• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2017

Қаланың ауылға шефтік көмегі қажет

2374 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Қазақстан қала­лары­ның үлкейіп бара жатқанды­ғын, ал ауылдарының кішірейіп келе жатқандығын байқауға болады. Егер әлемдік тәжірибеге назар аударсаңыз, мұны бір есептен дұрыс үдеріс деп бағалайсыз. Өйткені қала дегеніміз – адамзат өркениетінің жетістігі. Қала адамды ширатады, дамуға қарай бас­тайды. 

Қала сауда мен өнеркәсіптің тұтқасы болғандықтан мұндағы өмір қызу қайнап жатады. Сондықтан әлемнің көптеген мемлекеттері урба­ни­зациялық үдерістерге дем беріп келеді. Әлемнің дамыған елдерінің барлығы неғұрлым урбандалған және осы үдеріс өз шегіне дейін жеткен елдер болып табылады.

Мемлекеттер неліктен урбандалу, яғни қалалану үдерісіне мән береді. Өйткені жері шағын мемлекеттер үшін бұл саясат – жерді үнемдеудің үлкен жолы. Қала деп аталатын шағын ғана әкімшілік-тұрмыстық аумақта ондаған, жүздеген мың, тіпті миллиондаған адам өмір сүре алады. Мемлекет үшін олардың өмірі мен тұрмысын, жұмысын ұйымдастыру жеңілдейді. Қалаланған елдерде ауыл шаруашылығын ұйымдастыру үшін жердің тарылуы тежеледі. Бұл – экономикалық саясат жүргізу үшін өте тиімді жағдай.

Бірақ әлемнің барлық елдерінде жағдай бірдей емес қой. Мәселен, біз Қазақстан – жерге бай елміз. Жеріміз өте мол болғандықтан оны ауыл шаруашылығы мақсатында толық игере де алмай жатырмыз. Қазір қалалардан алыс қашықтықта орналасқан көптеген жерлердің бос қалып жатқандығын байқауға болады. Бірақ сөйте тұра адамдар ауылды тастап қалаға көшіп жатыр. Неге? Мұның себептері көп және көпшілікке түсінікті. Сондықтан қайта-қайта қайталап жатудың да қажеті жоқ. Біздің негізгі айтпағымыз – ауылдарды сақтап қалу үшін және олардың даму мүмкіндіктерін нығайту үшін қала­лардың ауылдарға көмегі қажет.

Кеңес Одағы кезінде қаланың ауылға шефтік көмегі деген жақсы бір тәжірибе болды. Қаланың белгілі бір кәсіпорны белгілі бір кеңшарды немесе ферманы өзінің шефтік көмегіне алатын. Өнім жинау кезінде өз жұмысшыларын ұйымдасқан түрде жіберіп, сол жұмыс­тарға көмектестіретін. Есесіне, қала жұмысшысы өз отбасына қажетті азық-түлік, ауылшаруашылық өнімдерін алып қайтатын. Қала кәсіпорны ауылға басқа да көмектерін тигізетін. Бір есеп­тен бұл саясат ауыл мен қаланы жақын­дастырудың өзіндік бір тәсілі де еді.

Елімізде осы бір жақсы тәжірибені жаңа қырынан түлетудің кезегі енді келген секілді. Өйткені қазіргі күні ауылдарда ауылшаруашылық кооперативтері құрылу үстінде. Осыған орай ауыл хал­қы­ның өндірген өнімін жинау, уақыт­ша сақтау және тасымалдау ісімен шұғыл­данатын және техникалық тұрғыдан жарақтандырылған қабылдау пункттері жасақталуда. Бұл дегеніңіз ауылдарда қала кәсіпорындарымен байланысқа түсе алатын жаңа субъектілер пайда болды деген сөз.

Негізінен алғанда, ауыл шаруа­шы­лығын кооперативтендіру дегені­міз – аса ауқымды жұмыс. Бұл мәселе­нің Қазақстан халқы үшін өмірлік маңызы да бар. Сондықтан істі тек Ауыл ­шаруа­шылығы министрлігі мен жер­гілікті әкімдіктердің мойнына ғана артып қоюға болмайды. Бұл іске Инвес­тициялар және даму, Энергетика министрліктері, «Самұрық-Қазына» қоры секілді әлеуетті құрылымдарды да жегу керек. Олар өз мүмкіндіктеріне сәйкес ауылдарда енді құрылып жатқан кооперативтерге көмек көрсетсе жөн болар еді. Мәселен қала кәсіпорындарын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өндірген өнімдерін өз жұмыскерлерінің арасында таратуға жұмылдыру ісі бұл құрылымдардың жұмысына қаржылай қиындық келтірмейтіні анық. Екінші жақтан алғанда, шарықтай бастаған азық-түлік бағаларына да тұсау салуға ықпал етеді.

Негізінен алғанда, егер жан-жақты қолдау болмаса, ауыл шаруашылығын кооперативтендіру дегеніміз ұзаққа кететін үдеріс. Өйткені бұл үдеріс адамның сана-сезіміне де қатысты. Ал адамдардың сана-сезімі болса, көп жағдайда «ортақ өгізден оңаша бұзауды» жақсы көретіндігі таби­ғи нәрсе. Кооперативті құрған кезде, оның басты шарты бойынша еріктілік қағидаты сақталуы керек. Онсыз күштеп құрылған кооператив­тен көп ештеме шықпайды. Бұл жерде бөліну оңай болғанымен, бірігудің қиынға түсетіндігін байқауға болады. Сондықтан жалғыз Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі ғана емес, ауылға бүкіл қала болып көмектесетін жағдай енді келді деп есептейміз.

Біз бұл мәселені ойтамызық ретінде ғана көтердік. Негізінде ауылға қаланың көмектесуінің сан түрлі жолдарын қарастыруға болар еді. Тек шынайы ниет болсын деңіз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»