Жексенбі күні Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы болып, онда қазіргі премьер-министр Синдзо Абэнің либералды-демократиялық партиясы (ЛДП) айқын басымдылықпен жеңіске жетті. «Жаңа Комэйто» партиясымен бірігіп консервативтік коалиция құрған бұл партия енді парламенттің төменгі палатасындағы 465 орынның 311-не иелік ететін болады деп күтілуде.
Сөйтіп премьер-министр Синдзо Абэ өзінің позициясын барынша нығайтып алды. Оның негізгі қарсыласы, Токио қаласының басшысы Юрико Коикэ ханымның «Үміт партиясы» тек 50 орын шамасында ғана депутаттық мандатқа ие болды. Партия басшысының өзі бұл нәтижені «өте нашар қорытынды» деп бағалады.
Экономикалық қуаты жөнінен әлемде үшінші орында тұрған бұл мемлекеттің ішіндегі тыныштық пен тұрақтылық Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені Жапония Қазақстанның үлкен экономикалық әріптестерінің қатарына жататын мемлекет.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Синдзо Абэ парламенттің төменгі палатасын тарату туралы бастама көтеріп, оған император қол қойып, мерзімінен бұрын өткізілетін жаңа сайлауды 22 қазанға белгілеген болатын. С.Абэнің партиясы парламентте онсыз да көпшілік болатын, алайда премьер-министр жаңа салық саясатын енгізу мен солтүстіккореялық қауіптің ұлғаюына байланысты халықтың молырақ қолдауына ие болуым керек деген мақсатты алға тартып, төменгі палатаны қайта сайлауға құлшыныс білдірген. Бір жағынан бұл үлкен тәуекел де еді, өйткені соңғы айларда жапон электораты арасында жүргізілген салмақты сауалдарға қарағанда, либералды-демократиялық партияның рейтингі біршама төмен екені анықталған.
Ал премьер-министрді қолдаушылар үлесі 70 пайыздан 23 пайызға дейін құлдыраған. Шілде айында өткізілген Токио қалалық жиналысының сайлауында ЛДП 127 депутаттық мандаттың 23-не ғана ие болған. Бұл партия тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Осы сайлаудан кейін, тамыз айында С.Абэ үкіметті толықтай отставкаға жіберіп, министрлер кабинетін қайта жасақтаған болатын. Онда барлық 19 министрдің бесеуі ғана орынтақтарын сақтап қалған. Бұл мәселе де электораттың көзқарасына теріс ықпал ететін факторлардың бірі.
Алайда, премьер-министр осындай тәуекелдерге қарамай жаңа сайлау болғанын қалап, онда өзінің саясатын халықтың қолдайтындығына анық көзін жеткізіп, парламенттің үштен екі даусына ие болды. Енді ол өзінің көздеген мақсатының бірі – тұтыну салығын 8-ден 10 пайызға дейін арттыратын болады. Халық өзінің қолайына жаға қоймайтын бұл шараға бейілділік танытып отыр. Өйткені арттырылған салықтан түскен қаражат солтүстіккореялық қауіптің өсіп отырған жағдайында ұлттық қауіпсіздікті нығайта түсуге қолданылатыны премьер-министр тарапынан бұрын анық айтылған. Әрине Синдзо Абэ өзінің қазіргі жағдайында да ұлттық қауіпсіздікті нығайту қажеттігін алға тартып, салықты өсіруге шамасы келетін.
Бірақ өз ісіне халық сенімінің қаншалықты дәрежеде болатынын көруді көздеген саясаткер өз партиясы мен жеке басының биліктен айырылып қалу тәуекеліне қарамай осындай қадамға барды және өзінің саяси бағытының дұрыстығына халықтың көзі жетіп отырғанын көрді. Енді ол ұлттық қауіпсіздікті нығайту бағытына батыл кірісетіні сөзсіз. Сайлау алды мәлімдемелерінде С.Абэ бірнеше рет Солтүстік Кореяға қатысты батыл және қатаң саясат ұстанатынын айтқан болатын.
Жалпы, парламент сайлауына барлық электораттың 52,7 пайызы ғана қатысты. Дегенмен Жапонияның заңдылығы бойынша мұндай жағдайда кворум бар деп есептеледі.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»