Батырлар елі атанып, халқымыздың небір әйгілі ұлдары мен қыздары дүниеге келген қойнауы құт Қобда ауданында жыл сайын жағымды өзгерістер болып жатады. Таяуда ғана ауданда сыңғырлаған су жаңа 320 орындық жаңа мектеп-гимназия ғимараты салынып, пайдалануға берілді.
Қобда – халқымыздың демографиялық өсіміне де өз үлесін қосып, бесіктері тербетілуден толастамай келе жатқан өркенді өңір. Мұнда өмірге келген нәрестелердің саны облыстағы өзге өңірлермен салыстыра қарағанда біршама жоғары. Бұл жағымды жайт аудан орталығындағы мектеп үйінің тарлығын көрсетті. Сондықтан оқушылар үш ауысымдық оқу тәртібіне көшкен болатын.
Енді міне, осы бір уақытша қолайсыздық артта қалып, текті топырақтың ұл-қыздары заманауи зәулім ғимаратта оқуларын жалғастырды. Жаңа ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған, соңғы үлгідегі ақпараттық технология жетістіктерімен жарақтандырылған.
Атап айтқанда, үш қабатты еңселі нысанда спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, асхана және жаңа модификацияға негізделген оқу кабинеттері бар. Медиатека дейсіз бе, қысқы бақ дейсіз бе, осының бәрі қобдалық жеткіншектердің жан-жақты үйлесімді дамуына қызмет жасамақ. Гимназия мәртебесін иеленген айрықша сәулет жобасының жалпы құны 760 миллион теңгені құрайды.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы