10 жылға созылған ұлы көтерілістің бас батырларының бірінің шынашағы Есіл-Терісаққандағы елінде, сүйегі Түменде жерленген.
Терісаққанның Есілге құйған тұсы. Құйқалы түбек. Бірі түстіктен, бері теріскейден келіп құшақтарын айқастыра қосылған қос өзен әр көктем сайын бірінен соң бірі тасып, жаз бойы жырғайтын көкорайлы, көкмайсалы, ырыс-берекелі жалпақ жон. Осынау көлденең Есілдің кішкене түбекке үйірілген Бесоба атырабындағы бұрын Қызыл ту, кейінірек Баубек батыр аталған, қазірдегі жұрты қалған ауылдың іргесінде осынау батыр бабамыздың биік те көрнекті кесенесі сонадайдан көз тартады. Кесененің арт жағында қара тастан соғылған құжыра там қарайып көрінеді. Кесене үстінде батырдың рухы қалықтайды, там астындағы қабірде шынашағы жерленген.
Бектауыл Баубек батыр ақ патшаның отаршылдығына қарсы жаннан кешіп күрескен Кенесары – Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне бастан аяқ қатысқан тарихи тұлға. Өспірім шағындағы қолбалалықтан қол бастау дәрежесіне, жас кезіндегі жалпақ елге жайылған Бала Баубек атынан одан да зор батыр атағына жеткен, ақырында Хан Кененің қадірлейтін ең жақын үзеңгілес серіктерінің біріне айналған. Кенесары ханның өмір-өлім тайталасқан жорықты жолдарында әрқашан арына кіршік шалдырмай, ерлікте есе жібермей, қара күште де қапысыз, әдіс-тәсілге де алғыр, абыройы артық болып, сол кездегі даңқы шарықтаған Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақ Иман, Жанайдар, Төлебай, Басықара сынды батырлармен үзеңгілес жүріп, кеңесіне қосылып, аты қатар аталатын болған. Наурызбай бауырым деп құрметтеп, жақсы көріп жақын тартқан. Оның бір себебі, екеуі де Күнімжан бәйбішенің баласы есепті болғандықтан, аналық ортақ тәрбиесін алғандықтан да шығар деп ойлаймыз.
Азаттық мұратына, хан иесіне ақырына дейін адалдығының бір айғақты белгісі сол, Кенесарының батагөйі, қылды қарауыл Бөгенбай би ханның рұқсатымен соңындағы бір қауым елді ертіп Көкшетауға бет түзегенде Баубек батыр руластарына ермей, қансоқта майдан төрінде, арпалыстың ажалмен беттескен алғы шебінде қалып қойды. Бұл да оның ешбір жағдайда сүйекке таңба түсірмес, жүрегі түкті мәрттігін, қайтпас қайсарлығын танытқандай. Сөйтіп қырғыз еліндегі қайғылы уақиғаларға да етігімен саз кеше, өмірінен баз кеше қатысып, Кене ханмен бірге қолға түседі. Бірақ тағдырдың жазуы, құдайдың құдіретімен аман қалып, тұтқыннан қашып шығуы, елге келіп ағайын-аумағын жинап көлденең Есілге орнығып қонуы, онда отаршылардың сойылын соққан патша жандайшаптары тарапынан қуғын-қудалауға ұшырап, ақыры, кейінірек Түмен облысына жер аударылып тынуының өзі бір ерлік дастаны, шерлі хикая іспеттес.
Жасауылдар ұстап, ырдуан арбаға салып итжеккенге айдап алып кетіп бара жатқанда: қарауылшыдан сұрап алған қанжармен шынашақ саусағын шорт кесіп, қойнындағы таспиғымен қоса қасынан қалмай еріп келе жатқан екі жігіттің біріне беріп: «Енді маған туған елімнен топырақ бұйырмайтын шығар. Мыналарды Кішкене түбектің қырында жер қойнына тапсырып, басына маған бір белгі салар болсын, балаларым!» деп арттағы ауылға қайтарған екен. Кейінгі ұрпағы батырдың сол өсиетін қалтқысыз орындайды. Ал Сүлікқара тұлпарымен даланы дүбірлеткен, тірі жаннан беті қайтпаған арыстан ер қайрансыздықтан қамығып: «Қош бол, туған ел, өскен жұрт, қош бол, жақсыларым мен жайсаңдарым қара түнектегі, қараққұрым халқым!» деп аһ ұра, беймәлім жаққа ырықсыз, еріксіз жөнеле беріпті. 16 жыл айдауда болған Баубек батыр Түмен жерінде бақилық болып дүниеден озады. Ақ жуылып, ақиретімен адал табысқан зираты да сонда. Батыр бабаның рухы бүгінгі ұрпағымен де қауышты. Оның жайын алда айтамыз.
Бектауыл Бала Баубек батыр есімі Есіл бойындағы Ақмола-Көкшетаудың, Жақсы-Қиманың, батагөй Бөгенбай бидің атажұрты, бер жақтағы Зеренді-Айыртау жамағатына ежелден жақсы таныс болған. Аруағына тағзым етіп, әрқашан қариялар бата-дұғаларынан тастамай қосып отырған. Осыған байланысты ел аузындағы әңгімелерді көп тыңдаған даңғыл көкірек ағамыз, шежіреші, ақын Айдос Әбутәліповтің: «Қарауылдың Бектауыл атасынан Кенесары ханның қосынына 12 жасында қосылып, ер жетіп, жүрегінде түгі бар батыр атанған Баубек Баймырзаұлы » деп көрсетуіне ден қойған дұрыс сияқты. Батырдың неліктен Бала Баубек атануының да сыр-себебі тап осы арада анықталып ашылып тұрған жоқ па.
Әкесі мыңды айдаған бай Бекмырза, шешесінің аты Шұға екен. Кенесары баланың көзіндегі отына қызығып, ордамда жүрсін деп Бекмырза байдан қалап алған дейді. Мәрттігі емес пе, Бекмырза да баласын бір ауыз сөзге келместен ат мінгізіп аттандырып салыпты. Баубек баланың болашақ ұлы жорықтарының сызашықтай жіңішке жолы осылай басталыпты. Әуелде ордадағы Күнімжан бәйбішенің барыпкел-шауыпкел қолбалалық қызметінде болады. Яғни орданың күнделікті өз адамы. Кенесары сұлтан отбасының бір мүшесіндей дерлік.
Торғайлық қаламгер Ахметхан Байжан өзінің ел әңгімелерін ізерлеп зерттеу негізінде жазған «Кенесары хан мен Бектауыл Баубек батыр» атты деректі хикаятында өршіл жеткіннің қолбалалықтан қол бастар ерге лайықты шаруаларға ауысқан тұсын суреттейтіні бар. Бірде Баубек бала бозқырау кезінде ордаға бір қап тезек алып кірсе, төрде Кенекеңе сыйлы қылды Бөгенбай би отыр екен. Оның Бекмырза байдың баласы екенін естіген би:
– Япыр-ай, хан ием, мына баланың көзі жақсылық қылсаң да, жамандық қылсаң да жүз есе қайтарамын деп тұр ғой, – дейді. Бекмырза Арқаға атағы шыққан бай емес пе, баласын сізге асырай алмаған соң бермеген шығар. Өзіңіз де айтып отырғандай, жүрегінде түгі, көзінде шоғы бар мұндай өренді бас-аяғын бүтіндеп, өзіне лайықты ер кәсібіне баулығаныңыз жөн болар.
Батагөйінің сөзіне ден қойған әрі өзі де осы жөнінде бұрыннан ойланып бір шешімге келіп жүрген ақылман Кене сол арада дереу Баубекті шақыртып, аяғына етік, басына бөрік кигізіп:
– Қарағым, үй шаруасының өз адамдары бар ғой. Сен бұдан былай қауға тарт, жылқыға ие бол. Өз бойыңа, ер жігітке лайықты істермен айналыс! – деп пәрмен қылған екен.
Сол пәрмен Баубекке дәрмен болады. Осы күннен бастап балалық артта қалып батырлықтың жолына түседі. Үлкен жігіттерге, ысылған сарбаздарға еріп жылқы күзетіне, алғын-шолғынға шығады. Ат үстінен шоқпар сілтеп ұрыстасудың, найза түйреп, қылыштасудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Оның үстіне еш қаһардан қаймықпайтын дүлей өжеттігі және бар. Сөйтіп, он бес, он алты жасында-ақ жылқыны жауға алғызбайтын Бала Баубек атанады. Оның жайы былай. Алма-кезек барымталасқан заманда қырғыздың қырық жігіті сайланып келіп Ерейментаудағы өрістен Кенесары жылқысының бір бүйірінен тиіп, ширек бөлігін шиыра бөліп алып қиқулап айдап жөнелді. Жылқышылар қайранға жарамай қалып, ес жиғасын барымташылардың соңынан іле-шала жиналып шыққан қуғыншы жасақтың ішіне Баубек те қосылып, ілесе кетеді. Айтып-айтпай не керек, осы жолы сары бет, салқам баланың қара бүркіт аруағы көтеріп, қырғыздың бетке ұстап келген Тіленші батырын аттан түсіріпті, дейді. Батырдың емес, баланың аруағы асып, айдыны тасып аттан түсіргеніне қырғыздың қара буралы қияпаты қорланса да, мәрттігін танытады. Жігіттерін тоқтатып, жеңілісті мойындайды. Жылқы кейін қайтарылады.
Болған оқиғаның мән-жайы анықталғаннан кейін Баубекті ордаға шақырады. «Сол жолы Кенекең алты жылғы асыл қошқарын сойып, Баубекке асықты жілігін ұстатып, өзін өкіл бала қылып Күнімжан бәйбішенің кеудесіне құлатқан еді. Әлі бала деп жүрген Баубекке «Бала батыр Баубек» деген атақты да осы жолы өзі лайықтаған» деп бір түйіп қояды аталған деректі хикаятында Ахметхан Байжан. Ел аузының басқа әңгімелері де осыған үйлес. Баубектің өтініш-тілегімен барымташылардың басшысы Тіленші батырға кешірім етіліп, еліне жіберіледі. Кейін ханмен және басқа жортуылдас-жорықтас серіктерімен бірге қолға түскенде Баубек батырдың қырғыз тұтқынынан, туралап келген ажалдан құтылып шығуына осы Тіленші батыр жақсылықты жақсылықпен өтеп себепші болса керек.
Қолбаладан қауғашылық, жылқышылық, одан өкіл балалық, одан бала батырлық, бала батырлықтан жасақбасылық мәртебелерге біртін-біртін ауысқан Баубек жортуыл-жорықтарда ысылып шыңдала береді. Батырлықпен ғана емес, алғыр ақылымен, епті мәмілегерлігімен де танылса керек. Сонысымен хан дәргейіне жақындай түседі. Кенесары ханның әскери кеңесіне кіреді. Сонымен бірге, тарихшы Ермұқан Бекмаханов Кенесарының негізгі күштерімен қатар дұшпан тылына алғын-шолғын жасайтын және көтеріліске қатысудан бас тартқан сұлтандар мен ірі феодалдарды билігіне бас ұрғызатын ерекше қолдары болғанын айтады. Әсіресе, 1841 жылы Кенесары Ұлытауда ақ киізге көтеріліп хан болғаннан кейінгі жылдарда әрі өзі де жасы 20-дан асып, қайрат-күші, ақыл-есі толысып кемеліне келген кездерде Бопай ханым, Наурызбай, Жоламан Тіленшиев, Ержан Саржанов, Жеке батырлардың өкшесін баса,сондай төтенше жасақтарды Бектауыл Баубек батыр да басқарғанын аңдаймыз.
Бұған дәлел ретінде 1844 жылы Кенесары ханның өз қол астына бірікпеген бір топ сұлтандарға жолдаған мына үшбу хатын келтіруге болар еді. Онда былай делінген: «Сізге – Бәйтөре биге, уә Бәшек биге, уә Сүлеймен биге, уә Қаракүшік биге, уә жәмиғи назарының кісілеріне, уә мырзаларға сөз!
Сол Құдайының дағдыры болып, біздің біраз мұнша кісіміздің қаны сіздің мойныңызда болып еді. Ол қалған ісіңізге тәуба қылып: бізді хан біліп, өзіңіз қараша болып, бізнің бірлән ерісер деген ниетіміз бар еді. Сіз Құдайдан қорқып, аруақты сыйламадыңыз. Сізнің қылаптаңыз...тілеуді ұрды. Егер бұрынғы істеріңізден тәубә қылып қайтсаңыз, жақсыларының бізнің алдымызға келіңіз. Біздің мейірбамлығымыз сізлерге көп дүр. Егер келмесеңіз: біз отыз жас келіппіз, сізні құдайдан тілеп енді отыз жыл жаулармын, еншалла хаһ!
Сіздерге Баубек құлымызны жібердік. Әрбір ауыз тіліне бауыр қылың».
Осы хаттан көрініп тұрғандай, Баубек батыр Кенесары ханның сенген адамы, сөзін ұстаушы, пәрменін орындаушы өкілі, ерекше жасағының басшысы. Хан өз хатында «Әр бір ауыз тіліне бауыр қылың» деу арқылы Баубекке біраз құзыр да беріп отырғаны аңғарылады. Ол пәтуәгер, мәмілегер. Бұдан оның жалпы көтеріліс барысындағы орыны мен рөлі айқындала түскендей.
Ал енді Баубек батырдың Кенесары ханның әскери кеңесіне мүше болғандығына дәлелді тарихшы ғалым Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40- жылдарында» атты атақты монографиясынан табамыз. Нақты мәліметтерге сүйенген тарихшы: «Кенесары шақырған кеңеске әртүрлі рулардың өкілдері: Бегімбет руынан Иман батыр, Арғынның Төлек руынан Тәуке батыр, Қарауыл руынан Баубек, Керей руынан Қошқарбай батыр, Төртқара руынан Байгелді және Әйгер батырлар, Берді руынан Сүгірбай батыр келді... Кеңесте Торғай мен Ырғыз ауданын тастап кету туралы шешім қабылданды» деп көрсетеді. Одан әрі Кенесарының Сарыарқадан кетуі көтерілісшілер үшін ауыр соққы болғанын айтады.
Бұл, сірә, 1845 жылдың жаз-күз айлары болса керек. Жазушы Ілияс Есенберлин де «Қаһар» романында қарауыл руынан хан кеңесіне Баубек батыр кіргенін жазады. Демек, осы кездерде ол өз руының атынан сөйлейтін дәрежеге жеткендігін байқаймыз. Соның өзінде әлі жиырма беске келе қоймаған жас өрен. Дүйім елге дүбірлеткен батырлығымен танылуы бұдан әлдеқайда ертерек. Ал мұндай абыройға батыр білек пен ақыл-тілек, арыстан жүрек тең түскен жағдайда ғана жетер болар. Жалғыз бұл ғана емес, Біләл Малдыбайұлы «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы 9-шы нөміріне шыққан «Кенесары хан» деген мақаласында да: «Қарауыл ішіндегі белгілі батырлар Бөгенбай, Амалдық, Кенжебай, Арлан және Шамай Шауыпкелұлдары, Баубек, Елубай, Көбе басшы болып Кенесарыға еріп кетеді» дейді. Бұл деректі ертеректегі бір мақаласында жаны жаннатта болғыр профессор Жанұзақ Қасымбаев ағамыз келтірген екен. Сөйтіп, мұнда да бүтін бір руға басшы адамдардың ішінде жас Баубектің жүруі көп жайды аңдатса керек.
1946 жылы Ташкентте «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін қорғаған, оппонентті көтеріліс тарихының білгірі Бекмаханов болған диссертациясында тарихшы Елтоқ Ділмұхамедов жоғарыдағы пікір-пайымды растап бекітіп, әрі қарай дамыта түседі. Осы айғақтамаға жүгінсек: «Көкшетау ауданында халқының саны бойынша ең көп ру арғын тайпасының қарауыл руы болды. Қарауылдар Ресейдің бодандығын қабылдағылары келмеді. Олар Кенесарының көтерілісіне қосылып, көтерілісшілермен бірге кең далаға тереңдей сұғына, Қоңырат болысына қарайтын Қаратау ауданына, одан әрі Сарысу бағытына қарай жүрген. Олардың басшылары атақты батырлар Бөгенбай, Амалдық, Кенжебай, Арлан және Шамай Шауыпкеловтар, Бала Баубек, Елубай және Көбе батыр, жақсылық Серкеш би және басқалары болды» деп түгендейді. Осы арада Баубектің басшылар мен атақты батырлардың бел ортасында осыдан жеті-сегіз жыл бұрын шамасында Кенесары хан берген «Бала Баубек» атымен аталуы да қисынды. Он жылға созылған, азап пен ғажабы бірдей көтерілісті ұшқындай алаулап басталған арман-аңсарға толы басынан Кенесарының шерлі күңіренісімен біткен зарлық аяғына дейін сүйекке таңба салмай өткеріп шыққан Бектауыл Баубек батырдың одиссеясы мұнымен аяқталмайды. Ол отарлық езгіге қарсы Кенесары көтерілісінің рухын сонау Түмен жерінде 16 жыл айдауда жүрген өршіл өмірінің соңына дейін тік көтеріп өтті.
Жоғарыда айтқанымыздай, қырғыздың Тіленші батыры қырғыз қамағынан, айтып келген ажалынан құтқарып жібергеннен кейін Баубек батыр 20 жыл шамасында Есіл мен Терісаққанның тоғысында, Қима жерінде қоныс көтеріп, үйлі-баранды болып, ағайын-туыстың басын қосып, ұрпақ өрбітеді. Бірақ ақ патша отаршыларына ішінде қатқан мұзы жібімейді, қызмет қылудан бас тартады. Бір қауым елін қондырған берекелі қонысты келгінді мұжықтарға босатып бермейді. Бір жағынан, қазақтың өз ішінен шыққан жандайшаптар, бұрынғы дұшпандары суқиттап, «конакрад, барымташы» деп жалалап, әрі Кенесары көтерілісінің бас қаһармандарының бірі болғанын әлі күнге дейін әсте кешірмеген патша үкіметі үкім шығарып, жер аударады. Өзі болжағандай, топырақ жет жерден бұйырады.
Есіл ерді елі ұмытпады. Көзі тірісінде соңынан сонау Түмен жеріне Көбен деген інісі мен 19 жастағы Үдербай деген аталас ағайынның баласы іздеп барады. Кейін ауырып қайтыс болғанда қасында, ол да сотталған, троицкілік Зейнолла ишан болған екен. Қазақтың баяғы атақонысы, сол арадағы атығай, қарауылдар ие болып,кәдімгі өзінің Есілінің төменгі ағысындағы өзен жағасындағы биік төбеге жерлепті. Жаңағы Зейнолла ишан Баубек батырдың соңғы өсиетін орындап, елдегі туған-туыстарына киімін, заттарын әкеліп тапсырады. Болыс болған, қажылыққа барған баласы Мағзұм баяғы өзі тауып қалдырған әке саусағын жерлеп, басына там соғады. Баубек батыр бейіті деген белгі сол. Тәуелсіздіктің арай таңына ілесе 1993 жылы батырдың ұрпақтары мен ағайын-туыстары жалпы көпшіліктің қолдауымен Баубек батырдың биіктігі жеті метрлік келісті кесенесін көтерді. Оның ашылу салтанаты сол кездегі Торғай облысы көлемінде үлкен оқиға болған-ды.
Енді осы ұрпақтар батыр бабаларына топырақ бұйырған Түмен жақтан сыр тартуға сол жылы арнайы сапарлап барады. Батырдың шөбересі, дәрігер Амангелді Жүсіпов, аталас туыс Қадыр Жәкенов пен батырды халыққа алғаш танытушылардың бірі зейнеткер Мырзағали Дүйсенбайұлы Баубек бабаға қатысты біраз жайларға қанығып, жатқан жерін анықтап, бір уыс топырағын әкеледі, Түмендегі зират басында өсіп тұрған ағаштан бала қайың, тобылғы, шырша ала келіп елдегі кесене жанына отырғызды.
Батырдың сүйегі жатқан жер Түмен облысы, Ешім қаласының іргесіндегі Қызылтау деген төбе. «Красная горка» дейді. Кейін сондағы атығай-қарауылдың үлкен қорымына айналған. Сол төңіректің орыс-қазағы бұл зиратты әулиелі жер деп ертеден тәуеп етіп қастерлейді екен. Қазақ былай тұрыпты, орыс ағайындардың өзі «Святая могила», «Святая гора» деп атап кетіпті. Осында 2015 жылдың жазында Баубек батырдың баласы Мағзұмнан өрбіген тікелей ұрпағы Жанарбек Ғалымұлы зиярат етуге келіп, Дүйсенбек Шәріпов және Қали деген жергілікті ақсақалдардың көрсетуімен баба сүйегінің нақты қабірін анықтап, кеудесіне нұр толып, үлкен олжаға кенеліп, сүйініп те, мұндағы ағайын-аумақты сүйіндіріп те қайтып еді.
Содан келесі, 2016 жылдың жазында осы Жанарбек бастап, Әнуарбек және Әділбек деген інілерін ертіп, бұларға баяғы айдаудағы Баубек ағасын іздеп Түменге барып қайтқан Үдербайдың ұрпақтары – Қабиболла мен Мәжит Шаяхметовтер қосылып, он шақты кісі екі мәшинемен Ресейдің Ешіміндегі баба зиратына қайтадан барып, сол арадағы қаншама бауырлардың басын қосып аруаққа ас берді. Батыр баба қабірінің басына арнайы жасап апарған құлпытас орнатты. Онда «Кенесары ханның көрнекті батыры Баубек Бекмырзаұлы. Руы Қарауыл «1820-1884. Белгі қойған ұрпақтары» деп жазылған.
Ресейдің Total.kz ақпарат агенттігі «Түмен облысында қазақ батырының қабірі» табылды деген тақырыппен ақпарат жариялады. Онда Кенесары ханның жақын серігі Баубек батырдың мәңгілік жай тапқан жері Ешім қаласының шегіндегі ескі қорым екендігі, Кенесары көтерілісі басылғаннан кейін Сібірге жер аударған атақты батырдың сүйегі осында жатқандығын жергілікті ақсақалдардың ертеден білгендігі, енді шөпшектері іздеп келіп Құран оқып, ас бергені, басына құлпытас орнатқаны айтылған.
Иә, Хан Кененің Бектауыл Бала Баубек батыры өзін халқының азаттығы үшін жанпида етіп еді, туған елі ұмытпас үшін саусағын шауып беріп кетіп еді. Құдай тілегін қабыл қылған екен. Батыр рухы елге оралды... Осы мақаланы жазуға мұрындық болған Қабиболла Шаяхметов бауырымыз айтқандай, сүйегі жай тапқан Түмен жеріндегі құлпытасынан да, саусағы жатқан Есіл-Терісаққанның Кішкене түбегіндегі кесенесінен де батыр баба рухы туған елі мен жерін Арқаның ақ самалындай аялай бермек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»