• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қараша, 2017

Құландарды полигон аумағына жерсіндірсек

1562 рет
көрсетілді

Табиғатта жеті түрі кезде­сетін құландар табыны Үнді­станда, Иранда, Пәкістанда, Түрік­менстанда, Түркияда, Сирия­да, Моңғолияда, Қытайда және Қазақ елінде тіршілік етеді. Дүниежүзілік Қызыл кітапқа 1956 жылы енген құланның жойы­лып кету қаупі жоғары. 

Сон­дықтан сайын даланың желі­мен жарысқан жүйріктігі бол­­ғаны­мен, көзсіз аңшылық құ­мар­лығының құрбанына ай­­нал­ған құландарды сақтап қалу­ға арналған түрлі жобалар қол­ға алынды. XVIII ғасырда Ертіс, Есіл мен Тобыл, Орал өзен­дерінің жағалауларында және Үстірттің шөлейтті аймақ­тарында, ХХ ғасырдың басын­да Балқаштың солтүстік өңірін­де, Бетпақдала аумағында, Арал теңізі жағалауында, Зай­сан ой­паттарында мекендеген құландар құрып бітті.

Ал Балқаш көлінің оңтүстік аумағында 1930 жылға дейін құландардың соңғы табындары жосылып жүрді. Құланның құнды терісі мен емдік қасиеті бар еті өзінің ажалы болды. Соның салдарынан атам заманнан келе жатқан әуесқой аңшылық пен кейінгі рақымсыз браконьерліктің көзі толық жойылды. Сондай-ақ адам­дар­дың антропогендік қысымы сал­дарынан жан­уарлар жайылымы мен бастау бұлағынан ығыс­тырылды.

Осы­лайша, құлан тұқы­мы толы­ғымен жоғалып бара жатқанда, 1941 жылы Түрік­мен КСР-і «Бадхыз» атты арнайы құлан қорығын аш­ты. Осы қорықтан 1953 жылы Бар­са­келмес аралына 8 түркі­мен құланы жер­сіндірілді. 1980 жылы атал­ған аралда құланның саны 200 басқа дейін жетті. Ал 2016 жылы 513 бас­ты құрады. 1982-1984 жыл­дары Барсакелмес аралынан 32 құлан «Алтынемел» мемле­кет­тік ұлттық табиғи паркіне жерсіндірілген болатын.

Осы күнде құландардың саны 3254 басқа жетті. 1986-2007 жылдары 85 құлан Андысай (Жамбыл облысы) қорығына, ал 1991 жылы 35 құлан Ақтау – Бозашыға (Маңғыстау облысы) жеткізілді. Бірақ бұл аумақтарда құландар саны өспеді. Жалпы 2016 жыл­дың қорытындысы бойынша елімізде 3807 құлан бар. Осы орайда көкейде жүрген бір ой-пікірімізбен бөліссек деп едік.

Еліміз бен жерімізге талай жыл қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полиго­ны Елба­сымыздың батыл ше­­ші­мімен жабылды. Сы­нақ алаңы­ның аумағында Экологиялық қауіп­сіздік тұжырымдамасының келі­сімі бойынша 2004-2015 жыл­дар аралығында «шартты таза» аумақтарға кешенді зерттеу жұ­мыстары жүргізілді. Оның қоры­тындысы бойынша, бұрынғы полигон жерінің 80-95 пайызын шаруашылыққа пайдалану көзделіп отыр. Осы ретте Семей ядролық полигоны аумағындағы оңал­туға жатқызылған жерге 3 мың гектар көлемінде та­би­­ғи қорық ашып, оған құлан­дар­­ды әкеліп жерсіндіру жұмыс­тарын жүргізсе, еліміздің биоалуан­түр­лі­лік қорын одан әрі дамы­туға мүм­кіндік туар еді деп ойлай­мын.

Тағы бір маңызды мәселе, еліміздің биологиялық алуан­түр­лілігін одан әрі дамыту мақ­сатында құландарды жерсін­діру туралы ғылыми негіздеме түзу жұмыстары жүргізіліп, оған отандық ғалымдар мен Қазақ­­станның биоалуантүрлілік қауымдастығы, БҰҰ Даму бағ­дар­ламасы, ішкі және сыртқы демеушілік қорлар қолдау көр­сетсе, 40 жыл ядролық сынақ зар­да­бын көрген жердің геомор­фологиялық ерекшелігі мен ал­уан түрлі өсімдіктері һәм жан­уарлар дүниесінің байлығы қайта қалпына келер еді. Радиация­дан зардап шеккен жерлер бая­ғы замандағыдай қайтадан гүлденіп тұрған болар еді. Жалпы, Семей өңірінде құландарды жерсін­діру жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндік бар. Жеріміз­дің биоалуантүрлілігін одан әрі дамыту, табиғи және жануар­лар дүниесіндегі байлықтарын бү­кіл әлемге паш ету – бүкілхалық­тық іс.

 

Игілік ӘМІРҒАЛИН