Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Талдау орталығы мен Қазақстандағы Қытайды зерттеу жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы Қытай: мәселелер және жауаптар» деген тақырыпта семинар өтті. Онда ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй Қытай Коммунистік партиясы ХІХ съезінің негізгі қорытындылары туралы айтып берді.
Қытай елшісі атап өткендей, 18-24 қазан аралығында өткен Компартия съезіне 2300-ден астам делегат қатысқан. Съезде 205 адамнан тұратын орталық комитеттің жаңа құрамы сайланды. Құрылтайдың ашылу рәсімінде Қытай Компартиясының бас хатшысы, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Жаңа дәуірде орташа дәулетті қоғам орнату ісінде шешуші жеңіске қалай қол жеткізіп, қытайлық ерекшелігі бар социализмнің ұлы жеңісіне қалай жетуге болады?» деген тақырыпта баяндама жасады.
«Қазіргі кезде әлемдік қоғамдастық съезде сөз болған мәселелерге өздерінің бағасын беріп жатыр, – деді елші. – Барлығын Қытай Компартиясының жұмыс жоспары және оның нәтижесі, сондай-ақ жаңа тарихи миссиясы қызықтырады».
Қытай басшысының өз идеясын тұжырымдағанына келсек, онда «Жаңа дәуірде қытайлық ерекшелігі бар социализм құруды жалғастыру» қажеттігі баса айтылған. Бұл қытайлық ерекшелігі бар социализм орнату идеясының алдағы кезеңдерде де жалғаса беретінін білдіреді. Қытай дипломаты өз елінің алдағы уақыттарда даму қарқынына да тоқталды.
Оның хабардар етуінше, Қытай экономикасы барлық салаларда өсіп келеді. Бүгінде жан басына шаққандағы ІЖӨ сонау жылдардағы 200 доллардан 8 мың долларға жетіп отыр. Халықтың әл-ауқатын көтеру, жұмыссыздықты азайту, кедейшілікпен күрес партияның ең басты және негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Жылдар бойы жүргізілген жанды істердің нәтижесінде ел халқының орташа өмір сүру жасы 76-ға жетті.
Елші кезек күткен өзекті проблемаларды да ортаға салды. Оның айтуынша, Қытай елінде кедейшілік қамытын кигендер саны аз емес, ол 40 миллион адамға жуықтайды. Олардың жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалар бар. Бұл – өте күрделі мәселе. Дипломат соңғы бес жылда Си Цзиньпиннің басшылығымен жемқорлыққа қарсы күреске ерекше мән берілгенін де атап өтті, нақты мәліметтер келтірді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»