Солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясында 2018 жылдың 18 наурызына белгіленген президенттік сайлаудың көрігі қазірден-ақ қыза бастады. Оның қызуына дем берушілер саясатпен, билікпен араласып көрмесе де есімдері халыққа шоу-бағдарламалардан белгілі болып жүрген танымал жандар болып отыр.
«Ресей Федерациясының Президентін сайлау туралы» заңына сәйкес кандидатқа дауыс беру 2018 жылдың 11 наурызына тура келетін еді. Алайда, үстіміздегі жылдың 3 наурызында сенаторлар А.Клишас пен А.Широков және Мемлекеттік думаның депутаты М.Шеремет осы заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын ұсынып, онда президент сайлауы болатын аптада жұмыс күні болып есептелмейтін бір мерекелік күн болса, сайлау келесі жексенбіге ауыстырылады деген толықтыру болған. Нақты айтқанда, 11 наурыздың алдында, үш күн бұрын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні аталып өтетіндіктен президенттік сайлауды келесі жексенбіге (18 наурызға) ауыстыру туралы өзгеріс енгізу ұсынылған. Осы өзгерісті 24 мамырда Мемлекеттік дума, 31 мамырда Федерация кеңесі, 1 маусымда президент қолдап, сайлау 18 наурызға белгіленген. Бұл күннің ерекшелігі сол, ол – Ресей Федерациясының Қырым түбегін қосып алған күні. Сондықтан көптеген сарапшылар, саясаткерлер бұл – іс басындағы Президент В.Путинге электоратты тарту үшін жасалған арнайы қадам деп біршама шулаған. Бірақ бәрібір заңға аталған өзгеріс енгізілді.
Ресей Федерациясының президент сайлауы туралы заңы бойынша сайлаудың қай күні болатынын ресми түрде Федерация кеңесі 7-17 желтоқсан аралығында (сайлауға 90-100 күн қалғанда) жариялайды. Осыдан кейін 3 күннің ішінде президенттікке өздерінің кандидаттарын ұсынуға құқы бар саяси партиялардың тізімі жарияланады және 20 күн бойы өзін-өзі ұсынғандар тіркеледі. Соңғылар өздерін тіркету үшін саны 500-ден кем емес сайлаушының қолдау-хатын ұсынуы керек. Тіркелушіге қойылатын бір шарт – құжаттарын ұсынғанда шетелдегі есепшоттары мен салымдарын жабуы, ақшалары мен құнды заттарын шетелдік банктерге сақтамауы және шетелдік қаржылық құралдарды қолданбауы керек.
Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) саяси партиялардан ұсынылғандарды 100 мың сайлаушының, ал өзін-өзі ұсынғандарды 300 мың сайлаушының қолдаған қолы бар құжаттарын тапсырған соң 5 күннің ішінде тіркейді. Осыдан кейін ОСК-ге қолдаған қолдардың дұрыстығын тексеруге 10 күн беріледі. Тек содан кейін ғана тіркелушіге президенттікке кандидат деген куәлік тапсырылады.
19 ақпаннан 17 наурызға дейін сайлауалды үгіт-насихаттар жұмысы барлық БАҚ құралдарында жүргізіледі. Ал 17 наурызда «тыныштық күні» болып, барлық насихат тоқтатылады. 18 наурыз күні болған сайлаудың ақырғы қорытындысы 30 наурызға дейін жарияланады. Әрине, қазіргі технологияның жетілген заманында кімнің Ресей Федерациясының президенті екендігі 19 наурызда-ақ белгілі болары сөзсіз. Ал алда-жалда сайлау бір кандидаттың 50 пайыздан артық дауыс алмағанын көрсетсе – екінші тур 8 сәуірге белгіленген.
Сайлау туралы заңға сәйкес Ресей Федерациясының президенттігіне жасы 35-тен асқан, елде кем дегенде соңғы 10 жыл бойы тұрған кез келген азамат өз кандидатурасын ұсына алады. Алайда оның ауыр және аса ауыр қылмыспен сотталып, соттылығының жойылмағаны, әкімшілік баптармен берілген жазалардың толық өтелмегендігі және т.б. сияқты шектеулері бар. Осы соңғы шектеу бүгінгі күнгі нақты кандидаттардың бірі болып отырған Алексей Навальныйдың жолын кесуі мүмкін. Үстіміздегі жылдың маусым айында ОСК басшысы Элла Памфилова «Кировлес» мемлекеттік кәсіпорнындағы мүліктердің қолды болуына байланысты ол сотпен 5 жыл шартты жаза алғандықтан президенттікке кандидат ретінде тіркеле алмайтындығын айтқан. Алайда ол осы кәсіпорындағы ұрлыққа қатысты 2013 жылы да сотталып, Еуропаның адам құқы жөніндегі сотының (ЕАҚС) көмегімен ақталған еді. Бірақ іс қайта тексеруге жіберіліп, ақыры оған бес жыл шартты жаза берілген. Бұл мерзім 2018 жылдың тамыз айында ғана аяқталады. Дегенмен Э.Памфилова А.Навальныйдың кассациялық шағым беру құқы барын да айтқан.
Әзірге Ресей Федерациясының президенті лауазымына үміткер болуға А.Навальныйдан басқа «ЯБЛОКО» партиясының лидері Г.Явлинский, ақын, жазушы А.Витухновская, ЛДПР жетекшісі В.Жириновский, кәсіпкер С.Полонский, «Ресей коммунистері» партиясынан М.Сурайкин, «Артподготовка» қозғалысының басшысы В.Мальцев, саясаткер С.Сулакшин, тасымал қоғамының төрағасы А.Бажутин, өнертапқыш В.Михайлов, политтехнолог А.Баков, «Мортадель» агрокешенінің вице-президенті Э.Агурбаш, қоғам қайраткері Б.Якименко, политтехнолог А.Богданов мәлімдеме жасаған. Осынша көп адамның ниеті қызықтырды ма, әлде басқа ма, жуырда белгілі тележүргізуші, актриса Ксения Собчак та өзінің президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді.
Қазақ «жаман балаға жақсы әке 40 жыл азық» деп бекер айтпаған ғой, Ксения Собчактың халық арасына алғаш танымал болғандығы дарынды саясаткер, көрнекті заңгер, Санкт-Петербург қаласының жаңа замандағы алғашқы мэрі Анатолий Собчактың қызы болғандығы еді (Ксения 1981 жылы Ленинград қаласында өмірге келген). Бірақ аз уақыт өтпей К.Собчак өзінің де осал еместігін көрсете бастады. Оның теледидарға шыққан алғашқы реалити шоу-бағдарламалары саясатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жастар арасында бұзықтық сезімін оятатын дүниелер еді («Дом-2», «Девчата» т.б.). Кейін ақыл-ойы озық, қоғамдағы көшбасшы адамдардың өзі көңіл аудара бастаған хабарлар жасайтын болды. Оның «Дождь» телеарнасындағы «Собчак живьем» хабарына талай белгілі адамдар қатысып жүр. Ойы ұшқыр, көзқарасы кең, қандай сұраққа болса да тапқыр жауап таба алатын оның жақтастары да жыл санап көбейіп келеді.
2011 жылдан бастап К.Собчак парламент сайлауында орын алынды деп саналған бұрмалауларға қарсы акцияларына қатысып, оппозицияның жағында жүрді. 2012 жылғы президент сайлауындағы осындай келеңсіздіктерге қарсы және одан кейінгі акцияларда да ол А.Навальныйдың қатарында көрінді. Бірақ халық оның сөздері мен ұсыныстарын, жоғарыда аталған телехабарларының қисынсыздығынан болса керек, қолдап кете қойған жоқ, сондықтан саясаткер ретінде зор беделге ие бола алмады. 2012 жылы К.Собчактың үйіне тінту жүргізіліп, тергеу орындары үлкен көлемде ақша табылғанын жариялады. Осы кезден бастап К.Собчак оппозициялық қозғалыстан аяғын тартып, тек шығармашылыққа бұрыла бастады. Тергеу орындары оның 1 миллионнан артық еуросын, 500 мыңнан артық долларын қайтарған. «Форбс» журналының бағалауына қарағанда Ксения Анатолийқызының 2 млн доллардан артық дәулеті бар. Ол 2013 жылы белгілі актер М.Виторганға күйеуге шыққан, екеуінің 1 жастағы Платон деген ұлдары өсіп келеді. Оған дейін К.Собчак бірнеше еркекпен тұрғанын өзі жариялаған.
Биыл Ксения әкесі Анатолий Собчактың 80 жылдығына орай фильм түсіруді қолға алған. Сол фильмге сұхбат берушінің бірі ретінде әкесінің бұрынғы көмекшісі президент В.Путинге барған. Сол жолы өзінің президенттікке түспек ниеті барын оған айтып, келісімін алған сияқты. Бұл туралы барлық БАҚ жазды. Ал 18 қазанда К.Собчак өзінің Ресей Федерациясының президенттігіне үміткер болатынын ашық жариялады. Қазір Ресей БАҚ-тарында ең үлкен талқыға түсіп, жұрт назарын аударып жатқан осы ақпарат. Біреулер К.Собчакты қолдаса, халықтың басым көпшілігі оны президенттік сайлауды ойынға айналдырды деп айыптауда.
Міне, осындай үміткерлер Ресей Федерациясының президенттік сайлауына деген қызығушылықты аяқ астынан арттыра бастады. Әрине, өзінің көшбасшысы кім болмағын Ресей халқының өзі таңдайды, бірақ әйтеуір көршіміздің тағына көрнекті, білікті де білімді, орнықты адамның отырғанына не жетсін.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»