Шабар да, Шәмші де белгілі ауылдар. Шабар ауылында кезінде шешесі де, баласы да Социалистік Еңбек Ері атанған Шарбақбаевтар әулеті тұрады. Күләй апамыз 1958 жылы қой өсірушілер арасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған болатын.
Апаның ақ таяғы ұлы Ғабдынасырға мұра болды. Бұл ауылға сол жылы Дінмұхамед Қонаевтың өзі келіп, қойшы ананы құттықтағаны белгілі. Ал Шәмші ауылының аты айтып тұрғандай, ауылға кезінде ұлы композитордың өзі келген. Сондықтан ауыл тұрғындары ұлы тұлғалар аяқ басқан ауылдармыз деп мақтан етеді.
Қазір Шәмші мен Шабар ауылдары Қызыләскер ауылдық округіне қарайды. Тұрғындар саны аз, төрт ауылды қосқанда бар-жоғы 1423 адам тұрады. Шабарда 247, Шәмшіде 201 тұрғын бар. Ал мектебінде 7 оқушы ғана қалыпты. Бұл ауылдарда ешқайда көшпей, туған ауылым деп тұрақтап қалған байырғы халық тұрады. Мал шаруашылығымен айналысатын «Дәурен», «Мәди», «Мұрат», «Нұр», «Қоңырғақ», «Қанат» секілді шаруа қожалықтары, көкөніс өсірумен айналысатын «Радуга» және «Роса» шаруа қожалықтары бар.
Амангелді Жылқыбаев бастаған ауыл азаматтары Шәмші ауылын көгалдандыруға үлкен үлес қосуда. Нәссредин Жапабаев секілді ауылына қайта көшіп келгендер де кездеседі. Ауыл жастары ауыл сайтын да жасап алыпты. Шаруа қожалықтары басшылары бірлесіп, мектепке компьютер сыйлаған екен. Биыл Шәмші, Шабар ауылдарындағы ескі ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған облыстық бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп, мердігер құрылыс фирмалары жұмысты аяқтады. Қайтадан есік ашқан клуб үйлері ауыл тұрғындарының көңілін жадыратты.
Енді, міне, ауыл кеші көңілді. Шағын ғана қос ауыл үшін, әрине, клуб ғимараттарының жарқырап, жаңарып шыға келгені ерекше қуаныш. Ауыл тұрғындарын құттықтауға келген облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков өзімен бірге облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншілерін де ерте келіпті. Мәдениет үйіне арнайы құрал-жабдықтар, орындықтар, аспаптар, өнерпаздар киімдері де сатып алыныпты.
Бұл мәдениет ошағында Назым Уәлиева, Ботагөз Омарханова ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. Осы қуанышты күні ауыл ақсақалдары Төлеген, Тоқсанбай, Жұмабай аталар шағын ауылдарды назардан тыс қалдырмағандары үшін алғыс айтса, әжелер шашу шашты.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Лебяжі ауданы