Кеше Парламент Мәжілісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары – ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі одан әрі шаралар» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко жетекшілік еткен отырыста Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов негізгі баяндама жасап, саланың жай-күйінен халық қалаулыларын хабардар етті.
Өз кіріспе сөзінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттер мен айқындалған жоспарлы бағдарламалар Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауы мен ел Үкіметіне жүктеген тапсырмаларында көрініс беретіндігін атап өткен В.Божко Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсу қарқынына қатысты пікірін білдірді.
Ал аталған бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың алғашқы 9 айында оң нәтижелер байқалатындығын баяндады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі 2 пайызға жуық өсіп, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,3%-ға, ет өндірісі 5,7%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайған.
«Сол сияқты өсімдік шаруашылығында да өндірістің ұлғайғаны байқалады. Ал осы күндері дәнді дақылдарды жинау аяқталып келеді. Яғни 15,3 млн гектар жерден өнім жиналды. Жұмыс қарқыны өткен жылға қарағанда 1,1 млн гектарға жоғары болып, 21,9 млн тонна астық бастырылды», деді А.Мырзахметов.
Министрдің айтуынша, тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау мен минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында ағымдағы жылы 3-сыныпты астықтың үлесін 65%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туындаған. Өткен жылғы көрсеткіш 44%-ды құраған екен. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы астықтың 34%-ының дән маңызы өткен жылғы 9 пайыздық көрсеткіштен 25 және одан жоғары деңгейге жеткен.
Саладағы соңғы жаңашылдықтың бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл шаруашылығын кооперативтендіру мәселесіне қатысты жайттар болды. Бұл бағытта министрлік мамандары арнайы кооперация картасы әзірленіп, қолданысқа енгізілгенін алға тартты.
«Ауыл шаруашылығы кооперациясы картасы 2016 жылдың соңынан бастап іске асырылуда және ағымдағы жылы алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде 56 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалығы ірілендіріліп, 745 кооператив құрылды. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар 5 968 бордақылау алаңын құрды. Осылайша, мұндай санаттағы адамдардың барлығы да дара кәсіпкер ретінде қайта тіркелді. Қазіргі кезде бордақылау алаңдарының қуаттылығы 102,5 мың басты құрайды және 44 мың тоннадан астам сүт пен 13 мың тонна ет дайындалды», деді А.Мырзахметов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жүргізілген салалық талдаулар нәтижесінде жыл сайын елімізде 7,8 млн тері шығарылғанымен, оның тек 2 пайызы ғана өңделетіні анықталған. Тері өңдейтін 5 зауытқа жиынтық көрсеткіштің тек 5,5 пайызы ғана жүктелген. Ал жүн өңдейтін кәсіпорындар көрсеткіші шамамен 12,7 пайызға тең. Осыған байланысты қазіргі кезде мал сою пункттері жанынан жаңадан 30 жүн дайындайтын және 135 тері дайындайтын бекеттерді құру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2 531 шалғайдағы жайылым учаскесі мен 1 747 қолдан ұрықтандыру пунктін іске қосу жоспарлануда. Жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорынды жаңғырту және жүннің барлық түрін кешенді қайта өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып, 1 зауыт салу мәселесі шешілген. Нәтижесінде, мал басы 2021 жылға қарай 2,7 миллионға, ал қой шаруашылығы өнімі 2 есеге өсетіні болжануда.
Сонымен қатар Асқар Мырзахметов елiмiзде ауыл шаруашылығы техникасының тозығы жеткенiн де өзекті мәселенің бірі ретінде атап өтті. Оның дерегінше, қайта жарақтандыру түйінін тарқату үшiн түрлi жеңiлдiктерден тұратын шаралар кешенi әзiрленген. Парктерге жүргiзiлген талдау нәтижесінде тракторлардың 65 пайызының және комбайндардың 46 пайызының қолданылу мерзiмi 17 жылдан асып кеткенiне көз жеткізілген. Бұл ретте, тракторлардың 20 пайызы жұмыс iстемейдi, ал 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар бойынша да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан.
«Мұның бәрі де шаруалардың артық шығындануына соқтыруда. Қуатты комбайндар мен тракторлардың импортын алмастыруға бiздің қауқарымыз жеткіліксіз екенi түсiнiктi, десек те топырақ өңдейтiн және азық дайындайтын техника секiлдi «шағын механика» құралдарының импорты бойынша жағдайды өзгертуге күшiмiз жетедi», дедi ауылшаруашылық техникаларын қайта жарақтандыру картасымен таныстырған А.Мырзахметов.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»