• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Ақпан, 2026

Жүйелі де сапалы шаралар керек

50 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ішкі жалпы өнімнің өсуі азаматтардың нақты табысына тікелей әсер етуі керектігін айтты. Бұл ұстаным алдағы кезеңде эко­­но­­микалық саясаттың бағы­тын айтарлықтай өзгертуі ықтимал.

Ішкі жалпы өнімнің өсуі әр­да­йым халық табысының артуына әсер ете бермейтіні белгілі. Сол себеп­ті алдағы уақытта экономикалық сая­саттың басымдығы жай ғана пайыздық өсімге емес, нақ­ты табыс деңгейіне, жұмыс­пен қамтудың сапасына, сатып алу қабілетіне ойысуы мүмкін. Мұндай көзқарас азамат­тардың әл-ауқатын мем­ле­кет­тік басқару жүйесінің негізгі өлшеміне айналдырады.

Іс жүзінде бұл қадам инф­ля­цияға қарсы шараларды күшейтуге итермелейді. Себебі бағаның өсуі номиналды табыстың ұлғаюын тез арада жоққа шығарады. Осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық банктің бағаны тұрақтандыру жолындағы іс-қимылдарын үйлестіруі, нақты тетіктерді іске қосуы ықтимал. Әсіресе күнделікті тұтыну нарығындағы баға қысымы жоғары сегменттерге назар аударта түседі.

Экономикалық саясаттың тағы бір маңызды бағыты – мемлекет тарапынан көр­сеті­летін қолдау­дың әлеу­мет­тік-экономикалық қай­тары­мына қойылатын талаптар­ды күшейту. Салықтық жеңіл­дік пен субсидия алған кәсіп­орындар жалақыны өсіру, жұмыс орын­дарын ашу мен сақтау, қызметкерлерді оқыту­ға инвестиция салу тәрізді мін­деттемелерді мойнына алуы мүмкін. Мұндай тәсіл бюд­жеттен берілетін ынталандыру тек табыс пен айналымды көбейтіп қоймай, еңбек жағдайын жақсартуға, қыз­меткерлер кірісін арттыруға қызмет етуін көздейді.

Нақты табысты өсіру мен жұмыспен қамтуды жақ­сартуға бағытталған шара­лар­­дың нәти­жесі бірден бай­қал­майды. Бұл – уақыт­ты талап ететін үдеріс. Мемлекет халық кірісін тікелей көбейте алмайтынын да ескерген жөн. Нарық дербес жұмыс істейді, ал билік құрылымдарының мін­деті – бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастырып, табыстың өсуіне жол ашатын ынталандыру тетіктерін ұсыну.

 

Рамазан ЕСЕНҒАЗИЕВ,

Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының жетекші сарапшысы

Соңғы жаңалықтар