Оңтүстікке Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған делегация жұмыс бабымен келді.
Оның құрамында Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарходжаев бар.
Сапар барысында А.Мамин Шымкенттегі халықаралық әуежайдың жұмысын көріп, онда «Шымкент әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәкен Мамырбековтің баяндамасын тыңдады. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен әуежайды қайта құру бойынша жиынға қатысты.
Бұдан соң делегация мүшелері «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығының жұмысымен танысты. Қазақстанның Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналуы бойынша мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылған «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталықтың аумағы 92 гектарды құрайды. Қазіргі таңда аталған аймақта жекеменшік 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Логистикалық орталықтан кейін А.Мамин Ордабасы ауданында орналасқан Индустрияландыру картасына енген «Агро V» кірпіш зауытын аралап көрді. Жоба құны 527 млн теңгені құрайтын зауыт жылына 25 миллион кірпіш шығарады.
Сапар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Шымкент қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты.
Тұрғын үйге мұқтаждық жағынан Оңтүстік жұрты Астанадан кейін екінші орында делінеді. Ресми мәліметке сүйенсек, Шымкенттегі баспана кезегінде тұрғандар саны 54 мыңнан асады. Сондықтан бұл мәселе күрмеулі күйінде тұр.
Осында өткен шағын жиында облыс әкімі Ж.Түймебаев биыл қаржыландырудың барлық көздері арқылы 279 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқанын, бүгінде 461,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты.
«Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысын баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды кредиттік тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ 35 мың отбасын арендалық баспанамен қамту үшін облыс көлемінде 1 миллион 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қорын құру қажеттігін айтты.
Бұдан соң А.Мамин бастаған делегация Шымкент – Ташкент бағытындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда 2017 жылы ұзындығы 99 шақырымды құрайтын жол пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Сапар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Оңтүстікте атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға беріп, Елбасы тапсырмаларының уақытында орындалуын облыс әкімдігіне міндеттеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы