Жақында Чешенстан Мәдениет министрлігінің қолдауымен Грозный қаласында әйгілі биші, аты аңызға айналған Махмуд Эсамбаев атындағы IX Халықаралық бишілер конкурсы өтті. Аталмыш конкурсқа Ресей, Грузия, Татарстан, Беларусь, Қалмақ Республикасы, Солтүстік Осетия-Алания, Дағыстан сынды 16 елдің өкілдері қатысты.
Қазақстанның атынан Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Салтанат» би ансамблінің белді әртісі Ернұр Қарықбол қатысты.
Ернұр Қарықбол жеке би аталымында «Моңғол» және «Аққу» билерін орындады. Шетелдерден келген орындаушылардың шеберлігіне қарамастан, ол өте жоғары кәсіби техникалық деңгейде орындауымен қазылардың көзіне ерекше түсті. Осылайша Ернұр Қарықбол Махмуд Эсамбаев атындағы IX Халықаралық бишілер конкурсының Гран-при жүлдегері атанды.
Жүлдені Чешен Республикасының президенті Рамзан Қадыров өз қолымен табыстады. Конкурстың салтанатты жабылу рәсімі Ернұр Қарықболдың орындауындағы «Моңғол» биімен аяқталды.
Ернұр Қарықбол «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі – бас балетмейстер, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсәуле Орумбаеваның шәкірті.
«Егемен-ақпарат»