• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қараша, 2017

Тұщымды ұсыныстар айтылды

422 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бә­секеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен Назарбаев Университетте мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері мен оларды шешу жолдарын қарастыруға арналған семинар өтті.

Мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ә.Мұқашев Елбасының мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді түрде көрсетуге көшуге қатысты қойған міндеттерді жүзеге асыруға назар аударды. Спикер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру қажет екенін, бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға ықпал ететінін сөз етті.

Назарбаев Университеттің профессоры Колин Нокс өз сөзінде азаматтар мен бизнеске мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын қамтамасыз ету бойынша елімізде жүргізіліп жатқан саясатты оң бағалады. Іс-шара барысында қатысушылар цифр­ландыру, ақпараттық жүйе­лерді ықпалдастыру, халықтың компьютерлік сауатын жоға­ры­лату мәселелерін белсенді тал­қылады.

Жиында айтылғандай, тізі­лімдегі 746 қызметтің 90-ы ғана толық автоматтандырылған және «Электронды үкімет» арқылы көрсетіледі, ал жекелеген қызметтер техникалық себептерге байланысты порталда қолжетімді емес. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдер «Электронды үкімет» порталымен 12 пайызға ғана ықпалдастырылған, бұл қызметтерді электрондық нысанда көрсетуге мүмкіндік бермейді және азаматтарды әртүрлі анық­та­маларды алу үшін басқа орган­дарға жүгінуге мәжбүр етеді.

Ақпараттық жүйелердің ық­пал­дастырылуымен және қызмет­терді электронды форматқа көшірумен 90 пайыз қызмет «Электронды үкімет» порталы, ал қалғандары Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін болады. Көзделген мақсатқа жету үшін халықтың компьютерлік сауатын жоғарылату, оның ішінде «Электронды үкімет» порталымен жұмыс істеу дағдысын оқыту керек.

Осыған байланысты жас­тар мен аға буын өкілдері, ауыл тұрғындары арасында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ фронт-офистер, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік кірістер органдары, мектептер, колледждер, ЖОО, кітапханалар базаларында оқытуды жүргізу қажет.

Семинарда азаматтарға қол­жетімділігі қиын жекелеген қызметтер туралы да айтылды. Мұндай қызмет түрлерін тек орталық мемлекеттік органдар ғана көрсетеді. Осыған байланысты олар қызмет алу үшін Астанаға келуі қажет. Сондықтан орталық мемлекеттік органдарға мұндай қызметтерді аумақтық бөлімшелеріне беру ұсынылды.

Азаматтар үшін маңызды мә­се­лелердің бірі – стандарттар мен регламенттер көлемінің үлкен және түсіну үшін аса қиын болуы. Соған байланысты қолжетімді және қажетті мәліметтерді ғана  қамтитын check-парақтарын әзірлеу мәселесі айтылды.

Семинар соңында қаты­су­шылар әр облыстық әкімдікте мемлекеттік қызметтер бойын­ша дербес басқарма құруды ұсын­ды. Бұл басқарма ведомс­тво­лық бағыныстылығына қара­мастан, өңірдегі барлық қызмет берушілердің жұмысын үйлес­тіретін және туындаған проблемаларды жедел шешетін болады.

 

 

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»