Былтыр бағы жанып, «Қазақстан аруы» атанған қызылордалық Гүлбану Әзімханова даңқы жер жарған «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу мақсатымен Қытайда жүр. Он тоғыз жастағы отандасымыз тіркеуден өтіп, сұлулыққа таласқан бойжеткендермен бірге Санья қаласында өтетін халықаралық ақтық жарысқа барын салып дайындалуда.
Аспанасты еліндегі өткен он шақты күнде Гүлбану байқауға қатысушыларымен бауыр басып, өз елі Қазақстанды таныстырып жүр десе де болады. Шешуші сәттерге жеткенше дүниенің төрт түкпірінен жиналған сұлулар түрлі шаралар аясында Пуэрто-Рикода «Әлем аруы-2016» тәжін киген Стефани Дель Валлемен де кездесіп үлгерген.
«Байқауға келгеніме көп болмаса да, мұндағы жағдайға қайран қалып тұрмын. Әр қатысушы өзінше сұлу. Біз достасып та үлгердік, бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысып бағудамыз. Алғашқы күні-ақ әрқайсымыз өз елімізден әкелген сыйлықтарымызды бір-бірімізге тарту еттік. Қазір сөйлесіп, өз салт-дәстүрімізбен, ұлттық тағам мәзірлерімен, мәдениетімізбен бөлісу үстіндеміз. Маған барынша қолдау көрсетіп жүрген отандастарыма алғыс айтқым келеді. Бұл маған күш-қуат және өзіме деген сенімділік береді», деп сәлемдеме жолдайды сұлуымыз.
Бұл күндері байқауға қатысушылар қызу дайындыққа кіріскен. Енді жақын күндері байқаудың бастапқы сынақтары да басталады. Оның ішінде спорттық, әлеуметтік және мәдени іс-шаралар да бар. Байқау барысында «Қазақстан аруы» Арал теңізінің мәселелері мен оны шешу жолдары туралы экологиялық жобасын ұсынады.
Айтқандай, биыл «Әлем аруын» ұйымдастырушылар оның форматын аздап өзгертуді ұйғарған. Бұл байқау Head-to-Head Challenge форматында өткізіледі. Ұйымдастырушылардың пікірінше, әлеуметтік желілер мен интербелсенділікке баса назар аударылады. Финалға тек 40 қатысушы ғана өтеді. Олар түрлі сынақтар мен дауыс беру нәтижелері бойынша анықталады.
«Әлем аруы» байқауының ең басты миссиясы «Мақсатқа бастаған сұлулық» (Beauty with a Purpose) болса, осынау қайырымдылық жобасы ғана өзгеріссіз қалады. Әрбір жеңімпаз бір жыл бойы ерікті елші болып, әртүрлі елдерге барады. Халықаралық «Variety International» қайырымдылық қорына арнап қаражат жинау мақсатында дүниежүзілік қайырымдылық іс-шараларына қатысады. Өз кезегінде «Variety International» 1928 жылдан бастап мүгедектер мен бақытсыз адамдарға көмек көрсетеді.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»