Кабинеттің есігі ашылды. Кім екен деп қарасам, «Егеменнің» ардагері – Мамадияр аға Жақып.
Табалдырықтан аттай бере:
– Осы маңнан өтіп бара жатып, редакцияға кіре шығайын деп әдейі бұрылдым, – деді жеделдете сөйлеп. – Шынымды айтсам көңілім осылай қарай тартады да тұрады. Біз үшін өз үйіміз сияқты ғой. Оны сендер жақсы түсінетін шығарсыңдар. Кейде тіпті дәл осылай қарай бет алғанда, құдды бір өзімді жұмысқа келе жатқандай сезінетінім бар.
– Жақсы болды, аға, келгеніңіз, – деймін қуанып. – Бүгін сізге өзім де хабарласайын деп отыр едім.
– Жай ма?
– Баспасөзге жазылу басталды емес пе?!
– Ә-ә, иә, иә!.. «Егеменге» деген елдің ықыласы қазір ерекше. Бұл ең алдымен, айналайын, ел тәуелсіздігінің, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы. Өткенде «Баспасөзге жазылу күні» поштаға барып едік, біраз адам кезекке тұрып жазылып жатқанын өз көзімізбен көрдік.
– Иә. Бүгін менің электронды поштама да мынадай бір «хабарлама» келіпті. Міне, қараңызшы. «Біраз уақыттан бері «Егеменнің» мазмұны өзгерді. Өте жақсы бағытқа қарай бет алды. Маған әсіресе, әдебиет бетіндегі мақалалар ұнап жүр. Бағашардың жазғандарына ризамын. Сіздің, Айгүл апайдың, Алмас Нүсіптің жазған дүниелерін жіберіп алмауға тырысамын», дейді.
Осы сәтте Мамадияр аға жымиып:
– Кім жазыпты? – деді риза болып.
– Қарлыға Ибрагимова деген қызыңыздың пікірі екен.
– Әп, бәрекелді! Еңбектерің жана берсін! Енді мен де саған бір қызық әңгіме айтайын, тыңда.
– Құлағым сізде, аға.
– Осы «Егеменде» ұзақ жыл қызмет істеген Мыңбай Ілес деген ағаңды білетін боларсың?
– Білем.
– Өзі бір сондай ақ көңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін кісі еді ғой. Жұмыс десе жанын салып, редакция мен баспахананың арасында шапқылайтын да жүретін. Өкінішке қарай өмірден ерте өтіп кетті. Алланың ісіне амал жоқ қой енді... Міне, сол Мыңбай ағаңның үйіндегі Клара апаң да бір тамаша адам. Өте кішіпейіл, жаны таза, нағыз зиялы. Жас кезінде, пай-пай, өте сұлу болатын. Даусы қандай керемет еді. Клара ән салғанда бүкіл дүние тым-тырыс болып, ұйып тыңдап қалғандай көрінетін.
Әне, сол апаңа қайсыбір жылы «Егеменді» бір жылға жаздырып бергенмін. Содан кейін үйге телефон шалып тұр.
– Ау, Мәке, амансың ба? Құдай саған бақ берсін, ұзақ ғұмыр жас берсін. Биыл бізді газетке жаздырған екенсің. Қазір қолыма алып оқып отырмын. Көп рақмет, – деп екі көзіне жас толғандай кемсеңдеп қалды. – «Егемен» біздің өміріміздің бір бөлшегі, көзкөрген, көңілге ыстық жер емес пе. Бүгін үйге «Егемен» келгенде, отағасы Мыңбай да күлімсіреп бірге кіріп келе жатқандай болды ғой, Мәке-ау!..
Мамадияр аға әңгімесін үзіп, терезеге қарап үнсіз қалды. Осы жолы өзінің де көңілі толқып кеткен секілді. Мен де қолымды қалтама салып, беторамалымды іздей бастадым. Өйткені көз алдым бұлдырап бара жатқандай...
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»