• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қараша, 2017

Зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер бар?

294 рет
көрсетілді

Зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасына сәйкес, жаңа жылдан бастап зейнет­ақы көлемінің мөлшері 2016 жыл­мен салыстырғанда 20 пайыз­ға көбейтіледі. Осылай­ша мемлекет әлеуметтік мін­дет­темелер бойынша тиісті шара­ларды жүзеге асыруда. 1 қаң­тардан бастап Қазақстанда ынты­мақты зейнетақы көлемі 8 пайызға, базалық зейнетақы және басқа да жәрдемақы түрлерінің көлемі 6 пайызға өседі. Сонымен бірге базалық зейнетақыны та­ғайындаудың әдіс-тәсілдері де өзгереді. Мәселен, бүгінде база­лық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына бір­келкі беріліп келсе, 2018 жыл­дың 1 шілдесінен бас­тап еңбек өтіліне қарай есептеліп бөлінетін болады», деді ол.

Светлана Жақыпованың айтуынша, жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, 1998 жылдың 1 қаңтарынан ке­йінгі де еңбек өтілі есепке алынады.

«Мысалы, егер азамат келер жылы зейнеткерлікке шығатын болса, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі бірлескен зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі 20 жыл және 15 жыл бойы зейнетақы жи­нақтау қорына үзіліссіз зей­нетақы жарнасын төледі деп есептелік. Осылайша, оның жиын­тық еңбек өтілі 35 жылға тең бо­лады. Жаңа жүйенің әдіс-тәсі­ліне сәйкес, егер еңбек өтілі 10 жыл­дан кем болған жағдайда, ең тө­менгі өмір сүру деңгейінен 54 пайызға тағайындалады.

Бұл сома келер жылы 15274 тең­гені құрайды. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер жоғарыдағы мысалда кел­ті­рілгендей, жалпы еңбек өтілі 35 жыл болатын болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100 пайызы көлемінде, егер еңбек өтілі 20 жыл болатын болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайызы көлемінде тағайындалады», деді вице-министр. 

Дәл қазір елімізде базалық зейнетақы алатын 2 млн 139 мың адам бар. Олардың 44,1 пайы­зының базалық зейнетақысы екі есеге көтерілетін болады. Яғни, бұл зейнеткерлер бүгінгі күні  14 466 мың теңге алатын болса, 1 шілдеден  28 274 теңге зейнетақы алады. 

«Бұл шара еңбек өтілі көп бола тұра аз зейнетақы алып келген зейнеткерлердің зейнетақысын айтарлықтай жоғарылатып, әлеуметтік әділеттілікті орната­ды. Сонымен қатар 1 қаңтар­дан бастап ең төменгі күнкөріс дең­гейінің құрылымы да өзгереді. Бүгінгі мөлшер – 24 459 теңге. Құрылымның өзгеруі төменгі өмір сүру деңгейінің мөлшерін 16 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Еске сала кетейік, қа­зір­гі таңда азық-түлік себеті азық-түлік және азық-түлікке жат­пайтын бөліктен тұрады, мұның қатынасы сәйкесінше 60 та 40 пайыз.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қаты­нас азық-түлікке жатпайтын бөлік­ті ұлғайтуға қарай өзгеріп, сәйке­сінше 55 және 45 пайыз бола­ды. Нәтижесінде, келер жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің мөл­шері 28 284 теңге болмақ. Бұл ша­мамен 3 миллионға жуық адам­ның әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға мүмкіндік береді», деді С.Жақыпова.

 Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»