Еліміз тәуелсіздік алған тұста, яғни 1992 жылы Қазақстан самбо құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Керей Қойшыбек табаны күректей 18 жыл ұлттық құрама тізгінін ұстады. Осы аралықта самбо күресінен ересектер мен жастар арасында өткен дүниежүзілік чемпионаттарда жиырмадан астам шәкірті жеңіс тұғырынан көрінсе, солардың ішінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров пен әлемнің үш дүркін жеңімпазы Асхат Шахаровтардың жеңісті жолын жалғастырған бапкер ретінде қазақ спорты тарихында аты қалды. Шәкірт тәрбиелей жүріп өзі де боз кілемде белдесіп, ардагер самбошылар арасында екі дүркін әлем биігін бағындырды. Бүгінгі таңда қайраткер ағамызды әңгімеге тарттық.
– Керей аға, спортсүйер қауым өзіңізді тәжірибелі бапкер ретінде біледі. Сізден сұрайын дегенім: қазіргі қазақ бапкерлері нені білмей, неден ұтылып жүр?
– Күрес үш нәрседен тұрады. Әуелі, биология, одан кейін биомеханика, үшіншісі – психология. Осының ішінде биологияға: спорт анатомиясы, физологиясы жатады, ал, биомеханикаға күресті үйрету методикасының дұрыстығы, яғни айла-әдістердің математикалық дәлдігі жатады. Бірақ спортшының дене-тұрқына қатысты, нақтырақ айтқанда, аяқ-қолының ұзындығына немесе қысқалығына, күш-қайратына байланысты ерекшеліктері бар. Психология дегеніміз осының бәрін спортшының санасына сіңіру.
Өз тәжірибемнен түйгенім, баланың психологиясын жас кезінде қалыптастырмай одан үлкен спортшы шықпайды. Баланың жылдамдығы, иілгіштігі, ептілігі 14 жасына дейін қалыптасуы керек. Есейе келе жылдамдығы қалады да, басқалары жойылады. Қысқасы, талантты баланы ғылыми негізде дайындаған жағдайда, ол 22 жасына дейін әлемдік деңгейге шығып қоюы керек.
Сіздің сұраққа қатысты айтарым – біздің бапкерлер спортшыны, яғни, балуанды дайындау барысында, жоғарыдағы ырғақты ұстамайды. Бұған жүйенің де терістігі бар. Өйткені, жасөспірімдерге арналған мектеп-интернаттар жаттықтырушыдан нәтиже сұрайды. Айлық-шайлығын шәкірттерінің көрсеткен нәтижесіне қарап төлейді. Осы жағдайдан соң олар қайтеді, бала кезінде қалыптасуы тиіс ғылыми физиологиялық негіздерді ысырып қойып, бірден күреске үйретеді.
Осыдан барып бала жастай жарақат алады, аяқ-қолы мертігеді, өсу процесі бұзылады, жылдамдығы жоғалады. Сөйтіп, талантты деген баланың өзі спортты ерте доғаруға мәжбүр. Ал, Германия сияқты спортқа ғылыми негіз берген елдерде, бапкердің еңбегі ең соңғы нәтижеге дейін толық сақталады. Біздің спортта осы бір қағидаттар ескерілмей келе жатыр.
Жоғарыдағы ырғақтың бұзылуына себеп жарыстың көптігі деп ойлаймын... Одан кейінгі біздің спорттағы ең күрделі мәселе мамандардың білім-біліктілігі. Бапкер тек балаға күрес үйретумен бапкер болмайды. Ол медицинаны, физологияны, биомеханиканы жетік меңгерген болуы тиіс. Шәкіртпен терең тіл табыса білуі тиіс.
– Кераға, бізде қазір мынадай үрдіс қалыптасты. Бапкер сырттан дайын спортшыны тауып әкеледі де, үлкен жарыстарға қосып, оның жеңісі арқасында атақ алады, марапатқа ие болады. Шын мәнінде сатып алған спортшыға оның бір тиын еңбегі сіңген жоқ. Осы дұрыс па?
– Бұл спорттағы жүйеленбеген шаруалардың кесірінен болып жатқан дүние. Жоғарыда айтқанымдай, бізде талантты баланы жастай ығырын шығарамыз да, спорттан кетуіне мәжбүрлейміз. Осы олқылықты сырттан спортшы жалдау арқылы толтырамыз.
Мына түрімізбен көштен қалып қоюымыз әбден мүмкін. Қазір көрші Қытай елінде ғылым спорттың ішіне кіріп кетті. Баланы спортқа тартпас бұрын оған гендік зерттеу жасайды да, қандай спорт түріне бейім екенін анықтап алып, біз сияқты сатылап, циклдеп жатпай, бірден негізін қалап жатыр. Дәл қазір Қытайдың спорт медицинасы әлемде бірінші орынға шықты.
– Сіз айтып отырған гендік тексеріс дегеніміз тұқым қуалау ма?
– Әрине, тұқым қуалаушылық спорттағы басты мәселенің бірі. Қазақ «ұрыдан қары туады» деген жоқ па. Жалпы, тұқым қуалау арқылы балуан болуы мүмкін. Бірақ отбасында қандай тәрбие алды осыған да қарау керек. Қазақ халқы әр нәрсеге тез бейімделгіш жұрт. Бізде әсіресе Кеңес Одағы кезінде қазақтың жан дүниесін түсінетін, оның табиғи және ұлттық ерекшелігін ұғынатын бапкер болған жоқ. Ұлты басқа бапкерлер қазақтардың ішкі қуатын ашудың орнына «қолынан келмейді» деп спорттан қуып жіберетін. Қазір осының бәрі енді-енді қалыптасып келеді.
– Ресей құрамындағы 2,8 млн халқы бар дағыстандықтар мен кавказдықтар күрес түрлерінен ұлттық құраманың 60-70 пайызына иелік етіп отыр. Мұндай ерекшелік кавказдықтардың тума талантынан ба, рухының күштілігінен бе, тектілігінен бе?!
– Олардың, яғни кавказдықтардың табиғи ерекшеліктерінен шығар деп ойлаймын. Олар таулы жерде өмір сүреді. Таудың адамы қуатты келеді. Тау адамды төзімділіккке баулиды. Қазір қазақ қыздары кім көрінгеннің етегінен ұстап, шетелге кетіп жатыр. Осы арқылы гендік болмыс, қуат күшімізді жоғалтып жатырмыз. Ал кавказдықтарда отбасылық тәрбие мықты, олар қыздарына ие болып отыр. Гендік рух пен тектілігін жоғатқан жоқ. Мәселе қайда жатыр!
– Спортағы рух-намыс мәселесі жайлы не айтасыз?
– Рух пен намыс ұрпаққа қанмен дариды. Кавказдықтардың қанына сіңген айнымас ұғымы бар. «Менде не бар бәрін ал, бірақ еркіндігіме тиіспе!» деген. Рухы азат емес адамды қанша тәрбиеле, одан ештеңе шықпайды. Яғни рухсыз адамнан мықты спортшы шықпайды. Одан кейін біз ұлттық тамақтану дәстүрімізден ажырап қалдық. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
– Сіз самбодан республика құрамасының бас бапкері кезіңізде шәкірттеріңізді бастап әкемтеатрға үнемі баратын еді дейді. Оның спортқа қандай қатысы бар?
– Театр адамның ұлттық санасын оятады. Ұлттық санасы жоқ адам ұлты үшін жанқиярлық істерге бара алмайды. Қазақ баласына, қазақ балуандарына өте қажет дүниенің бірі осы.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»