• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қазан, 2017

Отандық роботты техниканың қарымы

1063 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға және білім беру саласында ІТ-білімді дамытуға баса мән бергені белгілі. Осыған орай жуырда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орта білім берудегі IT құзыреттілікті арттыру аясында мектептерде «Роботты техника» таңдамалы курсы енгізілетінін жеткізген еді. Бұл ретте әлемде қарқынды өріс алып келе жатқан роботты техниканың еліміздегі дамуы қандай деген сауал туады.  

Әрине әуелі роботты техникаға жас өс­кін­­дерді баулу керек. Оған қазақстандық мектептер дайын ба? Министрдің айтуынша 2016-2017 оқу жылында роботты техни­ка бойынша 372 үйірме, 397 мектепте каби­нет ашылған екен. 2,5 мың информатика пәні­нің мұғалімі роботты техника мен робот­ты техниканы жүзеге асыру жағдайында ІТ бо­йынша теориялық және сыныптан тыс жұмыс­тарды ұйымдастырудың ерек­ше­лік­тері негізінде біліктілікті арттыру курс­тары­нан өтті. Бірақ бұл тарапта мұғалім­дер роботты техникаға қаншалықты энтузи­азммен қарайды деген екінші сауал көлбеңдейді. Өйткені оқушыларды осы бір күрделі ой-сана іліміне машықтандырмас бұрын оқыту­шының өз қызығушылығы қандай деңгейде екеніне ешкімнің көзі жетпей отырғаны аян.

Қазір еліміздегі жалпы және орта білім беру мектептеріне таратылып жатқан тәжі­ри­белердің ұясы – «Назарбаев зият­кер­лік мектептері» дербес білім беру ұйы­мы. Аталған ұйымның Семей мен Көкшетау қалаларындағы филиалдарында «Роботты техника» үйірмесі 2009 жылы ұйымдас­тырылған болатын. Содан бері 8 жыл өтті. Бүгінде барлық зияткерлік мектепте роботты техникаға баулитын таңдамалы курстар жұ­мыс істейді. Бұл курстарды ұйымның Пе­да­­го­гикалық шеберлік орталығында «Робот­­ты техника» таңдамалы курсы бо­йын­­ша оқыған информатика пәнінің мұға­лім­­дері мен жаттықтырушылары оқытады. Жал­пы, Назарбаев зияткерлік мектептері 2010 жылдан бастап информатика пәнінің мұ­ғал­ім­дері үшін «Ақылды роботты техника жүйелері», «Орта мектептегі білім беруге арналған роботты техника», «VEX робо­тын пайдаланудағы роботты техника негіз­дері», «Lego EV3, WeDo – өз тарихыңды құр» білік­тілікті жетілдіру курстарын ұйымдастырып келеді. Сондықтан аталған салада алға тартатынымыз осы мектептердің үлгісі болмақ.

Соңғы жылдары әлемдік роботты техника саласындағы байқауларда қазақстандық оқушылар да көріне бастады. Назарбаев зияткерлік мектебінің құрамасы 2013 жылы Индонезияда өткен Бүкіләлемдік роботтар олимпиадасына (World Robot Olympiad) қатысса, 2014 жылы дербес білім беру ұйымы осы олимпиаданың Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі мәртебесіне қол жеткізді. Яғни WRO ережесіне сай Назарбаев зият­керлік мектептері еліміздің атынан қаты­сатын ұлттық құраманы жасақтауға бірден-бір жауапты мекеме болды. Жыл сайын зияткерлік мектептері іріктеу олимпиадаларын өткізіп келеді. Барлық турнирде Lego роботты техника конструкторлары пайдаланылады. Сондай-ақ компьютерге сыммен және сымсыз жалғанатын интерфейстер арқылы бағдарламалық қамтамасыз етуге қосылу мүмкіндігі бар, автоматикада автономды нысандар құруға пайдалануға болатын VEX пен Arduino құрылымдаушылары да оқу үдерісіне енгізілуде.

Былтыр қараша айының ішінде Үнді­стан­ның Нью-Дели қаласында өткен дүние­жүзілік олимпиадаға 54 елден 2 мың­нан аса команда қатысқан екен. Соның ішінде Қазақстан құрамасы 7 санат бо­йынша (Regular Junior High, Regular Senior High, Open Elementary, Open Junior High, Open Senior High, Advanced Robotics Challenge, Football) сынға түсті. «Жерге жақын орбитадағы ғарыштық қоқыстар­ды жоюға арналған роботтандырылған орбиталық станса» жобасы Open санаты бойынша ең мәртебелі жүлделердің бірі – «Creativity Award» сыйлығына ие болды. Яғни қазақстандық жоба олимпиададағы ең креативті және инновациялық жоба ретінде танылды. Бұл – ерекше жетістік.

Айта кету керек, Қазақ­станның атынан қатысқан жобаны жасап шығарған Тал­ды­қорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Талғат Бек пен Анатолий Алексеев болатын (жат­тық­ты­ру­шысы Николай Авдюнин). Жыл басын­да Астанадағы Конгресс-холлда өткен көр­меде осы Талғат Бектің жобасына қызы­ғу­шылық танытып, авторымен сөй­лес­кені­міз есімізде. Ол сонда төрт бөліктен тұратын роботты құрыл­ғының әуелі өзінің айна­ласындағы нысан­дарды зерттейтінін, яғни жақын маң­нан ұшып өткен денені арнайы импульс құрылғылары арқылы атмо­сферада жоятынын жеткізіп, өзінің бұдан өзге мұнай өндіру стансасы мен спут­ник­терді күннің бағыты­на бейімдеп тұра­тын робот жасап шығарғанын айтқан бола­тын. Талғат сияқты талантты оқушылар елі­міз­де жетерлік.

Айталық, жазда ЭКСПО көр­месі аясында өткен ұлттық жарысқа 300 оқушы қатысса, оның 200-ден астамы зияткерлік мектептерінің оқушылары екен. Осы жарыстың қорытындысы бойын­ша алдағы қараша айында Коста-Рика­да өтетін бүкіләлемдік олимпиадада ел намысын қор­ғайтын роботшылар белгілі болды. Олар жасаған құрылғы су ағынының магниттік өзгерісін пайдалану арқылы 2,5 вольт қуат өндіре алады. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар тепе-теңдігін сақтай отырып жұмыс істейтін тегершікті генератордың көмегімен мобилді құрылғыларды қуаттауға болады. Ғалымдар робот прототипіндегі шағын ГЭС алдағы жылдары индустрияландыру­дың басты нысанына айналуы әбден мүмкін екенін айтады. Яғни Қазақстанның кей аумақтарындағы электр энергиясының тап­шы­лығын ретке келтіруде, сонымен бірге отын-энергетикалық кешенін дамытуда маңызы зор болмақ.

Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектеп­тер­і­нің оқушылары түрлі білім бәсеке­лерін­де роботты техника бойынша үздік шы­­ғып жүргені белгілі. Джакартада өткен дү­ниежүзілік жарыстан бөлек, биыл нау­рыз айында Мәскеудегі «РобоФест» бүкілресейлік роботты техника фестивалінде VEX бағы­ты бойынша Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің Нұрдәулет Дос­ма­­ғам­­­бет жаттықтыратын командасы 1 және 2-орынға ие болды. Ал шілде айында Ва­шинг­тонда аталған команда First Global Challenge роботты техника бойынша халық­аралық жарысында 163 мемлекеттің арасынан 8 орынға тұрақтады. Біз осы орайда бапкер Нұрдәулет Досмағамбетпен сөй­лес­кенімізде, ол оқушыларының бұдан да жоғары нәтижеге, алтынға қол жет­кізуі тиіс болғандығын, ал 8 орынға тұрақ­тауға серік­тес командалардың нашар дайын­дықпен келуі әсер еткенін жеткізді.

– Елімізде роботты техника кейінгі жыл­­дары ғана қолға алынса да, бұл салада біз­дің оқушыларымыз дамыған елдердің оқу­шы­ларының да алдын орап кететініне көзім жетіп жүр. Батыс елдерінің балалары көп дүниеде мақсатсыз, сылбыр қимылдаса, қазақ­стандық өрендер өршіл, өзгеге намысын жібермес нағыз роботшылар ретінде қалып­тасып келе жатқанына қуаныштымын. Біздің бұл бағыттағы әлеуетіміз өте зор, – дейді ол.

Қазақстанда роботты техника олимпиада­лары­ның қатысушылары жылдан жылға ар­тып келеді. Мәселен, былтыр бұл олим­пиа­­даға 4 мектептің 19 командасы қатысса, биыл командалар саны 50-ден асып жығыл­ды. Әрине елімізде роботты техниканы ілге­рі­ле­ту мақсатында құрылған ұйымдар санаулы. Солардың бірі «ҚазРоботикс» білім беру және спорттық федерациясы» республикалық қоғам­дық бірлестігі роботты техниканы дамыту бойынша оқытушылар мен студенттерге, оқушыларға қол ұшын созып, түрлі бай­­қаулар мен жобалар ұйымдастырып келе­­ді. Қазақстан автоматизация және робот­ты техника қауымдастығының президенті Вла­димир Төреханов соңғы кезде роботты жобаларға қатысушылардың саны ғана емес, сапасы да өскенін айтады. Яғни келешек­те өнді­рістің әр саласына дендеп енетін роботтан­дыру ғылымында қазақ баласының да қолтаңбасы болатынына сенім ұялататын ілкімді іргетас қаланды деуге болады.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»