• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қазан, 2017

Түркістанда банктен ақша ұрлағандар қолға түсті

280 рет
көрсетілді

Түркістандағы «Каспий банк» ғимаратынан ақша ұрлаған ұрылар ұсталды.

Оқиға былай болған екен. Түнгі уақытта Тәуке xан көше­сінің бойында орналасқан банк ғимаратындағы терминал­дан белгісіз біреулер 4 млн теңгеге жуық қаржыны ұрлап кетеді. Оқиға орнына жеткен полицейлер осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» 4-бөлігімен іс қозғаған бо­латын. Жедел іздестіру нә­ти­жесінде осы қыл­мысқа қаты­сы бар деген екі күдікті ұста­лады.

Қызық болғанда банк қызметкерлері екі күдіктінің бірін жазбай таныған. Дәл танитын себебі, күдіктінің бірі болып тұрған 1970 жылғы жігіт ұрылардың жолын кесу үшін күзетшілік жұмысқа қабылданған өз қызметкері еді. «Каспий банктің» күзет­шісі өз қызметін шатастырып алды ма, әлде осы банкке менің де маңдай терім артығырақ төгілді деп ойлады ма, сыбайла­сымен түнгі жортуылға шыққан.

Алайда, жаза басқанын аңдаған ол тергеушілерге кі­нәсін тез мойындап, өзіне «тие­сілі» 2 млн теңгені қай­тарып берген. Ал электрші болып істейтін серігі қайтару жағын ойға алмапты. Ол дереу қамауға алынды. Күзетші изо­ляторға қамалмағанымен қыл­мыстық істен құтыла алмады. Енді екеуі сот үкімін күтеді.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы