• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қараша, 2017

Дер кезінде жасалған тарихи қадам

336 рет
көрсетілді

Дүниеде жүздеген мемлекет бар. Бүгінгі таңда біз сол мемлекеттердің ішіндегі тәуелсіздігі тұрақты, экономикасы дамыған жаңа мемлекеттің қатарына жатамыз. 

Екіншіден, мем­лекеттік тілі, аумағы мен әлеуеті, әдеті мен ғұрпы қалыптасқан елге ай­нал­ғанымыз жаһанға аян. Елба­сы­ның кезінде айтқан «Әуелі экономика, одан кейін саясат» деген сөзі бар. Біз қазір сол кезеңге келіп отыр­мыз. Жаңадан тәуелсіздік алған кезеңде еліміздің зиялы қауымы латын әліпбиіне көшу керектігін айтқан болатын. Бірақ ол тұста мұндай ұлы өзгерістің уақыты келген жоқ еді. Арада біраз уақыт өтіп, еліміз жаһан­дық өзгерістерге бет бұрған кезеңде латын әліпбиіне көшудің реті келді. Өзіміздің шыққан тегімізді дұрыс тану дүниесі бар. Мұның бәрі де өткен тарихымызды білу үшін өте қажет дүние. Латын әліпбиіне көшу арқылы әлі де талай тарихи деректердің беті ашылады деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, латын әліпбиіне көшу арқылы біз өзіміздің ұлттық тілімізді сақтап қала аламыз. Себебі кейде орыс тілін араластырып сөйлейтінімізді өзіміз де байқамай қаламыз. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу тіл тазалығын сақтап қалу үшін өте керек дүние. 

Латын әліпбиіне көшу біздің тарихымызға да, жазуымыз мен сызуымызға да үлкен өзгеріс алып келеді. Елбасы айтқан ұлттық код дегені­міздің өзі осындай үлкен өзге­ріс­тер болып есептеледі. Келер ғасыр­ларда да біздің мемлекет ізгілікті, бір тілді мемлекет бола береді. Соны­мен қатар еліміз өзінің тарихын терең зерделеген, анық таныған ұлы мем­лекетке айналады. Енді латын әліпбиіне көшу халықтың, елдің тағдырын тереңнен ойлаған азамат­тың жасайтын дүниесі деп білемін. Латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме болғанда, расында да әліпбидің түрлі нұсқалары жасалды. Оған үлкен ғалымдарымыз бен айтулы тіл мамандары да түгелдей дерлік атсалысты. Дегенмен Елбасы латын әліпбиінің соңғы нұсқасына тоқтам жасады. Елбасының бұл таңдауы кезіндегі Ахмет Байтұрсынұлының жасаған жобасына өте сәйкес келеді. Бұл енді дер кезінде жасалып отырған тарихи қадам. Мемлекеттің әлеуетін, ұлттың тарихын танытатын маңызды шешім.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА, тарих ғылымдарының докторы, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры

Жамбыл облысы

Халықтық шешім оң серпін береді

Біз көптен бері латын әліпбиі­не көшуді мақсат етіп келе жат­қан елміз. Жыл басында қоғам талқысына салынғалы бері бар­лық әлеуметтік топтың арасында әртүрлі нұсқаға байланысты алуан түрлі пікір айтылды. Латынға көшуді көпшілік қауым, бүкіл қазақ елі қолдап отыр. Күллі алаш жұртын алаңдатқан басты мәселе, жаңа әліпбидің біздің дыбыс­тық жүйемізге шақ болуы, төл дыбыс­тарымыздың дәл бедерленуі еді. Осы мақсат апострофтарда ла­йықты көрініс табуы үшін мамандар әлі де жан-жақты жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймын. Саяси шешім қабылданғанымен, латын әліпбиін жетілдіру мәселесі осымен тоқтатылды деп арқаны кеңге салып, жайлануға әлі ерте. Өйткені «көш жүре түзеледі» дегендей, бізден бұрын латынға көшіп алған көршілес елдердің тәжірибесінде бұл үдеріс ұзақ уақытқа созылғанын қаперге алғанымыз дұрыс. 

Түркі дүниесі елдерімен ара­мыздағы қарым-қатынасты ны­ғай­тамыз деген ниетімізге бұл ха­лықтық шешім оң серпін бермек. Шетелдіктерге қазақ тілін үйрену де оңайырақ болады. Әлем­дік қауымдастыққа ең көп тара­ған әліпбиді тұтыну арқылы дүние­жүзі­лік кеңістікке шығу мүм­кін­дігіміздің де кеңейетіні шындық. Бүгінгідей жаңашылдық, инновация, жаһандану кезеңінде қазақ тілін латын графикасына көшіру әлем­дік коммуникацияға кіруге кең мүм­кіндік тудырады. 

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор