Отандық агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) айтулы табысына қарамастан, біз бүгінгі таңда саланың алдында тұрған бірнеше проблемаларды бөліп көрсеткіміз келеді. Бұл тұрғыда бірінші кезекте фермерлер үшін қаржыға қолжетімділіктің төмендігін, білім мен ақпаратты таратудың тиімді құралдарының болмауы, сондай-ақ аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың дамыған институттарының жетіспеуін сөз еткеніміз жөн секілді.
Осы міндеттерді шешудің жауабы көбінесе АӨК-ті цифрландыруға, яғни мемлекеттік органдардың аграрлық сектор қатысушыларымен бірге заманауи ақпараттық технологияларды қолдануға және бірқатар процестерді автоматтандыруға байланысты. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, тек абсолютті артықшылыққа жету құралы ғана. Заманауи жаһандық даму өмірдегі барлық салаға ақпараттық технологияларды енгізумен сипатталады.
Канада, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, АҚШ сияқты әлемнің дамыған елдерінде жалпы тұтас қоғамды, сол сияқты жекелеген қызмет салаларын ақпараттық дамыту стратегиясы немесе кешенді бағдарламалары әзірленіп, іске асырылуда.Осы орайда Елбасы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елімізді цифрландыру мәселесіне айрықша тоқталғанын да айта кеткеніміз жөн.
Біз цифрландыруды еліміздің отандық агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша міндеттерді шешудің негізгі құралы ретінде қарауымыз керек. АӨК-ті басты заманауи проблемалары қаржыландырудың төмен қолжетімділігі, білім мен ақпаратты тарату деңгейінің төмендігі, сондай-ақ мемлекеттік қолдау институттарының нашар дамуы болып табылады. Бұл ретте алғашқы проблеманы шартты түрде екі құрамдас бөлікке бөлуге болады. Оның біріншісі, аграрлық саланың кредит алуымен байланысты проблемасы. Екіншісі, өнімдерді әділ бағамен өткізу проблемасы.
Білім мен ақпараттың таралу деңгейінің төмендігі фермерлерді оқытудың тұрақты жүйесінің және фермерлерге ауыл шаруашылығында шешім қабылдау үшін қажетті қолданбалы ақпаратпен қамтамасыз ету жүйесінің болмауына байланысты. Бұл метеоақпарат, геоақпарат, нарықтық ақпарат сияқты ақпараттардың ашық түрдегі қолжетімсіздігі.
Мемлекеттік қолдау институттары деңгейінің нашарлығын біз мемлекеттік ветеринариялық және фитосанитариялық ұйымдардың әрқашан сапалы бола бермейтін қызметтерінен, сондай-ақ субсидиялар, әртүрлі рұқсаттар мен құжаттар беру туралы көрсетілетін қызмет сияқты мемлекеттік органдар көрсететін қызметтер сапасынан байқаймыз. Аталған проблемалар тұрғысынан цифрлы технологияларды қолдануды қарастыру қажет. Осы ретте бұл мемлекеттің ғана бастамашылығы болып қоймай, бизнес тарапынан да елеулі қимылдарды талап етеді. Яғни, АӨК-ті цифрландыру екі форматта G2B және B2B немесе «Бизнес үшін үкімет» және «Бизнес үшін бизнес» форматында шешілуі тиіс.
Қазақстанда 16 жыл бұрын құнды қағаздардың жаңа түрі – астық қолхаттары айналымға енгізілді. Бұл құжат, біріншіден, астыққа меншік құқығын растайды. Екіншіден, элеватордағы астықты оның иесінің бірінші талабы негізінде босату бойынша сөзсіз міндеттемесін айқындайды. Үшіншіден, астық кепілге қойылған жағдайда, кепіл ұстаушының тиісті құқығын тіркейді. Осы институтты енгізудің негізгі идеясы сауда, кепілмен қамтамасыз ету мәні ретінде қарастырылуы мүмкін астық қолхаттарын құнды қағаз ретінде немесе ауыл шаруашылығына инвестициялар тартудың қаржы құралы ретінде қарастырылуын қамтамасыз ету екенін еске саламыз.
Ең алдымен «қағаз» түріндегі астық қолхаттары жүйесін енгізу заманауи астық нарығын қалыптастыруға ықпал етті. Астықты өткізу тәртібін айтарлықтай өзгертті және Қазақстанның ауыл шаруашылығында инвестициялық климатты жақсартудың алғышарты болды. Мәселен, 2002 жылдан бастап 2015 жылдар аралығында отандық тауар өндірушілер астық қолхаттары бойынша астыққа кепілдік беру арқылы екінші деңгейлі банктен 1,5 трлн теңге немесе шамамен 10,5 млрд АҚШ доллары сомасына кредиттік ресурстар алды.
Аталған проблемаларды жою, сондай-ақ астық нарығындағы жағдайды қадағалау үшін 2016 жылғы сәуірде Мемлекет басшысы астық нарығын реттеу мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Оның ішінде құжатсыз, яғни астық қолхаттарының электронды формасына көшу және оларды ұстаушылардың мемлекеттік тізілімін жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл астық қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың іс жүзінде жоқ көлеміне астық қолхаттарын беруді доғаруға негіз болды. Қаржы құралы ретінде астық қолхатына сенімділікті арттырды.
Бүгінгі күні жүйе елімізде астықтың қозғалысын және бар-жоғын қадағалауға ғана емес, астықты электронды саудамен сатуға мүмкіндік беріп отыр. Нарық әркім үшін қолжетімді болды. Сонымен қатар, объективті өлшемшарттар негізінде элеваторларды рейтингтік бағалау жүйесі де енгізілді. Бұл қолхаттарды кепіл ретінде қолдану кезінде коммерциялық банктер тарапынан электронды астық қолхаттарына сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Тек бір жыл ішінде жүйеде шамамен 5 мың клиент тіркелді және оның саны өсіп келеді. Астық қолхаттарын шығаруға, өтеу, сатып алуға және сатуға, бөлуге және шоғырландыруға байланысты 150 мыңнан астам операция жүргізілді. Ал сату бойынша тіркелген мәмілелер көлемі 13 млн тонна астықты құрады. АӨК проблемаларын жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретін қажетті басты АТ-жобаларды (ақпараттық технологиялар) атап өткім келеді. Шартты түрде осы жобаларды екі кіші топқа бөлуге болады. Бірінші топ – G2B, яғни «Бизнес үшін үкімет».
Осы жобаларға субсидия беруді автоматтандыру, электронды аграрлық қолхаттарды енгізу, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру мен оны сатуды қадағалау жүйесін әзірлеу, ауылшаруашылық техникасын есепке алуды реанимациялау бойынша жобаларды жатқызуға болады. Бұдан басқа жердің агрохимиялық, гидромелиоративтік, экологиялық «карталарын» цифрлау және оған кез келген шаруа қожалығының қолжетімділігін қамтамасыз ету жобасын іске асыруды да қарауымыз керек. Енді осы аталған жобалардың әрбіріне қысқаша тоқталып өтейік.
Субсидиялауды автоматтандыру. Жоба ауыл шаруашылығы бөлімдері мен басқармалары мамандарының жұмысын жеңілдетеді, сыбайлас жемқорлықтың жойылуына ықпал етеді, сондай-ақ салаға сапалы талдау мен жағдайды жоспарлауға жол ашады.
Электронды астық қолхаттарын іске қосу бойынша жоба фермерлерге құжаттандырылмаған эмиссиясыз қарыздың құнды қағаздарын шығаруға, сол арқылы одан әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді немесе қарызын төлеуді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жоба фермерлерге өз егісін алдын ала сатуға және тек банктерден ғана емес, тікелей халықтан да аса «арзан» ақшаны тартуға мүмкіндік береді.
Азық-түлік өндіруші және оны экспорттаушы ретінде әлемде екінші орында тұрған Бразилияда 1994 жылы енгізілген аграрлық қолхат қазіргі таңда бразилия агробизнесінде қолданылатын айналым капиталының басым бөлігін қамтамасыз етуде, бұл шамамен жылына 20-30 млрд АҚШ доллары. Бразилия ауыл шаруашылығындағы барлық қаржылық құралдар құнының 40 пайызы дерлік осы аграрлық қолхаттарға тиесілі.
Мал және өсімдік тектес өнімдерді қадағалаудың ақпараттық жүйесі «фермерден үстелге дейінгі» процесті қадағалауға қолайлы. Ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу жүйесінің жұмысы бүгінгі күні қанағаттанғысыз болып отырғандықтан оны цифрландыру қазіргі таңда техниканың кепілдігі арқылы кредит алу мүмкіндігін кеңейтуге және техниканы лизингке алу жұмысын одан әрі жетілдіруге жағдай жасайды.
Жердің жай-күйі туралы мемлекеттік ақпаратты цифрлау және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасы елімізде «нақты егіншілік» сияқты жаңа сервистерді дамытуға мүмкіндік береді. Аталған сервистер B2B форматындағы жобаларға, «Бизнес үшін бизнеске» арналған міндет. Оларға «нақты егіншілік», онлайн-кредит беру мен онлайн-сақтандыру сияқты жоғарыда аталған сервистерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге арналған электронды сауда алаңдарын жатқызуға болады.
Барлық жоғарыда аталған жобалар АӨК-тің басты міндеттерін шешуге оң әсер етеді, сондықтан олар үшін негізгі кедергілерді жою бойынша қажетті заңнамалық қолдаумен қамтамасыз ету маңызды.
Сапархан ОМАРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы