейсің» деп салыпты. Оған жиналған жұрттың айызы қаныпты. Араға аз күн салып әлгі хатшыны орнынан алыпты. Сол-сол-ақ, «Фариза бір ауыз сөзімен обком секретарын ұшырып түсіреді екен» деген әңгіме ауыздан ауызға таралыпты... Ойын шешен тілмен, өз сөзімен жеткізе білмегені үшін, айтарын қағаздан оқып бергені үшін орнынан алынған хатшыны естіп-білген емеспіз, ол кезде ілуде біреу болмаса жұрттың бәрі-ақ қағаздан басын көтермейтін, бұл жолы да олай болмағаны анық. Ал халықтың көңіліндегі келісті көрініс мынандай. Фариза сол сапардан Алматыға орала салысымен Орталық Комитет басшылығына телефондайды (ол кабинетке өз аяғымен барып жатпайды, әрине), сөзін «Кадрларға талапты әбден төмендеткенсіңдер. Кім болса соны обкомға хатшы қоясыңдар. Әнеу күні ана облысқа жолым түсіп еді...» деп бастайды, содан кейін-ақ көп ұзатпай әлгі хатшыны орнынан алады да тастайды...
Халықтың адамға жасайтын жақсылығының ең үлкені – көзі тірісінде аңызға айналдыруы. Фариза сол бақытты көрген адам. Көзі тірісінде аңызға айналған адам қазақта аз. Ондай адам қай халықта да жалпы аз болады. Сол аздың бірі – Фариза. Қайда барса да қалың қазақ аяулы ақынына қоғадай жапырылып құрмет көрсететін, иіліп жастық, жайылып төсек болып жататын. Ерлігін, өрлігін қадірлейтін. Еркіндігіне ерік беретін. Еркелігін көтеретін. Артық кетсе де айыпқа бұйырмайтын. Соның бәрі ақынға қалтқысыз құрметтің, шын мәніндегі бүкілхалықтық махаббаттың көрінісі. Еліне еркелей алған, елі еркелете алған ақынның баянды бақыты.
Фаризаның бір бақыты, өзі қанша жерден «Мені ақын еткен – тоқырау заманы» дегенімен, мына дүние өзгерген, екі қоғамдық жүйенің тайталасы тікелей жаулықтан идеологиялық текетіреске көшкен, кеңестік қоғам еркін ой иелерінің бәрінен «халық жауын» көрмеуге ауысқан, диссиденттердің өзін әрі барғанда елден шығарып жіберумен шектеле бастаған уақытта әдебиетке араласқандығы дер едік. Ол тұста әдебиетке, мәдениетке қамқорлықтың тәп-тәуір болғандығына кезінде партияның Орталық Комитетінде мәдениет секторын басқарған мына біз кепілдік ете аламыз. Ақын өзінің өмір жолында ондай қамқорлық көрсеткен кісілерді, бір сәтке демеп жіберген жақсы адамдарды ұмытпайды, алғыс сезіммен еске алады. «Облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология хатшысы Мұхамбетқазы Тәжинге кіріп, өзім творчестволық орта іздеп жүргенімді, аздап өлең жазатынымды айтып ем, ол кісі редактормен сөйлесіп: – Біздің облыста мына Фаризадай өлең жазатын, мәдениет, әдебиетке жанын салатын қыздар көп қой, шамасы? – деп бірден отырған орындығының салмағын сездірер дауыспен тіл қатты», деп жазады Фариза мектепте сабақ беріп жүрген жерінен облыстық газет редакциясына орналасуының жайын айтқанда. Газет редакциясы демекші, Ф.Оңғарсынованың қаламгерлігі журналистіктен басталғанының кейін өзіне көп пайдасы тиген. Нақтылық, дәлдік, айқындық оның қай жазғанына да тән болып келеді.
Фариза атты феномен құбылыстың қыр-сырына зер салғанда біз ақынның бүкіл шығармашылығы өмірдің өзекті өртер өкініштерімен, өзінің де, өзгенің де басынан өткен қияметтей қиын қоғамдық катаклизмдермен өрілгенін көре аламыз. «Если не трагичен, значит не поэт» – Пушкиннің осы сөзіне Фариза Оңғарсынова бірнеше рет сілтеме жасаған. Мақалаларында да, сұхбаттарында да бар. Трагизмнің кернеу күші Фаризаның жеке басының тағдырынан да, ең бастысы, елінің арғы-бергідегі қиын өмірінен де арна тартады. Бірақ Фариза шығармашылығын көктей өтіп тұратын жібек желі, алтын арқау – қайсарлық. Қайғыны жеңген жасампаздық. Елінің арғы-бергіде басынан кешкен қиындықтарын айта отырып, ақын халқының жарқын жолын да кестелейді. Қайғыра білмеген қуана да білмейді. Мұңдана білмеген мақтана да білмейді. Фаризаның қайғысы да, қуанышы да, мұңы да, мақтанышы да жалқыдан өтіп, жалпыға жетуімен бағалы. Ақын поэзиясын керіп тұратын трагизм де, кернеп кететін оптимизм де табиғи шығатыны содан.
Сырт көзге суықтау көрінетін ақынның жүрегі жібектей жұмсақ, жаны даладай дарқан, тұла бойы тұнып тұрған мейірім болатын. 1996 жылы, ол кезде Мәдениет министрінің бірінші орынбасары едім, Жамбылдың біржарым ғасырлық тойын Ленинградта атап өтпекке жиналып, делегация құрамына ақын-жазушылардан Шерағаң мен Фәкеңді қосып, ұсыныс айтқанымда: «Жеті жасар немерем Анитаны бірге апаруға болса, қарсылығым жоқ», деп шарт қойып барып келісім бергені есте. Ол сапарымызда атақты Таврия сарайындағы Дума залында салтанатты мәжілісті жүргізгеніме ( жиналыс спикері ретінде маған кезінде, яғни 1906-1917 жылдар аралығында, Мемлекеттік Дума Председателі отырған ең төрдегі орын тиген) апай сондай ризалық танытып еді. Кейін оны «сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез келгенді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып қошемет көрсетумен болды. Президумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырғаным есімде», деп жазды да. Жалпы, апай жақсы көрген адамы жайында асырыңқырап айтуға да бейім болатын. Өзім деген жанға өзегін үзіп беруге дайын тұратын.
Сырбай ақын өмірден өткенде Фаризаның Торғайға барғандағы жазғаны еске түсіп еді.
Желпінді торғайлықтар үй бұзардай, «Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай. Бір ауыл меншіктейді, жүрсем Сізді қазақтың аспанына сыйғыза алмай.
Фариза да қазақтың аспанына сыймайды. Қазір, еліміздің мәдениетін әлемнің ең кең тараған алты тілінде насихаттауды ойластырып жатқан кезде құнттылықпен қолға алар шаруалардың бірі қазақтың ғажап поэзиясын бар бояуымен аудартуға кірісу десек, бұл істе біздің әдебиетіміздің абыройын алысқа асыра алатын ақындардың бірі, сөз жоқ, Фариза Оңғарсынова.
Әбубәкір Кердерінің «Талайлар өтті-ау жалғаннан, көрген адам таңқалған» дегені бар. Сол сөзді біз Фариза Оңғарсыноваға да қаратып айта аламыз. Фариза феноменін, әрине, алдымен ақынның өзі жасады. Оның телегей-теңіз таланты, дарқан дарыны, жомарт жүрегі, ешкім ақыры еліктей де алмай-ақ қойған бөлекше мінез бітімі, жан-жүректі жібітіп жіберетін жайсаң жаны мен тіліп түсетін тік сөзінің бір бойына таң қаларлықтай қабысуы деген сияқты, санай берсең саусағыңның бәрі бүгіліп бітетіндей қымбат қасиеттері жасады. Ол солай. Екінші жағынан, Фариза феноменін қазақ деген халықтың өзі де жасады. Жұртты жаппай жайлаған конформизм кезінде, сананы сансыратқан тоқырау тұсында қоғамға Фариза сөзі сынды сара сөз, Фариза мінезі сынды дара мінез керек болып тұрған еді. Оның алдында қазақтың осындай қажетін батыр Бауыржан барынша өтеп берген-ді. Фаризаның алабөтен таланты мен сол талантына сай келген адамдық тұлғасы арқылы да барша халықтың «Міне, біз қандаймыз! Қазақтың қызы осындай болады, апа-әжелеріміз осындай болған, қыздарымыз, қарындастарымыз, сіңлілеріміз осындай бола алады» деп ойлағаны, Фариза арқылы да ұлттық мақтаныш сезімінің орныға түскені тағы талассыз. Ең қызығы, ең тамашасы да мынада – Фариза феноменін ақынның тұрақты оқырмандары, талантына тағзым етушілер ғана емес, оның кітаптарын дұрыстап оқымағандар да, бірен-саран жырын үзіп-жұлқып қана білетіндер де, жалпы кітап оқи қоймайтындар да, әсіресе өлең кітаптарын қолға ала бермейтіндер де, көзі әріп көруден қалған, тіпті атымен қара танымаған ата-әжелеріміз де жабыла жасағандығында. Ауыл-елге барғанында «Пәризашымыз келіп қалыпты ғой» деп айналып-үйіріліп алдынан шығатын адамдардың бәрінен бұрын біздің ұлтымызда осындай асылдардың барына қуана, мақтана дүрлігісіп жүргенінің өзі қадірін білген адамға ғажайып құбылыс!
Сондай ғажайып құбылысты жасай алған адам еді Фариза Оңғарсынова.
Сана өзгерсін, сана өзгеріп, адам өзгерсін, адам өзгеріп, қоғам өзгерсін, қоғам өзгеріп, заман өзгерсін деп Елбасы бастап, елі қостап, жалпақ жұрт болып жаңғыруға жұмылып жатқан, алдымыздан ашылатын жаңа тарихи кезеңге ауысудың ұлы белесінің басында тұрған ұлтымызға Фариза дәл қазір қай кездегіден де қымбатырақ, қастерлірек.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ