Кеше Парламент Мәжілісінде палатаның жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады. Қазақстанның үшінші жаңғыруының міндеттерін іске асыруды жалғастыруға бағытталған бұл заң жобасы 2017-2021 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгеруі мен жыл басынан бергі салықтық түсімдердің динамикасын нақтылауға байланысты 2017 жылдың республикалық бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Ал заң жобасына қатысты негізгі үш баяндаманы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жасады. Үкімет мүшелерінің мәлімдеуінше, 2017 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерінсіз) 4 952,8 млрд теңге сомасында айқындалған немесе 60,8 млрд теңгеге ұлғайған. Оның ішінде салықтық түсімдер 23,2 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер 37,4 млрд теңгеге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 206,3 млн теңгеге артқан. Ал енді 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары нақтыланған бюджетпен салыстырғанда оны 15,1 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 11 191,5 млрд теңге сомасында қайта бөлу көзделіп отыр екен. Сөйтіп бюджет шығыстары үш негізгі бағыт бойынша, яғни Мемлекет басшысының тапсырмалары мен елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыруға; Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінен жүзеге асырылатын іс-шаралар шеңберінде шығыстарды қайта бағыттауға және басқа да жобалар мен бағдарламалар шеңберінде бағытталатын болды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстарын өзгертуді 31 бюджеттік бағдарламаның әкімшілері жүзеге асырған. Олардың ішінде 14 бюджеттік бағдарламаның әкімшілері шығыстарды ұлғайтпастан, 2017 жылдың бюджет қаражатын 65 млрд теңге сомасына қайта бөлген.
«Нәтижесінде, қосымша қаражат алатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мынадай негізде құрылды. Ішкі істер министрлігінің шығыстары жалпы 26,1 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бұл қаражат ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысын арттыруға, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін ақшалай өтемақы төлеуге, күрделі шығыстарға, қоғамдық тәртіпті қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ішкі істер органдарының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға, қылмыстық атқару жүйесінің қызметін ұйымдастыруға жұмсалатын болады деп жоспарланған», деді Т.Сүлейменов.
Министрдің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің шығыстары да жалпы алғанда, 18,5 млрд теңгеге ұлғайтылған. Мақсат – қаржыландыру тетігі арқылы мал шаруашылығын дамыту мен мал шаруашылығы өнімін өндіру, қайта өңдеу, өткізу үшін жағдайлар жасау. Сол сияқты Энергетика министрлігінің де шығыстары энергетика, атом энергиясы, мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге, облыстық бюджеттерге, Астана мен Алматы қалаларының бюджеттеріне газ-тасымалдау жүйесін дамыту үшін нысаналы даму трансферттеріне, қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру мен жақсарту мақсатында жұмсалатын қаржы көлемі 13,8 млрд теңгеге өскен. Ал Инвестициялар және даму министрлігінің де шығыстары 44,7 млрд теңге сомаға ұлғайған. Мамандардың түсіндіруінше, бұл қаражат су көлігі мен су инфрақұрылымын дамытуға, күтіп ұстауға, инвестициялар тарту үшін жағдай жасауға, Алматы облысы мен Қарағанды облысының бюджеттеріне Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-шараларды іске асыруға нысаналы даму трансферттеріне, өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылым жобаларын лизингтік қаржыландыруды іске асыру үшін «Қазақстан даму банкі» АҚ жарғылық капиталын арттыра отырып, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға бағытталған.
Заң жобасына енгізілетін толықтырулар мен түзетулерге байланысты баяндамасында Қаржы министрі Б.Сұлтанов аталған құжат осыжылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздің түзетілген Әлеуметтік экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін атап өтті. Әсіресе Техникалық көмек көрсету рәсімдерін тоқтата тұру туралы Қырғыз Республикасының бастамасын ескере отырып, жұмыс тобында және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында заң жобасына тиісті түзетулер енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты.
Сондай-ақ жалпы отырыс аясында аталған мәселеге қатысты сөз алған Ұлттық банк төрағасы жыл басынан бері банктер несиелерінің көлемі 13,2 трлн теңгеге дейін, яғни 4 пайызға ұлғайғанын атап өтті.
«Ұлттық валютадағы несиелердің деңгейі 11 пайызға немесе 9,5 трлн теңгеге дейін артты. Ал несиелер бойынша орташа алынған мөлшерлеме қыркүйекте 14 пайызға дейін төмендеді де, қазан айында теңге нығайды. Валюта нарығындағы бұл жағдай Ұлттық банк операцияларының арқасында тұрақтанды. 31 қазандағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 334,71 теңге болды. Сөйтіп, теңгенің бір айдағы нығаюы 1,9 пайызды құрады, жыл басынан бері әлсіреу 0,4 пайыз деңгейінде», деді Д.Ақышев.
Депутаттар осы күнгі отырыста «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс жобасы мен «Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар бірқатар түзетулер енгізді. Олардың негізгі бөлігі Салық кодексінің жобасына, сондай-ақ жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы кодекс жобасына қатысты болды. Сондай-ақ отырыста салық салу мәселелері бойынша да өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Осылайша, екі күнге созылған Мәжілістің жалпы отырысының алғашқы күнінде төрт мәселе талқыланып, шешім қабылданды. Ал бүгін жалғасын табатын жиында ЕАЭО аясындағы Кеден кодексі туралы заң жобасы мен кедендік кодекс туралы құжат жобасы және кедендік мәселелер бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралады деп жоспарланған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»