Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы өкілі, БҰҰ Орталық Азияға арналған Привентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының (ОАПДАО) басшысы Наталья Германды қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Н.Германды осы жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтаған Сенат Төрағасы аталған Орталықтың Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылғанын, БҰҰ ОАПДАО штаб-пәтері бейтарап Түрікменстанның елордасында орналасқанын, ол осы халықаралық ұйымның нәтижелі қызметі үшін көптеген іс атқарғанын атап өтті.
Жүздесушілер көптеген адам құрбан болатын және материалдық шығын әкелетін қақтығыстар мен соғыстарды болдырмауда тиімді құрал ретінде привентивті дипломатияның маңызы арта түскені туралы ортақ пікір білдірді. Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының осы бағыттағы күш-жігерін Қазақстанның қолдайтынын айтты.
Тараптар Орталық Азиядағы барлық өзекті мәселелерді шешуде, атап айтқанда су төңірегіндегі және Ауғанстанға көмектесудегі бірлескен іс-қимылдың келешегін талқылады.
Қ.Тоқаев БҰҰ Аймақтық орталығының күн тәртібін және БҰҰ Орталық Азияға арналған Привентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының 2018-2020 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі күш-жігерді Қазақстанның қолдайтынын айтты. Сенат басшысы аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысындағы басым бағыттар екенін атап өтті.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның алдағы уақыттағы төрағалық етуі аясында 2018 жылы қаңтарда өткізу көзделіп отырған жоғары деңгейдегі пікірсайыс Ауғанстандағы ахуалды реттеу жолдарын іздестіруге арналады. Сенат Төрағасы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету салтанатын Мемлекет басшысы ашатынын хабарлады.
Қ.Тоқаев жаһандық қауіпсіздікке ықпал ететін кездесулер мен келіссөздер өтіп жүрген Астананың халықаралық беделді орталық ретіндегі маңызын да атап өтті. Сирияішілік келіссөздердің нәтижесі оған дәлел болып отыр.
Н.Герман БҰҰ Орталық Азияға арналған Привентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының өңірдегі қызметін қолдауға қосқан зор үлесіне орай Қазақстанға алғыс айтты, сонымен қатар аймақтық және жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Астананың халықаралық бастамаларына жоғары баға берді.