Семинар-кеңес жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері және ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Жиынды сөз сөйлеп ашқан Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірімізде 107 жоба қолға алынғандығын атап көрсетті. Солардың ең бастылары Бурабай, Қорғалжын және Зеренді аудандарында шоғырланғандығын айта кеткен жөн. «Бурабай ауданы бойынша «Абылай хан алаңы» мемориалдық стелласы, Ерейментау ауданында «Құмай» археологиялық кешені салынды және де Қорғалжын ауданында көптеген шаруалар атқарылуда. Сонымен қатар білім, мәдениет саласында көптеген шаралар назардан тыс қалмаған. Облысымыз табиғи байлықтары ғана емес, сонымен бірге рухани құндылықтары да мол өңір саналады. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үлкен үлес қосатынымызға нық сенімдіміз», деді А.Айбабин.
Бұдан кейін сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының маманы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ӨЖО бас менеджері Әсем Әзірбаева алдағы атқарылар жұмыстарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары бойынша 24 шағын жоба, «Рухани қазынаға» – 79 жоба және ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды, ішкі туризмді дамыту жөніндегі іс-шаралар, «Атамекен» кіші бағдарламасына 4 жоба қарастырылып отыр. «Тәрбие және білім» атты кіші бағдарламаның басты назары қазақстандықтарды бәсекелестікке, прагматикалық және амбициялық тұлға ретінде тәрбиелеуге бағытталып отырғанын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының республикалық басқармасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының бас менеджері, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Стелла Ибраева алға тарта сөйледі. Ал еліміздің қасиетті мекендеріне енген тарихи орындары жайында сөз қозғаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева олардың маңызын ашып беруге тырысты.
Оның мәліметіне қарағанда, «Қазақстанның 100 қасиетті орны» республикалық тізіміне 11 нысанмен бірге 8 жоба енген. «Ерейментау ауданының аумағында Құмай бірегей археологиялық және этнографиялық кешені бар. Мұнда бірнеше дәуірлердің ескерткіштері – қола дәуірі, ерте темір дәуірі, ғұн, классикалық түркі және этнографиялық даму кезеңдері сақталған. Ең маңызды ескерткіштер – I-VI ғасырларға дейінгі Батыс түрік қағанатының кезеңінің тас мүсіндері. Осы кешеннің құрылысы болашақта экологиялық, этномәдени және басқа да туристік қызмет түрлерін дамыту үшін алғышарттар жасайды», деді бас маман. Сондай-ақ өңірімізде «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 4,8 миллиард теңгеге бірнеше мәдени, тарихи және әлеуметтік нысандарды қайта құру және салу бағытында 57 жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кеңес отырысы барысында әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұртшылықты және қоғам өкілдерін тарта отырып, келешек ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, қасиетті жерлерді БАҚ арқылы кеңінен насихаттау мәселелері жан-жақты көтерілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»