Қарапайым қойшының бүкіл ғұмырын өзіне сыйдырған ғажайып сәтті, әкелерінің аты бәйгеден келгенде қуаныштан ебіл-дебіл болып жүгірген он баласының қуанышын уақыттың уысынан ұстап алу тек көзмерген фототілшілерге бұйырған. Қызылордалық әріптесіміздің қоржынындағы сырлы суреттерде есеп жоқ. Зымырап өтіп жатқан күндерге есесін жібермей жұмыс істеген фотографтың кей дүниелері бір қара беріп қалап алатындай құнды екенін мойындау ләзім.
Болат Омарәлиев өзінің Қызылордасында жатып-ақ бір сирек фотоны жалт еткізіп көрсете қояды. Сосын суреттің тақырыбын да өзі қоя қояды. Бұл фотоны «Қойшының бәйгеден келген аты» депті. Электронды поштамен лып етіп келе қалған суретке қарап отырып, көкіректе толқынысты сәт лықси жөнелді. Дәурен-ай!
Бүкіл бала-шағасымен қуанышы қойнына сыймаған қойшының бейнеттен көзі бір ашылмаған басқа өмірі де суреттің артынан сығалап тұрғандай бола бергені... Сонымен бұл суреттің сыры қандай?
– Байырғыда Қызылорда облысы Сырдария ауданы қойшыларының жайылымдары Жезқазған өңіріндегі Ұлытауға, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ аудандарымен шектесіп жатушы еді. Сырдария ауданы Сарысудағы мал жайылымынан ерте көктемде жайлауға шығып, қойды төлдетіп, күзге қарай семіртіп, қыстауға Сырға қайта құлайды. Осы үрдіс 1960 жылдан бастап 1990 жылдарға дейін жалғасты. Сол заманда мамыр айының аяғына таман қой төлдеп болғасын, екі күн қатарынан шопандар тойы өтеді. Малшылар да осы кезде бір сергіп қалушы еді.
Құда келгендей қызықты думанның алғашқы күні озат шопандар марапатталады. Екінші күні ат бәйгесі болады. Ол кезде шопандар тойынан басқа жерде ат бәйгесі өтпейтін. Мен де сол 1970 жылдан 1980 жылға дейін фотокамераларымды арқалап, шопандардың тойларына аттанамын. Газет тапсырмасымен осындай бәйгенің талайына қатыстым. 1975 жылғы аламан бәйгеге Шымкент, Тараз жақтан небір жүйрік аттар қосылды. 40-50 шақырым шапқан аламан бәйгеде анда-санда қойға мініп жүрген қойшының аты бірінші келіп, күтпеген қуаныштан халық дабырлап кетті. Дүрмектің дүбірінен тойдың аспаны жерге айналып түскендей болды ғой. Аламан бәйгеге жылқының жүйрігі ғана шыдас береді.
Әкелерінің аты басқалардан оза шауып, мәреге келе жатқанда шопанның он баласы он жақтан жүгіріп жетіп, жылап құшақтасқанын көргенде жұрт толқып кетті. Бұл өңірде бұрын болмаған оқиға болды. Небір атбегілер баптаған, кіл таза қанды жүйріктер далада қалып, қойшының аты озып келгені елге де қатты әсер етті. Ол кезде бас бәйгеге кілем, самаурын сияқты тұрмыстық заттар берілетін. Қазіргідей бас бәйгеге берілетін «джип» түгілі, арба да жоқ. Шопанның жүлдеге алған самаурынын бір жеңгесі қалап алып кетті. Кілемді басқа жеңгесі қалап алмақшы болып жатыр еді, қойшының әйелі ойбайлап бермеді, – дейді осы сәтке куә болған фототілші.
«Суретті үлкейтіп қараңызшы. Қойшының атының құлағының ұшында тілік бар, бәйгеге бапталатын жылқылардың құлағы тілінбейді. Бір атбегілер осы фотоны көріп, нағыз қойға мінетін ат қой, қалай болғаны?» деп қатты таң қалды дейді суреттің авторы.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ